Конференцияға облыс әкімі Болат Бақауов және «Қалмаққырған» шайқасын зерттеп-зерделеп жүрген ғалымдар мен жоғары оқу орын-дарының студенттері, тарих пәнінің мұғалімдері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы Болат Бақауов ғылыми іс-шаралардың маңызды-лығына тоқталып өтті.

- Қазақ даласы талай тарихи оқиғаларға куә болған киелі жерлерге бай. 18-ғасыр халқымыз бастан кешірген ауыр кезеңдердің бірі ретінде белгілі. Жоңғарларға қарсы Аңырақай, Бұланты шайқастарында ата-бабаларымыз ерлік танытты. Сондай ірі шайқастардың бірі болған Қалмаққырған Ертіс-Баян өңірінде өткені баршаға аян. Қалмаққырған шайқасы туралы мәлімет көптеген жылдар бойы сыры ашыла қоймаған тарихымыздағы ақтаңдақтардың бірі болып келді. Алдағы уақытта қазақ тарихы үшін маңызы жоғары осы тәрізді іс-шараларды жиі өткізіп, зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жасауымыз керек. Ол өскелең ұрпақтың тәрбиесінде маңызды орын алады, - деді Болат Жұмабекұлы.

Ауқымды шара барысында «Қалмақ-қырған» шайқасына қатысты тың деректер айтылды. Кешенді зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жау қолы ойсырай жеңілген соғыстың нақты датасы мен орны анықталды. Сонымен қатар, ғалымдар әскери әрекеттерді айна-қатесіз көрсететін картаны ел назарына ұсынды.

Toraighyrov University-нің Е.Бекмаханов атындағы тарих және этнография орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Амантай Құдабаев «Серектас шайқасы» кітабын таныс-тырып, қазақ-ойрат шайқасы өткен жерді «Қалмақ қырылған» емес, «Қалмаққырған» деп атаған дұрыс деді.

- Зерттеулердің арқасында шайқастың уақыты мен орнын дәл анықтауға мүмкіндік алдық. Шайқас Май ауданының Ақшиман ауылының маңында 1741 жылы наурыз-сәуір айларында орын алған. Ол жерді «Қалмаққырған» деп атаған дұрыс, яғни қазақтың қалмақты қырған жері. Бұл тарихи деректермен дәлелденген. «Қалмақ қырылған» десек, қалмақ өздігімен қырылып қалған сияқты болады. Осы шарада тұсауы кесіліп отырған «Серектас шайқасы» кітабына тарихшы, этнограф ғалымдардың «Қалмаққырған» тарихи шайқасы туралы мақалалары топтастырылды. Жиналған материалдың 30 пайызы ғана осы жинаққа енді. Кітап төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Қазыналы қазбалар» деп аталады. Мұнда археологиялық зерттеулер топтастырылған. Келесі «Тарихтан - тәбәрік», «Баһадүр бабалар», «Аңыз бен ақиқат» бөлімдерінде қазақ-қалмақ шайқастарына байланысты зерттеулер, көнекөз қариялардың естеліктері, өлкетанушылар мен журналист қауымның мақалалары келтірілген. Осы кітап арқылы біз «Қалмаққырған» тарихи оқиғасының қашан, қай жерде болғандығын дәлелдеп, оған қатысқан батырлардың есімдерін жаңғырттық. Алдағы уақытта кітаптың екінші томын жарыққа шығаруды көздеп отырмыз, - дейді А.Құдабаев.

Келелі жиында Toraighyrov University-нің археологиялық зерттеу- лер орталығының директоры Виктор Мерц те тың жаңалығымен бөлісті.

- «Қалмаққырған» тауының аума-ғындағы қалмақтардың тұрақтарын анықтадық. Бұл – таудың солтүстік, солтүстік-шығыс аймақтары. Осы жерлер көшіп-қонуға аса ыңғайлы болған. Сол себепті, жоңғарлар дәл осы жерлерге қызығып, жаулап алғысы келген. Біздің болжамымызша, жоңғар-қазақ шайқасы қазіргі Ақшиман ауылының аумағында болған, - деді ол.

Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дүниежүзі тарихы кафедрасының аға ғылыми қызметкері Ирина Ерофеева ХХ ғасырдың 80-жылдары ғана шығыстанушы Владимир Моисеевтің еңбегінің арқасында бұл тарихи оқиғаның алатын орнының ерекшелігін айтты.

Қазіргі таңда жергілікті ғалымдар аталмыш мекенді түбегейлі зерттеу үстінде. Ал бұл жәдігерлер археологиялық қазба жұмыстары кезінде дәл сол мекеннен табылған. Нақтырақ айтатын болсақ, кезіндегі нәубет жылдардың көрінісі, куәсі болған құнды бұйымдар. Қыш құмыралардың сынығы, ат әбзелдері, кезіндегі тиын-тебен дәл сол жерде қалмақтардың мекен еткендігін дәлелдейді.


Владимир ТЕПКЕЕВ, Ресей ғылым академиясы Қалмақ ғылыми орталығының қызметкері: - Алдағы уақытта Май ауданының Ақшиман жерін зерттеуді жоспарлап отырмын. 1771 жылы қалмақтардың бір бөлігі Қытай жеріне көшіп кеткені белгілі. Олар қазіргі Қазақстан аумағынан өткен. Бұл туралы материалдар орталық және аймақтық мұрағаттарда сақтаулы. Деректердің барлығы терең зерттеуді қажет етеді. Болашақта қазақстандық әріптестерімізбен бірлесіп, зерттейміз деген үміттеміз.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz