Ақсу ферроқорытпа зауытының №6 балқыту цехының ең ірі балқыту бөлімшесін реновациялау – кәсіпорынның барлық негізгі өндірісін ауқымды жаңғыртудың бір бөлігі. Қайта құру жұмыстары №64 балқыту пешінен басталды. Ол толығымен бөлшектеліп, қайтадан тұрғызылды. Жабдықты әзірлеуші және негізгі жеткізуші оңтүстікафрикалық «Tenova Pyromet» компаниясы. Құрылыс алаңында қазақстандық мердігерлер де жұмыс істеді.

Посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ, қуаты 81 МВА заманауи агрегат әлемдік металлургия саласының бірқатар озық жетістіктерімен ерекшеленеді. Герметикалық құрылым электр энергиясы шығынын төмендетеді, сондай-ақ атмосфераға жағымсыз шығарындыларды толығымен жояды. Екі сатылы сүзу жүйесі бар пештің газ тазарту қондырғысы шикізат материалдарының шаңын ғана емес, технологиялық процесс барысында пайда болған жанатын ферроқорытпа газын да қармап қалады және өндіріске қайтарады. Соңғысы шикізатты алдын ала қыздыру және шөмішті қыздыру үшін қолданылады. Бұл технологиялар пештің өнімділігін орта есеппен 35% арттырып қана қоймай, электр энергиясын тұтынуды 20%-ға дейін төмендетеді.

- Пеш толығымен автоматтандырылған және барлық балқыту процесін электроника бақылайды – яғни шикізатты мөлшерлеуден бастап, металл шығаруға дейін. Бұл адам факторының араласуын болдырмай-ақ, әрбір өндірістік кезеңді бақылауға мүмкіндік береді. Балқытушы енді оператор болды, мониторлар арқылы пештің барлық көрсеткіштерін қадағалап отырады, – деп атап өтті «Еуразиялық Топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов.

Айта кету керек, кәсіпорын тарихында жаңа пешке алғаш рет металлургтер ат қойып отыр. Ауқымды байқаудан кейін бірауыздан «Қарлығаш-Ласточка» нұсқасы таңдалды. Өйткені пеш бірегей ауқымды жобаның алғашқы қарлығашына айналған.

№64 пешті іске қосу осы жылдың жазында өтті. Қазір қарқынды іске қосу кезеңі жалғасуда. Оны жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Қайта жаңғырту жобасы №6 цехтың тағы үш пешін қамтып, 2024 жылға қарай аяқталады.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz