Төртінші орынға ие

Ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша Павлодар облысы адамдардың емханаға тіркелу деңгейі бойынша 15-ші орынды алған еді. Өйткені 49043 адам тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге тұрмаған екен. Аймағымыздың жауапты мамандары бұл бағытта жұмысты күшейтті. Нәтижесінде 38447 адамның мәртебесін анықталған. Оның ішінде 35928 адам мемлекетімізден қоныс аударған, 1579-ы қайтыс болған, 15-і із-түссіз жоғалған, 823-і тіркеуге алынған. Нәтижесінде облысымыз тұрғындардың емханаға тіркелу деңгейі бойынша 4-ші орынға ие болған. Қазіргі уақытта қалған 10590 адамды анықтау бағытында жұмыстар жалғасуда.

Кез келген адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жемісін көруі үшін жұмыс істеуімен қатар, емханаға тіркелуі шарт. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Күзеков аймағымыздағы жұмыс өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын айтады.

- Жергілікті медициналық ұйымдар жаңашылдықты қабылдауға әзір. Бұл ретте техникалық база нығайтылған. Барлық ұйым компьютермен жабдықталып, ғаламтормен қамтылған. Аймақ дәрігерлері электронды жүйеде еркін жұмыс істейді. Тұрғындардың 100 пайызында электронды төлқұжат бар. Бұл да жұмысты жеңілдетеді, - дейді А.Күзеков.

10,2 млрд. теңге аударды

Павлодар облысының жұмыс берушілері мен жеке кәсіпкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 10,2 млрд. теңге қаржы аударған. Бұл ретте аймағымызда Павлодар қаласы көш бастап тұр. Сонымен қатар, Баянауыл, Шарбақты және Павлодар аудандары үздіктер қатарында.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Сейіттқазиновтің айтуынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін қаражат аударып келеді. Жеке кәсіпкерлер де қарамағында жұмысшыларына төлем жасайды. Жинақталған қаржы Ұлттық Банкте сақталады. Барлық ақша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық қызметтер пакетін қаржыландыруға бағытталады.

- Бүгінде медициналық сақтандыру қорына 224 млрд. теңге жарна түсті. Оның 215 млрд. теңгесі жұмыс берушілердің аударымдары болса, 8,8 млрд теңге жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Сондай-ақ, 2019 жылдың қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар бірыңғай жиынтық төлемін төлей алады. Оған төрт салық түрі – жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік сақтандыру жарнасы және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарна кіреді. Бірыңғай жиынтық төлем жеке тұлғаларға қызмет көрсететін азаматтарға арналған, - дейді А.Сейітқазинов.

Бірыңғай жиынтық төлем ай сайын төленеді. Бұл ретте қала тұрғындары 1 АЕК (2525 теңге) аударса,аудан мен ауыл тұрғындары 0,5 АЕК (1263 теңге) көлеміндегі қаржыны төлеуі тиіс.

Жүйелі жұмыс жалғасады

Аймағымыздағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрақты бақылауына алынған. Аталмыш кеңестің әлеуметтік-мәдени даму мәселесі жөніндегі комиссия төрайымы Гүлбарам Науразбаеваның айтуынша, биыл көктем және күз айларында арнайы мониторинг тобы құрылып, өңірдегі қала-аудандардағы дайындық барысымен танысқан. Бұл ретте кеңес мүшелері аймақтағы ауруханалардың тыныс-тіршілігімен танысып, халықты ақпараттандыру бағытындағы жұмыстарға мән берген. Аудан тұрғындарымен кездесу өткізілген.

- Қоғамдық кеңесте өңірде халық арасында түсіндіру жұмыстары аз жүргізіліп жатқаны туралы айтылған еді. Осы орайда, жергілікті қала-аудан әкімдері мен орынбасарлары, емхана басшылары бірлесіп, жүйелі іс атқарды. Халық арасында жаңа жүйені толық білмейтін адамдар бар. Сондықтан олармен жүздесіп, толғандырған сұрақтарына толымды жауап бердік. Мәселен, 462 семинар өткізілді. Оған өңірдегі мемлекеттік қызметшілер, жұмыс берушілер, студенттер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, зейнеткерлер, шаруа қожалығының басшыларынан құралған жалпы саны 15376 адам қатысты. Бұдан бөлек, қала-аудан әкімдіктерінің көмегімен 134 ауылды аралап, 4155 адаммен кездесу өткіздік. Бұқаралық ақпарат құралдарында 653 мақала жарияланды. Ағымдағы жылы өңір тұрғындары үшін 4 брифинг, 25 тікелей эфир, 45 телевизиялық бағдарлама, 65 радио бағдарлама ұйымдастырылды. Әлеуметтік желіде 882 ақпарат орналастырылды. Бұдан бөлек, өңірдегі үш қаланың орталық көшелерінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша хабар тарататын 26 билборд, Павлодарда 5 LED-экран орнатылған. Сонымен қатар, қоғамдық көліктерде де видеороликтер көрсетілуде, - дейді Г.Науразбаева.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде аймақ тұрғындарының 92,9 пайызы құлақтандырылған. Жаңа жүйеге жергілікті халықтың 61,4 пайызы оң көзқарас танытқан. Бұл - жоғары нәтиже. Аталмыш жұмыстар әлі де жалғасуда.

Дерек мен дәйек

• Павлодар облысы республикада адамдарды емханаға тіркеу деңгейі бойынша 4-ші орынды алады.

• Тұрғындардың 100 пайызында электронды төлқұжат бар.

• Өңірдегі медициналық ұйымдардың техникалық базасы 100 пайыз дайын.

• Аймағымыздың жұмыс берушілері мен жеке кәсіпкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 10,2 млрд. теңге қаржы аударған.

• Облыс тұрғындарының 92,9 пайызы құлақтандырылған.

• Жергілікті халықтың 61,4 пайызы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне оң көзқарас танытқан.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz