Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында 2030 жылға дейін еліміздегі суармалы алқап көлемін 3 млн. гектарға дейін арттыру қажет екенін айтқан болатын. Бұл бағытта біздің облыста ауқымды істер атқарылуда. Таяуда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімі Болат Бақауов алдағы үш жылда өңірдегі суармалы алқап көлемін 145 мың гектарға дейін жеткізу межесі тұрғанын атап өткен болатын.

- Көкөністің түр-түрі мен төрт түлікке қажет азық сапасын жақсарту үшін облыс аумағындағы 70 мың гектар жер суарылады. Биыл тағы 30 гектар суармалы егістікті айналымға енгіздік. Жоспар бойынша, 2022 жылы бұл көрсеткіш 145 мың гектарға жетеді, - деген еді Б.Бақауов.

Өңірдегі басты су көзі - Ертіс өзені. Өзеннің суы облыстың 3 қаласы мен 7 ауданы аумағынан өтіп, жақын маңдағы шаруалардың суармалы әдісті қолдануына мүмкіндік беріп отыр.

Екінші «артерия» - 282 шақырымдық «Ертіс-Қарағанды» су арнасы. Келесі жылы аталмыш су арнасынан 5 шақырым аумақтағы 40 мың гектар жерді суармалы алқапқа айналдыру жоспарланып отыр. Демек, Екібастұз және Ақсу қалаларына қарасты ауылдық аймақ тұрғындары үшін көкөністі көптеп өсіруге жақсы жағдай жасалмақ. Арнайы бағдарлама аясында сорғы станциясы сатып алынып, орнатылып, электр желілері тартылады да, шаруаларға 2 пайыздық жылдық мөлшерлемемен 10 жылға дейін лизингке беріледі. Бұл ретте сорғы станциясын орнатқан шаруа- лар негізгі қарызды өтеуден 2 жылға дейін босатылады.

Өңіріміздегі басты су көздерінің тағы бірі – «Ертіс-Успен» арнасы. Павлодар ауданының аумағынан өтетін арнаны келесі жылы қайта қалпына келтірудің бірінші кезеңі үшін мемлекеттік қазынадан 8 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр. Павлодар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Хамза Оразбековтің айтуынша, арнаның қалпына келтірілуі ауданның агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына тың серпін береді.

- «Ертіс-Успен» су арнасының жұмысы қайта жанданған соң оның айналасындағы 10 мың гектар жер суармалы алқапқа айналмақ. Яғни, су арнасының оң және сол жақ жиектерінен 13 шақырым қашықтықтағы жерді суару мүмкіндігі туындайды. Қазіргі кезде бұл аумақтағы 60-70 пайыз жер бос. Оған ірі инвесторлар келіп, кәсібін бастап, шаруасын дөңгелетеді деп күтілуде, - дейді Х.Оразбеков.

Осы орайда Павлодар ауданында суармалы алқапты дамыту ісі оң жолға қойылғанын атап өткен жөн. Жақында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада ауданның жұмысы жоғары бағаланып, суармалы жерлерді айналымға енгізу көрсеткіші бойынша үздік атанды. Аймақ басшысы Болат Бақауов аудан әкімі Жанат Шұғаевқа 50 млн. теңгелік сертификатты табыс етті.

Жалпы, қазіргі таңда Павлодар ауданында барлығы 12 200 гектар суармалы алқап бар. Биыл 620 гектар суарыла бастаса, келесі жылы 1500 гектар айналымға енгізілмек. Аудан көлемінде 140 шаруашылық суару әдісін қолданады. Солардың бірі – «Аңдас» шаруа қожалығы.

- Біз 20 жылға жуық уақыт бойы Ертіс өзенінің суын пайдаланып келеміз. Бүгінде шаруашылықтың иелігінде 1500 гектар суармалы жер бар. Келесі жылы тағы 700 гектарды қосуды көздеп отырмыз. Себебі, суарылатын алқаптың өнімділігі жоғары. Яғни, мол өнім жинауға болады. Десе де, суды тарту да оңай емес. Сорғы салып, құбырларды орнату сынды жұмыстар көп уақыт пен қомақты қаржыны талап етеді, - дейді «Аңдас» шаруа қожалығының басшысы Зейнолла Сәлменбаев.


Иә, бұл – оңай іс емес. Осы орайда шаруалардың шатқаяқтап қалмай, ісінің алға басуы үшін мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілетіні қуантады. Билік пен бизнес бірігіп, суармалы алқап көлемін ұлғайтса, шаруалар көп көлемде өнім жинайды, табысы артады, жұмыс орындары да көбейеді. Ал бұл тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне оң әсер етеді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz