- Динара Нұржанқызы өңірі- мізде қанша кәсіподақ ұйымы бар және оларға мүше ретінде қанша адам тіркелген?

- Қазіргі уақытта облыс халқының саны 853 мыңды құраса, оның 390 мыңы жұмыспен қамтылған. Ал кәсіподақтар құрамына кірген адамдар саны 136 мыңға жетті. Бұл дегеніміз - облысымызда жұмыс істейтін әрбір үшінші адам осы ұйымның құрамында деген сөз. Бұл - өте қуантарлық көрсеткіш. Жалпы, облыс бойынша 1300-ге жуық кәсіподақ ұйымы бар. Кәсіподақ құрамына енген кез келген адам өзінің қызметтік құқығын талап ете алады. Біздің ұйым оларға көмек көрсетуге әзір. Жалпы кәсіподақтар ұйымы әртүрлі бағытта жұмыс істейді. Мысал ретінде айтар болсақ, аумақтық кәсіподақтарды біріктіру, олардың еңбек қатынастарын реттеу, әлеуметтік серіктестікті дамыту, кәсіподақтар кадрларының жауапкершілігін арттыру және олардың резервтерін дайындау сынды жұмыстар. Сонымен қатар, жұмыс істейтін әйелдер мен жастарға да көп көңіл бөлінеді. Жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өзара мүдделерін үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар да бар. Бұл әлеуметтік еңбек қатынастарын реттейтін жергілікті жердегі ұжымдық келіссөздер арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта облысымызда жұмыс істеп тұрған 6352 кәсіпорынның 5653-де, яғни 89 пайызында ұжымдық шарт жасалған. Бұл дегеніміз - қарамағында жұмыс істейтін әрбір жұмыскердің әлеуметтік жағдайына баса назар аударады деген сөз.

- Кәсіподақтар ұйымының араласуымен еңбек заңының бұзылуына қатысты нақты қандай мәселелер өз шешімін тапты?

- Біздің араласуымызбен, атсалысуымызбен еңбек шартының бұзылуына байланысты орын алған бірқатар мәселенің түйіні шешілді. Мысал ретінде айталық. Ағымдағы жылдың тамызында кәсіподақтар ұйымының «Татуласу орталығынан» бір әйел көмек сұрап келді. Өзі баспанасыз әрі жалғызбасты ана екен. Айтуынша, бір ауданға барып құрылыста сылақшы болып жұмыс істеген. Бірақ еңбек шартының жасалмауына байланысты еңбекақысын уақытында ала алмаған. Мәселенің мән-жайын толық естігеннен кейін біздің мамандар әлгі құрылыс нысанының бригадирімен кездесу ұйымдастырды. Сол келіссөздің арқасында 15 тамызға дейін жалақы төлеуге кепілдік міндеттемесі берілді. Сонымен қатар, тұрғын үйге кезекке тұру, әлеуметтік атаулы көмек алу сынды бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешу үшін сотқа жүгінуге кеңес берілді. Содан кейін көп кешікпей өтініш берген азаматша өзінің еңбекақысын алып, «Татуласу орталығының» қызметкерлеріне алғысын білдірді. Осы қазан айында кір жуатын цехта жүк тиегіш болып жұмыс істеген бес азамат кәсіподақтың көмегіне жүгінді. Жұмысшылар наурыз айынан бері айлық төленбеген соң және зейнетақы жарналары жасал-маған соң жұмыстан шығуға мәжбүр болған. Бұл да - сол еңбек шартының жоқтығынан туындаған дау. Жұмыскерлердің қарызға қалған еңбекақысын өтеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы алу секілді мәселелер бойынша сотқа талап-арыз берілді. Еңбек дауына қатысы бар екі тарап «Татуласу орталығының» кәсіби медиаторымен кездесті. Нәтижесінде айыпталушы тарап жұмысшылар алдындағы барлық міндеттемені орындауға уәде берген еді. Қарашаның басында медиа- ция бойынша жасалған келісімнің барлық шарты орындалып, шығындар қайтарылды.

- Азаматтар «Татуласу орта-лығына» көбінде қандай мәселелер бойынша көмек сұрап келеді?

- 2018 жылы 29 наурызда Павлодар облыстық соты мен аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Міне, осы келісімшарт негізінде облыстық Кәсіподақтар Үйі ғимаратында «Татуласу орталығы» құрылды. Мұнда құқығы тапталған кез келген азамат құқықтық мәселелер бойынша кеңестер ала алады. Осы «Татуласу орталығына» жыл басынан бері 600-ге жуық азамат жүгінген екен. Олардың 90 пайызы еңбек саласындағы даулы мәселелер бойынша, 10 пайызы басқа құқықтық мәселелер бойынша арыз жазды. Біз үшін кәсіподақ мүшелерінің құқықтық білім деңгейі басты назарда. Яғни, жаңа технологияларды меңгере отырып, әртүрлі дауларды шешудің әдістерін және екінші тараппен келіссөздер жүргізудің процесін үйретеміз. 2018-2019 жылдары облыстың кәсіподақ орталығы 1000-нан астам кәсіподақ мүшелерін оқытты. Облыс жастары - кәсіподақтардың ерекше назарында, өйткені өңіріміздегі 136 мың кәсіподақ мүшесінің 38 пайызы - жастар. Жастарды қолдау бағытында жұмыстарды аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанынан құрылған «Келешек» жастар кеңесі жүзеге асырады. Мысалы, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттау, кәсіподақтарға жастарды тарту және кәсіподақ көшбасшыларының жаңа буынын қалыптастыру.

- Бір жылда қанша өндірістік жарақат орын алады?

- 2018 жылғы облыс кәсіпорын- дарында өндірістік жарақат бойынша статистикалық деректерді келтіруге болады. Қаңтар айынан бастап жылдың соңына дейін 118 оқиға орын алып, 8 адам көз жұмды. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 36 пайызға төмен. Алдыңғы жылы 182 оқиға тіркеліп, 8 адам қайтыс болған. Міне, осындай жазатайым оқиғаларды тергеу ісіне кәсіподақтар ұйымы да араласады. Егер мұндай өндірістік жарақаттар орын алған мекемелерде кәсіподақ ұйымы жоқ болса, оған аумақтық кәсіподақ бірлестіктігі өкілдерінің қатысуына құқығы бар. 2018 жылдың наурыз айында «Еңбек шартын жасаңыз» деп аталатын республикалық акция басталған. Акция 2019 жылдың желтоқсан айына дейін жалғасуда. Шара ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен және ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп ұйымдастырылды. Мақсаты – бейресми еңбек қатынастарын анықтау, үлкен кәсіпорындарға еңбек шартын жасамай жұмысқа қабылдаудың алдын алу.

- Әр жұмыскер өз құқығын қорғау үшін жұмыс беруші тараптан қандай құжаттар талап етуі керек?

- Жоғарыда облыстағы кәсіпорын-дарының 90 пайызға жуығында ұжымдық шарт жасалған дегенді айттым ғой. Жалпы, ұжымдық шарт дегеніміз - жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігін сақтайтын ең басты құжат. Қызметшілер осы шарттың қаншалықты толық орындалып жатқанын талап етіп отыруы керек. Сондай-ақ, осы туралы есептер тоқсанына бір рет тыңдалып тұруы қажет. Павлодар облысында 2018-2020 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл - облыс әкімдігі тарапынан қолдауға ие болған жоба. Былтыр оны облыс әкімінің орынбасары бекітіп, оған әлеуметтік әріптестер қол қойды. Осы бағдарлама арқылы кәсіпорындардың ұжымдық шартына «Салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын құру туралы бөлім» енгізу ұсынысы айтылуда. Сонымен қатар, «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес», «Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор» туралы ережелерін енгізуге тырысудамыз.

Қазір облысымызда жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен құқығына ерекше жауапкершілікпен қарайтын кәсіпорындар баршылық. Мысалы, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ жұмыс берушілері мен қызметкерлерінің арасындағы ұжымдық шартында «Еңбекті қорғау және денсаулық» бөлімі бар. Ақсу ферроқорытпа зауытында 2040 жылға дейін еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы ереже қабылданды. Бұл жұмыс барысында жарақаттарды болдырмауға және қауіпті өндірістік факторларды жоюға бағытталған.

 

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz