Рыспек Стыбаевты көпшілік облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының бас суретшісі ретінде жақсы таниды. Өнер ордасында 50-ге жуық қойылымның суретін салған Рыспек өзінің жеке шығармашылығына 50-ден асқанда ғана ден қойған.

- Сурет салу қабілеті наға-шыларымнан дарыған. Ал менің сурет өнеріне бет бұруыма ауылдасым әрі өнердегі ағам Ғалым Қаржасовтың ықпалы зор болды. Мен 1975 жылы мектеп бітіргенімде Ғалым аға әскерден келді де, өзімен бірге Алматыдағы училищеге баруға кеңес берді. Дәл сол жылы оқуға түсе алмай қалғаныммен, келесі жылы жолым болды. Менің еңбек жолымдағы көп уақытым театрда өтетіндіктен, кескінде-меге көңіл бөлмедім. 2010 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен суретшілер жиынына қатыстым. Міне, менің сурет өнеріне қайта оралуыма осы басқосу себепкер болды. Негізі табиғат суретін салған сайын адамды тартады екен. Суретші болу үшін адам өте төзімді бола білуі қажет, - дейді мерейтой иесі.

Мерейтоға орай көрменің ашылуына жергілікті қылқалам иелері мен туыстары қатысты. Облыстық суретшілер одағының төрағасы Өсербай Шоранов құттықтау хаты мен Нұр-Сұлтан қаласы Суртешілер одағының құрмет медалін табыстады.

- Рыспек – мәдениет сала- сында өңірімізге зор еңбегін сіңірген азамат. Біздің мақтанышымыз. Бір мақтанып айта кететінім, биыл республикамыздың Әбілхан Қастеев атындағы Орталық музейінде павлодарлық сурет шілердің көрмесін ашқан болатынбыз. Музей 9 суретшінің еңбегін өз қорларына қосты. Оған жай сурттерді ала бермейді. 9 адамның ішінде Рыспектің де туындылары бар, - деді Ө.Шоранов.

Суретшінің туындылары елі- міздегі музейлерден бөлек, Ресей, Біріккен Араб Әмірлік-теріндегі мәдени мекемелерде, ҚР мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы және өзге де музей-лердің қорында сақталған.

Айта кетелік, Рыспек Стыбаев 1959 жылы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, 1983 жылы бітірді. 1978-1980 жылдары әскер қатарында борышын атқарды. 1983-1986 жылдары Павлодар химиялық зауытында безендіруші-суретші қызметін атқарған. 1986 жылы Т.Жүргенов атындағы Алматы театр және кино институтына оқуға түсіп, оны 1991 жылы бітіріп, Павлодар суретшілер одағында дизайнер-суретшісі болып еңбек етті. 1993 жылдан бастап 2016 жылға дейін Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында бас суретші қызметін атқарған. Қазақстан Суретшілер одағының және Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі, республикалық, облыстық көрмелердің қатысушысы.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz