Айта кету керек, аталмыш елді мекен Новопокров ауылдық округіне қарайды. Ол округ құрамына Галицкое ауылы кіреді. Кәсіпкердің сыйға тартқан нысанына облыс әкім Болат Бақауов арнайы барды. Әкім бұған дейін шаруашылық басшысы ауылға су құбыры тартылса, жарықтандыру, өзге де қажеттіліктерге қолғабыс жасайтынын айтқанын атап өтті. Кәсіпкер уәдесінде тұрып, медициналық пункт және өз қызметкерлеріне арнап екі пәтерлі үй салып берді.

- Медициналық пунктте жұмыс істеп келе жатқаныма 23 жыл болды. Бұрын 66 шаршы метрлік ескі ғимаратты паналадық. Қазіргі пунктіміз 126 шаршы метр аумақты алып жатыр. Әрдайым демеушілік танытып жүретін жерлес кәсіпкерге мекемемізді жөндеп беруді сұраған едік. Ал ол ескіні жамағанша, жаңасын салғанды жөн көрді. Жаңа ғимаратта науқастарды қабылдау, екпе, ем-шара жасалатын кабинеттер қарастырылған. Жылуы орталықтандырылған. Су да ішінде. Ескі ғимаратта от жағатынбыз. Енді міне заманауи жағдай жасап берді. Ауылдастарым атынан алғыс айтамын, - дейді медбике Надежда Коненко.

Медициналық пункт құрылысына бизнесмен 9 млн. теңге шамасында қаржы жұмсапты. Новопокровка ауылында бүгінде 400-ге жуық тұрғын тұрады. Облыс әкімі Б.Бақауов ауылда соңғы 5 жылда онкологиялық аурулардың ахуалы қалай екенін сұрады. Медбикенің айтуынша, осы аралықта екі адам қатерлі ісікке шалдыққан.

Облыс әкімі Б.Бақауов кәсіпкер салған үйге жайғасатын жас отбасылармен де жүздесті. Олардың бірі – Стас Топтун мен Лида Кутургиннің шаңырағы. Отағасы «Галицкое» ЖШС-інде механизатор болып еңбек етеді. Ал жұбайы - әлеуметтік қызметкер. Жас отбасы жаңа үйде коммуналдық қызметтер құнын ғана төлеп тұрады. Жайлы баспанаға ие болған жас отбасының қуанышында шек жоқ. Осы ретте, А.Касицын пәтерлер қызметкерлеріне үш жолмен үлестіретінін атап өтті. Яғни, коммуналдық шығындарды төлеп, жалдамалы пәтер ретінде пайдаға жаратуға болады. Сонымен қатар, толық құнын төлеп, өз атына аударып алуға немесе қарызға рәсімдеуге болады. Дегенмен, кәсіпкер тұрғын үймен қамтуда басыбайлы сатып жіберуді аса құптамайтынын жасырмады. Шаруашылық басшысы келесі жылы да тұрғын үй құрылысын жалғастырмақ. Нақтысы, Новопокровкада екі пәтерлі екі үй, ал Галицкое ауылында төрт үй салмақ.

Облыс әкімі кәсіпкерге «Nurly Еrtis» бағдарламасына қатысуды ұсынды. Яғни, шаруашылық оңтүстік пен Нұр-Сұлтан қаласынан қажетті мамандарды тартуға ниет танытса, мемлекет оларды тұрғын үймен қамтуға қолғабыс жасайды.

Аймақ басшысы ауылына жанашырлық танытып, қолдау көрсетуден тартынбайтын іскер азаматтың еңбегін ерекше атап өтті.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz