Бұл қандай жанр?

Әуелі қазақ елінің театр сахнасында алғаш қойылған Дель Арте жанры туралы аз-кем ақпарат бере кетейік. Бұл - Италия комедиялық халық театрының бір түрі. XVI ғасырдың ортасында пайда болған. Дель Арте жанрындағы комедия елді күлкіге қарық қыла отырып, халық мүддесін көздеуімен ерекшеленеді. Өз заманында италиялықтар осы жанр арқылы демократиялық түрде көпшіліктің жарқын ойлары мен үстем тап өкілдеріне деген қарсылықтарын көрсете білген. Негізі Италия кәсіби театр өнерінің өркендеуінің алғашқы сатысы осы Дель Арте жанрынан бастау алады. Мұнда қойылымның сценарийге негізделген ойын-сауықтары көбіне импровизация арқылы беріледі. Қазіргі таңда аталмыш жанрдың халықтық реалистік дәстүрі Италияның диалектілі театрларында сақталған көрінеді.

«Жаныма Тонино жақын»

Танымал италиялық драматург Карло Гольдонидің қаламынан туындаған «Венециялық егіздер» қойылымының негізгі тақырыбы - жастайынан анасынан айырылып, тағдыр тәлкегіне түскен егіз жігіттің өмірі. Мұнда екі бөлек отбасында тәрбие алған, мінездері бір-біріне мүлдем ұқсамайтын егіздер - Дзанэтто мен Тониноның ержеткен шағы суреттеледі. Қойылым барысында Венецияға қалыңдық іздей келген екеуді үнемі шатастыратын айналасындағылардың іс-әрекеттері еріксіз езуіңе күлкі үйіреді.

Спектакль арқылы бүгінгі ортаны, сонымен бірге, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғам атмосферасын сезіне аламыз. Әрине, қоғамның негізі адам болғандықтан, адами құндылықтарды негізге ала отырып, режиссер комедия жанры арқылы шындықты жеткізуге күш салған. Мұнда адамзаттық мәселелермен бірге шиеленіскен тағдырлар суреттелді. Кемшіліктер мен ескі көзқарастар өткір сыналды. Жауапсыз махаббат, парақор билік, құлқыны үшін күн кешкен саудагер, дүмше дін қызметкері, т.с. құрдымға кеткен адами құндылықтар халық алдында көрініс тапты.

10-нан астам әртістің басын тоғыстырған жаңаша сипаттағы қойылымның басты кейіпкері Дзанэтто мен Тониноны сомдау театрдың жас әртісі Абзал Жақыпқа бұйырған.

- Бұл - менің театр сахнасында ойнаған үлкен рөлдерімнің ішіндегі шоқтығы биік образдарымның бірі. Себебі, бір уақытта екі адамның кейпіне ену, оны көрерменге режиссердің талабы бойынша жеткізу, бұқараны ойыныма сендіру үшін көп еңбектенуім керек болды. Негізі, менің табиғатыма Тонино жақын. Ал Дзанэттоның бойындағы мінез-құлықтың біреуі де менде жоқ. Актердің міндеті де осында ғой, туабітті табиғатыңда болмаса да, соны ойының арқылы көпшілікке жеткізу. Осы ретте маған сахнадағы әріптестерімнің де көмегі мол болды, - дейді Абзал Жақып.

Бір уақытта, бір сахнада тек түр- әлпеті ғана ұқсайтын екі түрлі адамның образын сомдау расымен де қиын. Абзал үшін Дзанэтто болып тұрып, сахнаның жарығы өшіп, қайта жанатын санаулы секунд ішінде Тониноға айналу үлкен қорқыныш болған.

- Дель Арте стиліндегі спектакльдер көбіне іс-қимылға, ән мен биге толы болады. Біз сахна шымылдығы түрілген сәттен бастап, аяқталғанға дейін көңіл-күйді, қуаныш-қайғыны, барлығын іс-қимылдар арқылы жеткіздік. Онымен қоса симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән айтып, билейтініміз тағы бар. Жасыратыны жоқ, режиссер алғаш осы рөлдерге мені бекіткенін естігенде қатты қуандым. Спектакльдің қоюшы режиссері Баатырбек Шамбетов мырза маған әрбір деталіне дейін түсіндіріп беруге тырысты, - дейді А.Жақып.

Абзалдың айтуынша, жанры бөлек жаңа қойылымның тарихы арыда жатыр. Карло Гольдони бұл пьесаны жазбас бұрын актерлердің іс-қимылын жіті бақылаған.

- Бұл қойылымның жанры көбіне импровизацияға құрылады. Негізі, Дель Арте жанрында бірінші пьеса жазылмайды. Әуелі әртістер алаңдарда, цирктерде белгілі бір тақырып аясында іс-әрекетпен ойнап шығатын болған. Осыдан кейін К.Гольдони әртістердің ойынына қарап, осы шығарманы жазған екен. «Венециялық егіздер» қойылымының тағы бір ерекшелігі - сахнаның ішінде сахна болуы. Мұнда әртістер ішкі сахнада сол заманды ойнап келіп, сыртқы сахнада еркіндікке жол беріледі, - дейді Абзал.

Сонымен қатар, режиссердің тағы бір ұтқырлығы - ол комедияға бүгінгі қоғамның қотырына айналған бірқатар мәселелерді де арқау ете білгені. Саясатқа бармай-ақ, сол кемшіліктерді бір-екі ауыз сөзбен, бірнеше іс-әрекетпен көрсете білуінің өзі - шеберлік.

Қойылым соңында екі егіздің тентегі Дзанэтто арман-мақсатына жете алмай, жанында жүрген достарының бірі оған әдейі у беріп, өліміне себепкер болады. Айта кетерлігі, бұлардың өзге отбасында өскен тағы бір қарындасы бар. Қойылым соңында Тонино мақсатына жете ме? Жалғыз қарындасын таба ала ма? Білгіңіз келсе, театрға келіңіз!

Құрметті жерлестер, «Венециялық егіздер» комедиясын бұған дейін тамашалауға мүмкіндігіңіз болмаса, 27 қараша күні сағат 18.30-да театрға келіңіз!

 

Қарлығаш ХАШЫМ

saryarka-samaly.kz