Ауқымды жиынға облыс әкімі Болат Бақауов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Тито Сыздықов және кеңес мүшелері мен басқарма басшылары қатысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Күзеков аймағымыздың медициналық ұйымдары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге 100 пайыз әзір екенін атап өтті. Оның сөзінше, емдеу мекемелерінің техникалық дайындығы жоғары деңгейде. Халық арасында ақпараттандыру жұмыстары күшейтілген.

- Жаңа жүйені енгізу барысында тұрғындардың емханаға тіркелу деңгейі өзекті мәселеге айналған болатын. Тұрғылықты мекенжайы бойынша аймағымыздың аумағында тіркеуде тұрғанымен, өзге өңірлерге қоныс аударғандар да бар. Ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша облыста 49 мыңнан астам адам емхана тіркеуіне алынбаған болатын. Осы бағытта жұмысты күшейттік. Нәтижесінде 38 мыңнан астам адамды анықтап, олар жергілікті емхананың тіркеуіне алынды. Бұл ретте республика деңгейінде 4-орынға ие болып отырмыз, - деді Ардақ Күзеков.

Ардақ Мүбәрәкұлының сөзінше, қазіргі уақытта қалған 10590 адамды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аймағымыздың барлық медициналық мекемесі интернет желісіне қосылған. 4312 жұмыс орны компьютер техникасымен жабдықталған. Барлық емхана ақпараттандыру жүйесімен қамтылған. Бұл ретте 9197 қызметкер арнайы оқудан өткенін атап өткен жөн. 789 мыңнан астам адамға электронды денсаулық төлқұжаты ашылған. Бұдан бөлек, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстары жүргізі-луде. Қазіргі уақытта сақтандыру жүйесі бойынша 10,8 млрд. теңге қаржы түскен. Сонымен қатар, бірыңғай жиынтық төлемнен 15,15 млн. теңге аударылған.

Тито Сыздықов халық арасында түсіндіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруды тапсырды. Әсіресе, шалғай ауылдардағы тұрғындар жаңашылдықтан қалыс қалмауы керек. Қатысушылар арасында магнитті-резонансты томография, компьютерлік томография сынды қымбат зерттеулер кімдерге көрсетілетіні жөнінде сұрақтар туындады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Ситқазинов мұндай тексеру шарасын сақтандырылған адам ғана тегін алатынын атап өтті. Ол үшін қолында тіркеуде тұрған емхананың жолдамасы болуы шарт. Қазіргі уақытта жергілікті медициналық ұйымдармен келісімшарт жасалуда. Облыстық «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виктор Деймунд бұған дейін Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандарға тегін медициналық көмек көрсетілгенін айтты. Өкінішке қарай, сақтандыру жүйесінде мұндай жеңілдік қарастырылмаған. Яғни, олар бекітілген 15 санатқа енбей қалған. Тито Сыздықов бұл мәселені шешу ісіне қоғамдық кеңес мүшелері араласатынын жеткізді.

Жиында қоғамдық кеңестің әлеуметтік-мәдени даму мәселесі жөніндегі комиссия төрайымы Гүлбарам Наурызбаева сақтандыру жүйесіне дайындық өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Дей тұрғанмен, аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы арқаны кеңге салуға болмайтынын атап өтті.

- Апта басында Үкімет отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мәселесі кеңінен талқыланған болатын. Аймағымыздағы ұйымдар дайын болғанымен, қол қусырып отыруға болмайды. 100 пайыз әзірміз деп айту қиын. Әлі де түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Өйткені жаңа жүйе енгізілген уақытта көптеген сұрақ туындайтыны анық. Бұл ретте орынбасарыма тапсырма бердім. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындар арасында туындайтын сұрақтарға жауап беру қажет. Жаңа жүйенің талаптарын ауыл халқының барлығы жетік меңгерген деп айта алмаймыз. Алдағы аптаның басында жұмыс тобымен Қарағанды облысына жол жүреміз. Аталмыш өңірде сақтандыру жүйесі пилоттық жоба негізінде жүзеге асырылуда. Жаңашылдық аясында туындап жатқан мәселелерді талқылап, қателікке жол бермеуге тырысамыз. Десе де, 1 қаңтарда қарбаласқа түсетініміз анық. Осы орайда, халық үшін шұғыл телефон жұмыс істемек. Бұл жағдай менің жеке бақылауымда болады, - деді Б.Бақауов.

Бұдан бөлек, қоғамдық кеңесте өңірдегі экологиялық ахуал мәселесі талқыланып, кеңес мүшелеріне аймақта көшет отырғызу бағытында атқарылған жұмыстар легі таныс-тырылды.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz