Рухани шараға мерейтой иесінің өнер жолындағы әріптестері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, профессор Алтынбек Нухұлы ақынның әдебиет саласына қосқан үлесі мол, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында атқарған еңбегі зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол қазақы дәстүр бойынша мерейтой иесінің иығына шапан жауып, сый-сыяпат көрсетті. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, белгілі ақын Арман Қани да әріптесіне ізгі тілегін айтты.

- «Ақын болу-болмау – өз еркің, азамат болу міндетің!» - деп орыс ақыны Некрасов айтқандай, арамызда ақындар көп. Жұмекеңнің ақындығы да, азаматтығы да құстың қос қанаты секілді бір-біріне лайық. Сондықтан да ол - ортасына сыйлы, отбасына үлгілі асыл азаматтардың бірі әрі нағыз патриот. Сонау 80-90-жылдары елімізде демократиялық қозғалыс басталған шақта ол қоғамдық істерге белсене араласып, басы-қасында жүрді. Бұл – нағыз азаматқа тән қасиет. Жалпы, «жігітке жеті өнер де аз» демекші, Жұмағали - ақын, жазушы ғана емес, спорт шебері. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы азаматымыздың мерейлі 70 жасы құтты болсын! - деді Арман Бақтанұлы.

Аталмыш кешке арнайы келген ақынның арқасүйер ағасы Жұмасейіт Бижан мерейтой иесінің балалық шағынан сыр шертті. Сонымен қатар, ол ақын інісінің бірнеше өлеңін оқып берді.

Шара барысында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері Амангелді Егінбай да ақын жырларын мәнерлеп оқыды, ал Сәуле Арынғазина мен Жанболат Байсолтан әннен шашу шашты. Сондай-ақ, кешке жиналғандар назарына Жұмағали Қоғабайдың өмірбаяны мен шығармашылығына арналған көрме ұсынылып, бейнежазба көрсетілді.

Айта кетерлігі, жетпістің жетегіне аяқ басқан ақын Жұмағали Қоғабай - Ақтоғай ауданына қарасты Шұға ауылының тумасы. Жастайынан әдебиетке жаны құмар қаламгердің «Екібастұздан ескен леп», «Дүмпуі көп дүние», «Жаңбырлы күн», «Дала қыраны туралы хикая», «Алақаны аялы», «Оюында - ой-орман, өрнегінде - аққу-қаз», «Қырандарым, самғай бер» және басқа да кітаптары жарық көрген.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz