Шара барысында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева көше атауларын өзгерту бойынша түскен ұсыныстарды атап өтті. Оның айтуынша, С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары мен профессорларынан Димитров көшесін – Жүсіпбек Аймауытов, 1 Май – Мәшһүр Жүсіп, Карл Маркс – Әлихан Бөкейхан, Киров – Ермахан Бекмаханов, Короленко – Бұқар жырау, Ж.Аймауытов – Ақжол, М.Ж.Көпеев – Ақбеттау, Бестужевті Шәкәрім Құдайбер-диев атауларына ауыстыру туралы ұсыныс түскен. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қанидан Володарский көшесін – Желтоқсан, Большая объезднаяны – Жібек жолы деп атау, қалалық зиялы қауым өкілдерінен, «Jebe» қоғамдық бірлестігінен және Павлодар қаласының Құрметті азаматы Шолпан Байғалыдан Крупская көшесін – Едіге би, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қордың директорынан Чкалов көшесін – Сағадат Нұрмағамбетов атына беру, облыстық ардагерлер кеңесінен Пахомов көшесін – Қабдеш Нұркин атымен атау туралы ұсыныс түскен.

- Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Павлодар қаласында ономастикалық жұмыстарды жалғастырудамыз. Биыл жеке және заңды тұлғалардан облыс әкімінің, Павлодар қаласы әкімінің атына түскен өтініштерді қарастыру үшін барлық құжаттар қалалық мәслихатқа жіберілді. Идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларын ауыстыру мемлекетіміздің қалыптасуына үлесін қосқан тарихи тұлғаларымыздың есімін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Оған қоса, өзге ұлт өкілдеріне мұндай тұлғалармен танысуға мүмкіндік беріліп, халық арасында жарасым табуға үлесін тигізеді. Сондықтан бұл шешімімізді қолдауды сұраймын, - деді Светлана Гладышева.

Тыңдау нәтижелерін ескере келе, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының 8 депутаты бірауыздан шешімді қолдап дауыс берді.


Айман ЗЕЙНУЛИНА, филология ғылымдарының кандидаты, профессор: - Бұл заман талабына сай жүзеге асып жатқан, әбден құптарлық бастама деп есептеймін. Әуел баста көшелерді қайта атау бойынша ғылыми сараптама жұмыстарына қатысып, қай көшеге қай тұлғаның есімін беру бойынша ұсыныстар әзірледік. Қазіргі уақыттың мүддесіне сай емес ескі атауларды өзгерту - қажетті құбылыс. Жаңа атауларды енгізгенде ең алдымен Ертіс-Баян өңірінен шыққан тұлғаларымыз тізімнің басында тұруы тиіс.


Қайрат БАТТАЛОВ, тарих ғылымдарының кандидаты: - Көше атауларына қатысты ұсынылып отырған тұлғалардың барлығы өңіріміздің тарихымен тығыз байланысты екен. Ұсыныстарды толық қолдаймын. Қазіргі қоғам алдында тұрған мәселенің бірі – санамызды кеңестік идеологиядан азат ету, ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту. Сондықтан ұлыларымыздың есімдері облыс орталығында жарқырап тұруы – заңдылық.

 

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz