Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры: - Егер Қазақстандағы қазіргі зейнетақы жүйесі өзгермесе, алдағы жылдары кедейлік шегіндегі отандастарымыздың саны бүгінгі 2 миллионнан асып кетуі бек мүмкін. Зейнетақы қорына түсетін жарна бізде қосымша салық түрінде қабылданады. Экономикалық тұрғыдан белсенді 9 миллион адамның 40 пайызы, яғни 3,6 миллионы жарнаны тұрақты төлейді. Ал тағы 30 пайызы тиісті жарналарын арагідік аударып отыр. Қалған бөлігі мүлде төлемейді десе де болады. Тұрғындар алаңсыз қарттық шағына қажет зейнетақы жарналарын бір ғана себеппен жинамай отыр. Ол – қазіргі жүйеге деген сенімсіздік. Ертең құрмет демалысына шыққанда қаншама жыл еңбектеніп жинаған қаражаты қолына тиетініне күмәнді. Қазір компаниялар өздерінің қызметкерлеріне 100 мың теңге жалақы төлеймін десе, оған қосымша алты салық түрін, яғни 37 мың теңгедей төлейді. Біз соны 32-33 мыңға дейін кеміту керек екенін айтып жатырмыз. 32 мыңның 2 мың теңгесі табыс салығы болады. Қалғаны зейнетақы төлемдері ретінде есептелуі керек. Соның ішінен 10 мың теңгесі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне кетеді. Азаматтар оны жылдар бойы жинап, ипотекаға баспана сатып ала алады. Мұндай модель Сингапурде жақсы жұмыс істеуде. Ондағы ел тұрғындарының 90 пайызында өз баспанасы бар.


Жанат ҚҰРМАНОВ, «БЖЗҚ» АҚ басқармасының төрағасы (пікір ғаламтордан алынды): - Сингапурдың зейнетақы жүйесіне мұқият қарау керек. Өйткені ол елдегі үлгіде «әркім өз жағдайына қамқор болып, өз жинағын басқара алады» деген қағида бар. Қазақстанның кірісі төмен екенін ескерсек, мұны жүзеге асыру қиын. Біздің ел тұрғындарының табысы Сингапурдан 12 есе аз. Жақында біздегі бизнес қауымдастық қосымша 5 пайыз зейнетақы жарнасын төлеуге қарсылығын білдірді. Бұл түсінікті. Себебі салық 42 пайызға дейін өсіп кетер еді. Тағы бір тәуекел, аталған мемлекеттің сыртқы қарызы нөлге тең. Ал бізде жағдай керісінше. Кейбір сарапшылар сыртқы қарызды жабу үшін Ұлттық қордың ақшасын жұмсау керек деген пікір айтуда. Өз басым Ұлттық қордың қаражатын жұмсай беруге қарсымын. Сондықтан алдымен біз отандық нарықтағы еңбек өнімділігін, жұмыспен қамтылу үлесін, қызметкерлердің табысын көтеруіміз керек. Мен бұл жағынан айрықша потенциал бар екенін айта аламын. Сингапур тәжірибесі халықтың табысы өте жоғары елдер үшін ғана тиімді деген пікірдемін.


Әсет РАХЫМЖАНОВ, жеке кәсіпкер: - Егер зейнетақы жүйесінде аз-маз жинағаны бар кез келген азаматқа: «Сіздің зейнетақы қорындағы қаражатыңызды шешіп алуға мүмкіндігіңіз бар» деген ақпарат түссе, бәрі жапа-тармағай жүгірер еді. Себебі, тұрғындардың көбінде қазіргі зейнетақы жүйесіне деген сенімсіздік басым. Өз басым қорға жинап жатқан ақшамның ертең өзіме қайтып келеріне күмәнім зор. Жасырып керегі не, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылып жатқан азаматтардың қаражаты шетел банктеріне миллиардтап кетіп, оның кейбіріне қатысты сот істері жүріп жатқанын оқып, біліп жүрміз. Осындай келеңсіз оқиғалар, жүйенің мөлдір еместігі әрбір азаматтың ойында жағымсыздық тудырады. Сингапур секілді алға озып кеткен мемлекеттің моделін өзімізге енгізсек, одан ұтылмасымыз айқын. Тек оның тетіктерін дұрыс ұйымдастыру, біздің менталитетімізге сәйкестендіру қажет болар. Бастысы, азаматтарға қосымша салық салынбайтын, керісінше табысын көтеретіндей жүйе болсын.

 

«Алаңды» үйлестірген – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz