Жуырда облыстық көркемсурет музейі өздерінің атаулы даталарына орай «Таңдаулы» деген атаумен мерейтойлық көрменің тұсауын кесті. Көрмеге 100-ден астам кескіндеме және графикалық шығармаларымен қатар, мүсіндер және сәндік-қолданбалы өнер туындылары көрермен назарына ұсынылды.

Айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов, облыстық Суретшілер одағының мүшелері, жас суретшілер мен өңірдегі мәдени орталықтардың басшылары және жастар арнайы қатысты.

Мерейтой иелеріне Асхат Оралов 1 млн. теңгенің сертификатын табыс ете отырып, алдағы уақытта ұжымның алтын қорын құнды жәдігерлермен толықтыруға көмек қолын созатынын жеткізді.

- Бұл - шынымен де тарихи тұрғыдан маңызы зор, еліміздегі беделді музейлердің бірі. Музей қорындағы экспонаттар мен туындылардың маңыздылығы жағынан Алматы қаласындағы Ә.Қастеев галереясынан кейін елімізде екінші орын алады. 61 мың экспонаттың ішінде 41-і – Әбілхан Қастеевтің жұмыстары және олар біздің музейде түпнұсқа күйінде сақталған. Алдағы уақытта музей қорындағы әрбір туынды өз көрерменін табу үшін көшпелі көрмелер мен экспозициялар өткізуі керек. Ол үшін көмек беруге дайынбыз. Мұнда отыз жылдан астам еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер бар. Қорды көбейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Сондықтан белсенді жастарды, қала тұрғындары мен қонақтарын облыстық музейге келіп, жоғары деңгейдегі өнер туындыларымен танысуға шақырамын, - деді А.Оралов.

Музей директорының орынбасары Ольга Пашко бұл тарихи күнді атап өту үшін ұзақ дайындалғандарын айтады. Айтуынша, осыдан 55 жыл бұрын ҚазКСР министрлерінің Павлодар облыстық көркемсурет музейін құру туралы бұйрығы жарияланған.

- Бүгінгі таңда қорда кескіндеме, мүсін, декоративті-қолданбалы өнер, театралды декарациялық өнер және суреттерден құралған жәдігерлеріміздің қатары жыл санап артып келеді. Биылғы жылдан бастап қуыршақтар топтамасын жинауды қолға алдық. Мұндай ерекше өнер түрін таңдаған шеберлердің керемет көрмесі жуық арада Ертіс-Баян өңірінде де көрерменге жол тартады деген үмітіміз бар. Біз үшін қордағы құнды мұраларымызды келушілерге көрсету өте маңызды. Бүгінгі көрмеде ең үлкен және ең кіші, қараңғы және ашық картиналар бар. Осы көрмеге қойылған ерекше туындымыздың бірі әрі бірегейі ҚазКСР Қазақстан ғылым академиясының кеңейтілген отырысының 3х5 көлемдегі картинасын алғаш рет көрмеге шығарып отырмыз. Мұнда 27 адамның портреттері мен суретшінің автопортреті бейнеленген. Бұл - тарихи оқиға, - дейді директордың орынбасары.

Сондай-ақ, мерекелік көрменің ашылу салтанатында музейдің ардагер қызметкерлеріне сый-сыяпат көрсетілсе, облыстық Суретшілер одағының 10 суретшісі музей қорына өздерінің бір-бір картиналарын сыйға тартты. Көрмеге қойылған жәдігерлердің қатарында Әбілхан Қастеев, Айша Ғалымбаева және Гүлфайрус Исмайылованың жұмыстарын ерекше атап өтуге болады.

Айта кетелік, көрме қараша айының соңына дейін жұмыс істейді.


Өсербай ШОРАНОВ, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: - Павлодар облыстық көркемсурет музейі – еліміздің облыстары арасында ашылған алғашқы музей. Біздің суретшілер музеймен өте тығыз жұмыс істейді. Жуырда біздің қатарымызға төрт жас суретші қосылды. Биыл Ә.Қастеев музейіне павлодарлық суретшілердің көрмесінен өздері таңдап алған тоғыз автордың жұмысы сыйға тартылған болса, облыстық көркемсурет музейіне де өз туындыларымызды сыйлап отырмыз. Музейдің ұжымы жақсы жұмыс істеуде. Бұл музейдің қорында қызымның портреті, «Ыстық бауырсақ», «Көш» және Баянауылдың табиғатын суреттейтін бірнеше жұмыстарым бар.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz