Қызылтаң ауылы Павлодар қаласынан 70, аудан орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде 100-ге жуық шаңырақтың құтты мекеніне айналған өңірде 500-ге жуық адам өмір сүреді. Жыл сайын елді мекенге еңбек жолын бастауға ниетті жастар да көптеп келеді. Алайда ауылдағы «тыныштық» жастарды қойып, үлкендерді де мезі қылған.

Қызылтаң ауылдық орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Қуандық Кемиров 1979 жылдан бастап 1991 жылға дейін клуб меңгерушісі болып қызмет еткен. Дегенмен елдегі тоқырау жылдары жұмысын тоқтатқан клуб мәселесі кейіннен сағызша созылып кеткенін айтады.

- Тәуелсіздік алғанға дейін осы ауылды ән мен күйге бөлеп, жастардың бас қосатын ортасына айналған клубты 1958 жылы комсомол жастар бригадасында жиналған ауыл жастары салған болатын. Онда 1 кино залы мен шағын ғана сахна бар еді. Мен клуб меңгерушісі болып тұрған жылдары өңірімізге белгілі Ермұрат Тілегенов бастаған ауылдың өнерлі жастары клубта концерт қоятын едік. Тіпті, елімізде алғаш рет Наурыз мейрамы тойланған шақта да біздің клуб ерекше кеш өткізген болатын. Ол кезде мәдениет ошағында 14 ауылдың жастарынан құрылған «Үкілі домбыра» деген оркестріміз болды. Сол оркестрмен біз Ресейдің Новосібір өңіріне дейін барып, өнер көрсетіп жүрдік. Клубымыз кішкентай болғанымен, ауылдың өнерпаздары талантымен-ақ ерекшеленіп, топ жаратын. Өкінішке қарай, 1991 жылы елдегі тоқырау кезінде клуб жұмысын тоқтатты. Саманнан қабырғасы қаланған шағын мәдениет ошағы осы кезде құлады. Содан бері «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» күйін кешіп келеміз, - дейді Қуандық Сыздықұлы.

Ауыл тұрғындары дәл осы мәселені жыл сайын көтеріп келеді. Оған негіз де жоқ емес. Мәселен, Тереңкөл ауылына қарасты 10-ға жуық отбасы тұратын Қарасуық ауылы мен 20-дай ғана шаңырақ түтінін түтетіп отырған Тілеубай ауылында да клуб бар.

- Бізге клуб керек. Басшылықтың жыл сайын «ауылға клуб салынады» деген құрғақ уәдесінен жауыр болдық. Тіпті, осыдан 7-8 жыл бұрын бізге осы ауылда салынатын жаңа клубтың құрылыс схемасын, жұмыс жоспарын алып келіп таныстырған еді. Қуанышты хабарды естіген бойда клубтың іргетасы қаланатын жерге қазық қағып, жақсы бір ырым жасаған едік. Өкінішке қарай, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Қазіргі таңда ауылда музыкалық жоғары білімі бар шәкірттерім дипломдарын сандық түбіне сақтап қойып, үйде жұмыссыз отыр. Ауылда клуб болса, жастар да жұмысқа орналасып, еңбек етер еді, - дейді Қ.Кемиров.

Қ.Сыздықұлының Қызылтаң ауылындағы 11 жылдық орта мектепте музыкадан сабақ беріп жүргеніне 30 жылға жуықтаған. Содан бері ұстаздың алдын көрген талай өнерлі жас облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Аядай ғана бөлмеде қазіргі уақытта 14 оқушыға домбырадан сабақ береді. Айтуынша, клуб салынатын болса, ауылдан түрлі бағыттағы оркестрлер мен отбасылық ансамбльдерді де құруға болады екен. Тұрғындар сонау 1960-70-інші жылдары Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаевалар келіп, әндерін әуелеткен ауылдан мәдениеттің алыстап кеткеніне қынжылады.

Қызылтаңдықтардың шағымы мұнымен түгесілмек емес. Үлкен жолмен ауыл арасын жалғап тұрған 1,5 шақырым болатын грейдер жолды да жөнге келтіру туралы талай мәрте мінберден айтылған. Онда да «келесі жылы салынады» деген құрғақ уәдемен келе жатыр. Сонымен қатар, ауызсу мәселесі де - бұл ауылда күйіп тұрған тақырыптың бірі. Тұрғындар ит-құспен, төрт түлік малмен бірге артезианның суын ішіп, күнелтіп отыр.

Тереңкөл ауданының әкімі Ернұр Әйткеновке хабарласып, мән-жайды білген едік. Әкімнің айтуынша, Қызылтаң ауылындағы жол мен ауызсу мәселесі бақылауда.

- Қызылтаң ауылында орта білім беру мектебі, шағын орталық, медициналық пункт және 2 дүкен бар. Бұдан бөлек, 7 шаруа қожалығы мен 2 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Ауылдағы ауызсу мен жол мәселесі біздің жіті бақылауымызда. Ауылға кіретін жолға күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін 38 млн. теңге қажет. Оның сметасын толықтай жасап, облысқа қарауға жібердік. Ендігі шешім сол жақтан. Қызылтаңдықтар алдағы 1-2 жылда таза ауызсумен қамтылатын болады. 2020-2021 жылдары ауылда құны 435210 мың теңгені құрайтын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу жоспарлануда. Ал клуб тақырыбы - бізде әзірге ашық тұрған мәселе. Себебі ауылда бос тұрған ғимарат жоқ. Жаңадан клуб салу үшін қыруар қаражат керек. Онымен қоса, халық саны да аздау. Ал Қарасуық ауылы мен Тілеубай ауылындағы клубтарға келетін болсақ, ондағы мәселе басқаша. Қарасуық халқы ауылда бос тұрған дүкеннің ғимаратына жөндеу жүргізіп, мәдениет ошағын өздері ашып алды. Тілеубайлықтар да дәл солай, бос тұрған ескі үйді бұзбай, керісінше жаңартып, клубқа айналдырды. Негізі, Қызылтаңда да бұрынғы клубтың ескі ғимараты мен бос тұрған дүкен болған. Өкінішке қарай, 1998 жылдары талан-таражға түскен, - дейді Е.Әйткенов.

Қызылтаңдықтардың бар арманы - ауылдың күретамырына қан жүгіріп, жастардың осы өңірде тұрақтауы, мереке кездерінде мектептің шағын спорт залына тығылмай, арнайы клубта мерекелік кеш өткізу. Ал биліктегілердің сөзіне сүйенсек, ауылға клуб салу мәселесі әлі де талқылауды қажет етеді-мыс. Дегенмен қызылтаңдықтардың да таза ауызсу ішіп, асфальт жолмен жүретін күні алыс емес тәрізді.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz