Алғашқылардың асуы

Осы және өзге де мәселелер елімізге үлгілі ауыл ретінде танылған Успен ауданының Галицкое ауылында облыс әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен көшпелі жиында жан-жақты қаралды. Аймақтың түкпір-түкпірінен барлық ауылдық округ әкімдері жиналды.

- Галицкое ауылының таңдалуы тегін емес. Аталмыш ауылда инвес-тиция тарту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі қалыптасқан. Бизнестің арқасында орталықтандырылған жылу жүйесі сақталған жалғыз ауыл. Басқалар таңдана қарайтын талай тірлік атқарылған. Әрбір ауыл осылай көркейгенін қалаймын. Әкімдер бизнеспен барынша қоян-қолтық жұмыс істегені жөн, - деді Б.Бақауов.

Облыс әкімінің орынбасары Әлия Арынова алдымен былтыр дербес бюджетпен жұмыс істеген 32 ауылдық округтің оңы мен солын баяндады. Олар екінші жыл кірісі мен шығынын есептеуде. Жарты жыл бұрын Шарбақтының Орловка ауылында осы мәселеге байланысты жиында түйінді түйткілдер көп айтылса, кейінгі кезде олардың басым бөлігі сейілгенін атап өтті. Барлық ауылдардың үш жылдық кезеңге салықтық әлеуеті салмақталған. Облыс әкімі Б.Бақауов бұған дейін салық түсімдерін аудандық шоттарға аудару жағдайлары орын алғанын еске салып, қазіргі ахуалды сұрады. Орынбасары бірен-саран болғанымен, бұрынғыдай жүйелі түрде тіркелмегенін атап өтті.

Аймақ басшысы бұған дейін әр ауылдық округ әкіміне бюджетті қалыптастыру, кіріс пен шығынды есептеуде құзырлы басқармалардан жауапты мамандар бекітуді тапсырған болатын. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың мәлімдеуінше, қазынашылық, экономика және бюджетті жоспарлау, қаржы, мемлекеттік кіріс органдарына аудан-қалалар бекітіліп беріліпті. Мәселен, өзі басқарып отырған басқарма Май, Успен аудандары мен Екібастұздың ауылдарына жәрдемдеседі. Ә.Арынова ватсап желісінде арнайы чат құрылып, толғандырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік жасалғанын атап өтті. Ағымдық мәселелер сонда талқыланады. Әзірше, ауыл әкімдерінен бірде-бір сауал түспеген. Соған қарағанда алда аса қиындықтар туындамайды деген сенім білдірді.

Жалпы, қазіргі таңда ауылдардың бюджеті 5,1 млрд. теңгені құрады, оның 457 млн. теңгесі – өз кірістері. Он айда кіріс жеке табыс, көлік, жер салықтары мен мүлікті жалға беру есебінен 91,2 млн. теңгеге асыра орындалған. Былтыр дербес бюджеті болған 32 ауыл бойынша 5 округ айтарлықтай оң нәтиже көрсеткен. Олар әр ай сайын бөлінген қаржыны тиімді игеріп, бюджеттің кіріс бөлігін де орындап отырған. Төмен көрсеткіш Баянауыл және Көктөбе ауылдық округтерінде тіркеліпті.

Кіріс қайдан?

Дегенмен, бірқатар мәселелердің бары айтылды. Мәселен, ауыл кірістерін қамтамасыз ету жағы өте төмен. Былтыр 9,8 пайыз болса, биыл 8,6 пайызды құрайды. Келесі жылы тіпті 1 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Мұны салықтық заңнамадағы өзгерістермен байланыстырды. Себебі, кейбір салық түрлерінің төлеу мерзімі ауыстырылуда, шағын және орта бизнес субъектілері кіріске салынатын салықтан босатылып отыр. Соңғысы бойынша ауыл бюджеттері жалпы 400 млн. теңгеден қағылады. Б.Бақауов салық мерзімінің ауыстырылуы аса қауіпті мәселе еместігін тілге тиек етті. Яғни, биыл түспеген сома, келесі жылы бәрібір қазынаға құйылады.

- Аудан орталықтарында 2020 жылы жеке кіріс көлемі шамамен 11 млн. теңгені құрайды деп күтілуде. 61 ауылдық округтің кірісі 500 мың теңгеге де жетпейді. Ал үш округте 100 мың теңгеден төмен болады. Сондықтан әзірге қаржыландыру бұрынғыша жоғарыдағы бюджеттер субвенциялары мен трансферттер болып қалмақ. Құзырлы министр-лікке салық пен төлемнің тағы бірнеше түрін ауылдарға аудару жағын қарастыруды ұсынып отырмыз, - деді Ә.Арынова.

Аудан орталықтары арасында ең азы - Аққулы ауданында, шамамен 1,4 млн. теңге. Ең көбі Тереңкөл, Ертіс аудандарында байқалып отыр, 20 млн. теңгеден асады. Мәселен, Май ауданының Майтүбек ауылдық округінің кірісі 100 мың теңгеге де жетпейді деп болжануда. Осы ретте, облыс әкімі ықтимал кіріс көздерін қайтадан зерделеуді тапсырды. Сонымен қатар, ауылдарда айыппұлдан түскен кіріс облыс бойынша небары 149 мың теңгені құраған. Мұны мамандар ауылдықтар жеткілікті жұмыс жасамайды немесе ескертумен ғана шектеліп отыруы мүмкін деп топшылайды. Ауылдық елді мекендерде мүліктерді тіркеу жұмысы әлі толық аяқталмаған. Аймақ басшысы қаржы басқармасына бұл істі жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, ауыл әкімдеріне кірісті көбейту үшін қолда бар коммуналдық мүліктерді тиімді пайдалануға мән беру керек, деді. Бүгінде 6,8 млрд. теңгенің коммуналдық меншігі ауылдық әкімдіктерге өткізілген. Солардың ішінде 5 жылжымайтын мүлік және 3 көлік бәсекелестік ортаға беріліп, ауылдар қазынасына 16,7 млн. теңге түскен. Ауылдарда ірі ғимараттарды ұтымды пайдалану да әлі жолға қойылмағанын сынға алды. Нақтысы, үш қабатты мектептің бірінші қабатында ғана сабақ оқытылғанымен, бүкіл ғимарат жылытылуда. Облыста мұндай 200 шағын комплектілі мектеп бар. Солардың бос аумақтарын ауылдықтарға қажет өзге арнаға бұру бойынша бірде-бір ұсыныс түскен жоқ, деді аймақ басшысы. Мектептерді баламен толтыруды қалағандар, өзге өңірлерден отбасыларды көшіріп әкелуге күш салу қажеттігін атап өтті.

Жалпы, биыл ауылдарда мүлікті жалға беру бойынша 23 млн. теңге түскен. Өткен жылғыдан 2 есеге артық. Бірақ кейбір елді мекендерде мүлікті жалға беруден түсетін түсім жоспары мүлдем жоқ.

Өзгеріске бейімделу керек

Әлия Амангелдіқызы ауылдық әкімдіктердегі мамандар жетіс-пеушілігін қозғады. Айтуынша, дербес бюджетке көшкеннен кейін ауылдық әкімдіктер 100-ден аса функция атқарады. Жұмыстың көбеюіне байланысты әрбір ауылға штаттық лимитті 5-7 бірліктен 7-9 қызметкерге көтеруді ұсынып отыр. Бірақ, бұл оймен облыс әкімі келіспеді. Мәселені басқаша шешу жолдары барын атап өтті. Бірнеше күзетші ұстаудың ұтымдылығы әлдеқашан жойылғанын баса айтты. Оларды камерамен алмастырудың уақыты жетті, деді. Осы орайда, Болат Бақауов әр ауылдық округті жеке қарастыруды сөз етті. Яғни, 11 мың адамы бар Ленинск кентіне 9 маман ғана қызмет көрсетсе, жалпы халық саны 12 мың болатын Май ауданында қызметкерлер саны бірнеше есеге артық. Тіпті, аудан орталығында жеке әкімнің болуының өзі қаншалықты қисынды екенін алға тартты. Облыс әкімі Ақсу мен Екібастұз қалалары әкімдері шаһар мен ауылдық аймақты қатар басқарып отырғанын мысалға келтірді. Аймақ басшысы әр ауылдық округтегі халық санын есепке алып, қызметкерлер қатарын бекіткен жөн деген пікір білдірді. Есесіне үнемделген қаржыны өзгелерді ынталандыруға бағыттаған әлдеқайда тиімді екенін ескертті. Бұл ретте, келесі жылы мемлекеттік қызметте факторлық-балдық шкаламен бағалау жүйесі іске қосылатынын еске салды.

Дербес бюджетке көшуде ауыл-дықтар үшін жылдамдығы жоғары интернетпен қамту мәселесі де өзекті. Бүгінде 110 ауылдық округ қамтылған. Алайда, 16 округке өркениеттің бұл жемісі әлі жетпеген. Сондықтан, олар аудан орталығына келіп, базаны қарап, толтыруға мәжбүр болып отыр. Мәселен, Баянауылда мұндай 9 округ бар. Аудан басшысы аудан орталығында аталмыш округ мамандарына жеке кабинет жабдықталып қойғанын мәлімдеді. Облыс әкімі құзырлы органдарға жағдайды реттеуді тапсырды.

Соңғы жылдары ауылдарды оңтайландыру жүзеге асқаны белгілі. Нәтижесінде бір округке он шақты ауыл қарайды. Сондықтан, қызметтік көліктердің бір айға жүру лимитін айына 4 мың шақырымнан арттыру ұсынылды. Аймақ басшысы қосу қажет болса, қарастыруға болатынын айтты.

Бірақ ауылдық әкімдердің қызметтік көлігі екенін айырып тұратын белгі орнату керектігін атап өтті. Сондай-ақ, әр әкім өзі басқарып отырған елді мекенде міндетті түрде тұруы тиіс, деді.

Бүгінде ауылдық бюджет жобалары мәслихаттардың қарауына жіберілген. 2020 жылға болжанған көлем 7,6 млрд. теңге шамасында. Оның ішінде өз кірістері 229,5 млн. теңге болмақ. Оның елу пайызға жуығы әлеуметтік салаға бағытталады.

Дербес бюджетпен ауылдық округ әкімдеріне жергілікті басқару тетігі берілгендіктен, олар ауыл қауымдастығымен ақылдасып, елді мекенді көркейтудің ең басым бағыттарын анықтап отыруы тиіс.

- Әрбір әкім қазіргі өзгерістерге тереңінен үңілуі қажет. Сеніп тапсырылған аумақтың ахуалын жақсартуда аянбауы тиіс. 4-деңгейлі бюджет барынша халыққа жақын-датылған. Халықтың сенімін артты-рудың бір қадамы іспеттес. Ауыл қауымдастығымен ақылдасып, ең қажетті тұстарды анықтап, әрекет жасау қажет. Жастарды тартып, кәсіп ашуға көмек жасалуы тиіс. Бар жұмыс ауылдың ахуалын арттыруға бағыт-талуы керек, - деді облыс әкімі.

Жиында ауылдарда жиі жіберілетін қателіктер де айтылды. Бұл ретте, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Айнагүл Құрманова жиналған кіріс пен болжамның арасы айтарлықтай алшақ болуы жоспарлаудың шикілігінде жатқанын атап өтті. Резервтерін уақытылы анықтау да төмен көрінеді. Ақтоғай мен Аққулы аудандарына жүргізілген тексеріс нәтижелерін баяндады. Айтуынша, берілген ескертулер мен ұсынымдарды ескерсе, қателіктер жүйелі түрде қайталанбас еді. Шығындарды негіздеу ісі де жетілдіруді қажет етеді. Осы орайда, облыс әкімі ағымдық шығындарды 30 пайызға қысқарту, үнемделгенін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге бағыттау қажет, деді.

Ел бесігіне – ерекше көңіл!

Ауылдарды көркейтуде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ықпалы көп болмақ. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Батановтың айтуынша, биыл аймағымызға 1,4 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаражатқа Тереңкөл, Железин, Ертіс, Баянауыл аудандарының орталықтарында жол, әлеуметтік нысандар жөнделіп, жаңа кейіпке енген. Келесі жылы Шарбақты, Ақтоғай, Көктөбе, Аққулы аудандарында 34 жобаға 1,2 млрд. теңге қарастырылып отыр. Оның жетеуі көшелерді жарықтандыру жобасы болса, 16 жоба әлеуметтік нысандарды жөндеуді көздейді. 1 стадион салынады. 11 жоба көшелердің жолын жөндеуге бағытталмақ.

Облыс әкімі Болат Жұмабекұлы әрбір ауыл әкіміне еліміздегі мемле-кеттік бағдарламаларды жете түсініп, әр тетігін пайдаланып қалуға мән беруді тапсырды. Сонда ауылға ажар кіреді. Әрбір ауылды дамытудың алдағы үш жылға жоспары әзірленбек. Оның әрқайсысының негізгі проблемалары, оларды шешу жолдары көрсетіледі.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz