- Сәуле, жергілікті өнерпаздар қатысып жатқан Малайзия-дағы фестиваль жөнінде баяндасаңыз...

- Бұл шараға Қазақстаннан бөлек, Малайзия, Филиппин, Өзбекстан, Тайланд, Корея, Мексика және Индонезия елдерінің өнерпаздары қатысып отыр. Ауқымы кең шараға қазақстандық өнер ордаларының шығармашылық ұжымдарының ішінен жерлестерімізбен бірге Петропавл облысының би ұжымы және Семей филармониясы қатысуда. Ауқымды шара осыдан 1 апта бұрын бастау алды. Фестиваль бүгін өз мәресіне жетеді.

- Ол жерде біздің жерлес-теріміз қандай шығармаларды көрермен назарына ұсынды?

- Мелака фестиваліне Ертіс-Баян өңірінен 7 адам аттанды. Олардың қатарында Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның директоры, дәстүрлі әнші Амангелді Қожанов, Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Талғат Кәрімов, қыл қобыз бен саз сырнайшы Әсел Ахметова, қобызшы Гүлназ Базарханова, баян аспабының иесі Мәди Ботагөзов, шертерде Аманжол Жұмалин, домбырашы Ризолла Садықов бар. Осы құрам малайзиялықтарға және фестиваль қатысушыларына ұлтымыздың мәртебесін асқақтататын 16 шығарманы тарту етті. Олардың ішінде «Бақтыбайдың әуені», «Ақжелең Қазанғап», «Адай», «Жез киік», «Ғасырлар тоғысында», «Шашу», «Ата толғау», «Балбырауын» және т.б. танымал туындылар болды.

- Облыстық филармония алыс-жақын шет елдерді аралап, ел мәдениетін насихаттауда мол үлес қосып жүр. Бұған дейін Ресей Федерациясының бірқатар аймағында болып, ұлттық өнерді дәріптеп қайтқан едіңіздер. Алдағы уақытта тағы қай елдің сахнасын бағындырмақсыздар?

- Жалпы, біздің ұжымның өнерпаздары үнемі ізденіс пен шыңдалудың үстінде жүреді. Бұл өнер адамдары үшін маңызды. Расымен де филармонияның 80-нен астам әртісі бұған дейін ресейдің Новосібір өлкесі мен Омбы қаласына барып, өз өнерлерін паш етіп келген еді. Міне, бүгінде Малайзияның даласын қазақтың ән-күйлерімен тербетуде. Негізі облыстық филармониядағы өнер ұжымдарына шет елдерден көптеген ұсыныстар келіп түсуде.

Қазіргі таңда біз Қытай елінен шақырту алып отырмыз. Жоспар бойынша ол жаққа «Ретро» вокалдық ансамблі, «Samiyan» тобы, «Нұр» халықтық би ансамблі, сондай-ақ жеке солистер барады деп күтілуде. Осы ретте атап өтетін бір жайт, біздің шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, олардың мәдениет кеңістігіне аяқ басуымызға және шекара асып, шет мемлекеттердің сахнасында өнер көрсетуімізге демеушілеріміздің қосып отырған үлесі мол. Ресейге, Малайзияға және алдағы Қытай еліне жасайтын сапарымыздың барлығы да демеушілеріміздің қолдауымен іске асып жатыр. Бұдан бөлек, 6 желтоқсан күні камералық хордың жеке концерті өтетін болады және алдағы уақытта Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің кешін беруді жоспарлап отырмыз.

- Әңгімеңізге рақмет! Шығар-машылық табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz