Қазақтың ұлы ғұламасы Абай Құнанбаев: «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деп жырлады. Араға ғасыр салып дарабоз, данышпан ақынның ұрпақтары интернаттан емес, интернеттен оқитын күйге жетті. Қолымызда - бір-бір смартфон, виртуалды әлемнің ішіне кіріп алып, өз-өзімізді көрінбес торға қамадық. Қазір алдыңғымызда «Айфон», соңғымызда - «Самсунг». Ағайын-туыстың бет-жүзін көруден қалдық. Сағынбаймыз, сарғаймаймыз, күтпейміз, бәрі телефонның ішінде.

Қалтамыздан Айфонымызды алып шығып, бет-аузын сипалап, аймалағанда Құдай біледі, Төлегеннің Қыз Жібекке ғашықтық сезімі жолда қалар...

Бұрынғы жеңгейлердің жүкті болудан қолы тимейтін. Бүгінгі жеңгейлердің қолы ғаламторға сурет жүктеуден тимейтін болды. Біреуді алдау, біреуді арбау, жалған пиар жасау, ішкеніңді, жегеніңді, құсқаныңды, айтқаныңды, жатқаныңды, тұрғаныңды - бәрін-бәрін суретке түсір де, әлеуметтік желіге сал. «Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ!» Өз еркің өзіңде.

Кешегі Ғұламалардың орнын «Гугл», Яссауилердің орнын «Яндекс» басты. Ғаламторсыз ойлана алмайтын, жүре алмайтын, күле алмайтын, қысқасы, өмір сүре алмайтын болдық. Иә, мойындауымыз керек, интернетте үйренетін нәрселер бар. Бірақ жиренетін жиіркенішті дүниелер одан да көп. «Заман азып барады, ақырзаманның аузында тұрмыз, бәрі парақор, бәрі жалақор, өмір сүру қиындап кетті, ананы бүйту керек еді, мынаны сүйту керек еді»! - дейтін білгішсымақтар менсіз де ғаламторда жетіп артылады. Ендеше, сіздерге бұдан артық ештеңе айтпай-ақ қояйын. Қалған ақыл өзіме де керек.

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz