Ертіс ауданы Үлгілі ауылындағы Иса Байзақов атындағы мектепте 20-ғасырда естігенді еліктіріп, тыңдағанды тамсандырған, талайды таң қалдырған жерлесіміз Иса Байзақовтың «Әдебиеттану» бағытындағы мұражайының тұсаукесері болды. Бұл өнер майталманының келесі жылы атап өтілетін 120 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Мұражайдың ашылуына дейін ұйымдастырушылар И.Байзақовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.

- Мұражайға ақынның жеке заттары қойылды. Олардың қатарында Иса атамыздың домбырасы мен шапаны бар. Өнер иесінің естелік суреттері мен арнайы тақталар ілінді. Бұл біздің өскелең ұрпақты елінің мәдениеті мен өнерін сүюге, сондай-ақ өнерімен талайды тәнті еткен біртуар тұлғалар туралы кеңінен танып, білуіне жол ашады. Осы мақсатта біздің ауданда 2007 жылдан Ғаждембек Тұрсыновтың авторлық бағдарламасы бойынша 5-8-сынып оқушылары арасында «Исатану» курсы жүргізіле бастады. Курс аймақтық «Өмірі - өшпес өнеге» атты Иса оқуларының бастамасы болып, 2011 жылдан бастап ауданда Иса оқуларын өткізу дәстүрге айналды, - дейді Ертіс ауданы білім беру бөлімінің әдіскері Нұргүл Сұлтанова.

«Иса оқулары» төрт бағыт бойынша өтті. Мұндағы бірінші бағыт - «Еркін күшпен өрлеймін, Өмірім ұзақ - өлмеймін...». Иса Байзақовтың шығармаларын жатқа айту бойынша қатарластарынан дараланған Қарақұдық орта мектебінің оқушысы Ақбота Қанайбек 1-орынды еншіледі. Ал «Ән қанатында» бөлімінде жасөспірімдер Исаның әндері мен күйлерін орындаудан сынға түсті. Бұл бөлімде Қоскөл орта мектебінің оқушысы Ернұр Сейітхан топ жарды. «Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды?» атты жас дарындар шығармашылығы бағытында (өз шығармаларын орындау: өлең, ән және сахналық көріністер) өзінің ақынға арнап шығарған өлеңімен Ағашорын орта мектебінің оқушысы Нұрсұлтан Бағдат 1-орынды иеленді. Сондай-ақ осы номинация бойынша Иса Байзақов мектебінің бір топ оқушысы «Қырмызы Жанай» поэмасынан көрініс көрсетіп, үздік атанды. Төртінші бағыт «Жас исатанушылар» деп аталды. Ақынның өмірі мен шығармашылығына зерттеу жасап, ғылыми жұмыс ұсынған жастардың талабы бағаланды. Жұмысының ерекшелігімен дараланған Бірлік негізгі мектебінің оқушысы Гүлдира Серікбаева жеңімпаз атанды. Барлық жеңімпаздар білім бөлімінің мақтау қағаздарымен және сыйлықтарымен марапатталды.

Айта кетелік, Иса Байзақов 1900 жылы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында туған. Семейдегі жұмысшылар факультетін, Орынбордағы қазақ халық ағарту институтын, Қазақ педагогикалық институтын бітірген.

«Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі», «Алтай аясында», «Кавказ», «Қырмызы Жанай» (аяқталмаған), «Ақбөпе» поэмаларында Иса Байзақов адамгершілікті, адал махаббатты жыр етеді. Өткен өмірдің өкінішті, қайғылы кезеңдерін көз алдыңа елестетіп, қазақ пен қалмақтың ірі бай-феодалдарының зұлымдығын әшкерелейді, тап қайшылығын көрсетеді. Ақынның «Неге Алатау шаттанды?», «Ұлы құрылыс», «Он бір күн, он бір түн» поэмаларын өмір шындығына арнаған. Соңғы поэмасында ол Кеңес Одағының Батыры Марина Раскованың бейнесін сомдады.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz