«ҚазМедиа» концерттік залында өткен шараға еліміздің әрбір өңірінен қатысушылар келді. Олардың қатарында редакцияның қазіргі ұжымынан бөлек, әр жылдары осы қара шаңырақта қызмет еткен ардагерлер, авторлар, ел ағалары мен атақты оқырмандар қатысты. Келушілерге концерттік залдың дәлізінде 100 жылдық белесті бағындырған «Егемен Қазақстанның» тарихынан сыр шертетін фотосуреттер мен сарғайған газет тігінділері, өткен замандарда газет өндірісінде қолданылған баспа, әріп теретін машинкалар секілді жәдігерлер назарға ұсынылды. 1919 жылы «Ұшқын» деген атпен жарық көрген, алғашқы редакторы Халел Есенбаев болған республикалық газетте қазақтың біртуар, дарынды, қайраткер ұлдары басшылық қызметтер атқарды. Олардың қатарында Ертіс-Баян өңірінен түлеп ұшқан алғашқы романист жазушы, публицист, педагог Жүсіпбек Аймауытов та болды. Елім деген ерлердің қызмет еткен ордасы болған қарашаңырақтың маңызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хаттарында анық айтылған.

- Бұл – бір ұжымға ғана емес, бүкіл елімізге ортақ қуаныш. «Егемен Қазақстан» әуел бастан ұлттық мүддені, елдік мұратты және рухани құндылықтарымызды дәріптеп, қазақ баспасөзінің қарашаңырағына айналды. Жүз жасаған газеттің егемен ел болу жолында атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сияқты Алаш арыстары басқарған басылым әрдайым қазақтың рухын биік ұстады. Газет ұжымы Кеңес заманының өзінде ана тіліміз бен ұлттық сананы сақтауға, төл тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттауға, елдігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. «Егемен Қазақстан» тәуелсіздіктің елең-алаңында да Шерхан Мұртаза мен Әбіш Кекілбаевтай біртуар азаматтардың басшылығымен мемлекет іргесін бекемдеуге атсалысты. Қазақстанның шежіресі бас басылымның тарихымен қатар өрбіді. Тәуелсіздік таңы атқалы газеттің әр санында Елбасының бар лық бастамалары мен шешімдері, мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар толық баяндалды. Осы игі үрдіс жаңғырудың жаңа кезеңінде жалғасын тауып, егемендіктер тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында жемісті қызмет ете береді деп сенемін. Ғұмыры ғасырмен өлшенетін газеттің торқалы тойы құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық шабыт және толағай табыс тілеймін! – делінген Қ.Тоқаевтың құттықтауында.

Өзінің 100 жылдық ғұмырында «Егемен Қазақстан» газеті әр заманға сай атауларын ауыстырып қана қойған жоқ. Елмен бірге көптеген оқиғаларды, кезеңдерді бастан кешіргені хақ. Олардың қатарында қуанышты сәттер де, қасіретті шақтар да бар. Бұны Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өз сөзінде айтып өтті.

– Басылым беттерін парақтағанда ұлтымыздың ғасыр ішінде бастан кешірген кезеңдері көз алдыңызға келіп, жиырмасыншы жылдардағы ұжымдастыру, отызыншы жылдардағы ашаршылық пен репрессиялар, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары, тың игеру және басқа да тағдырлы әрі тарихи оқиғалармен өріліп, азаттықтың ақ таңындағы ақжолтай жаңалықтармен арнасы жалғасады, – деді Қырымбек Көшербаев.

Сахна төріне көтерілген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ел игілігіне қызмет етіп жүрген егемендіктердің еңбегін ерекше атап өтіп, Үкімет басшысы Асқар Маминнің құттықтауын оқып берді. Премьер-Министр хатында бір ғасырдың шежіресі деп білетін «Egemen Qazaqstan» газеті ел басына күн туған, ер тағдыры сынға түскен уақыттың өзінде де ұлттың үнін жеткізуге, жақсылықтың жаршысы болуға ұмтылғанын айтқан. Сондай-ақ, Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның ізгі тілегін сенатор, журналист Нұртөре Жүсіп, ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің құттықтауын Қуаныш Сұлтанов жеткізді.

Жастар жылы және «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығы аясында «Үміт» жас журналистер конкурсы өткізілген еді. Осы салтанатты жиында конкурс жеңімпаздарын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев марапаттады. Бұдан кейін әр жылдары газетте басшылық қызмет атқарған Алаш қайраткерлері мен қазақтың маңдайалды тұлғаларының образдары сомдалған театрлық қойылым назарға ұсынылды. Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістерінің қатысуымен дайындалған «Жүз жыл және жалғыз сәт» қойылымы көрермендерге әр кезеңде мығым бағыт ұстанған қайраткерлердің қағидалық сөздерін тыңдап қанаттанды. Ахаң – Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлы тұлғалар қандай қауіп төнген сәттерде болмасын «газет халықтың көзі құлағы һәм тілі болуға тиіс» екенін айтып өткен.

«Жүз жылдық жылнама» деген мәртебелі атаққа ие болған «Egemen Qazaqstan» газетінің тойы 2019 жылдың сәуір айынан бастау алған. «Eгемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мерейтойлық газет нөмірінде көлемді мақала жариялап, бүгінгі бағыт-бағдар туралы кеңінен атап көрсеткен. «Біз де газеттің 100 жылдық мерейлі белесін қилы кезеңдегі қиындықтарды қайыспай көтерген аға ұрпаққа тағзымды ұштастыра отырып, атап өтуді мақсат еттік... «Ұшқыннан» басталған «Егеменнің» жылнамасында Халел Есенбаев, Бернияз Күлеев, Тәмимдар Сафиевтен бастап, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы сынды өзге де көптеген тұлғаның есімдері бар және олардың әрқайсысының да қазақ үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Кешегі «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ» большевиктік партияның қан-қасапты қатаң бақылауына, сұрқия саясатына қарамастан, елдіктің сөзін айтудан жаңылмады. Бағытынан жаңылдырмаған да сол жоғарыда аты аталған, аталмаған ұлтымыздың ұлық ұлдары болатын. Сонысы үшін де олар қуғындалды, атылды, айдауға түсті. Сол сүргіннің сұрапыл тарихына қарап отырсақ, қызметкерлері ең көп қуғындалған, басшылары ату жазасына көп кесілген мекеме де осы редакция екен. Ұлты үшін басын бәйгеге тігудің, халқы үшін құрбан болудың бұдан асқан қасиетті һәм қасіретті үлгісі жоқ, сірә. Сондықтан оларға тағзым ету – бүгінгі ұрпаққа парыз. Жүз жылдықтың алғашқы тағылымды іс-шарасы қасиетті Семей жеріне – Абай еліне барып, хакім рухына тағзым етуден басталды. Семей - Алаш рухымен де қалың қазаққа қастерлі мекен. Осылайша түрлі шаралар түндігін түріп, берекелі бастамалар бастау алды. Шымкентте Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановқа арналған тағылымды іс-шаралар жоғары деңгейде өтті. Сонымен бірге «Ұшқынның» алғашқы редактор-шығарушылары Халел Есенбаев, Тәмимдар Сафиевтердің туған жері – Бөкей ордасына арнайы экспедиция ұйымдастырылып, жергілікті оқырмандармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өткізілді. Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы 1987-1999 жылдары қоныс тепкен тарихи ғимаратқа орнатылған ескерткіш тақта, Құран бағыштап берілген ас та - өмірден озған аға буынға жасалған тағзым шараларының қатарынан. Осы орайда жүз жылдықтың іс-шараларын «Ұшқын» алғаш жарық көрген, қазақ еліне астана болған Орынбор қаласында аяқтауды мұрат етіп отырғанымызды да айта кетудің жөні келіп отыр. Қараша айының соңында арнайы делегациямыз Ресейдің Орынбор қаласына аттанады. Мақсат – «Ұшқын» редакциясы отырған тарихи ғимаратқа ескерткіш тақта орнатып, жергілікті қазақ диаспорасымен кездесу. Осылайша тағылым мен тағзымды ұштастырған ең негізгі іс-шараларымыз Семейде басталып, Алашқа астана болған Орынборда аяқталады», деп айшықтап өткен.

Газеттің 1919 жылдан бергі қағаз басылымының архиві цифрлы форматқа көшірілді. Тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті құнды мұраны сақтау әрі қалың көпшілікке қолжетімді ету үшін былтыр Алматыдағы Ұлттық кітапханамен бірлесіп, 1919 жылдан бергі сандарының әрбір бетін сканерлеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде жинақталған мол мұра өңделіп, оқырманға қолайлы цифрлы форматта ұсынылмақ. Газетте 1919 жылдан 1976 жылға дейінгі кезеңде жарық көрген, сол заманның сипатын, қоғам тынысын аңғартатын ең маңызды оқиғалар мен жаңалықтарды қамтыған таңдаулы материалдар, өзекті мақалалар іріктеліп, «Жүз жылдық жылнама» деген атаумен 5 томдық жинаққа енгізілді.

Салтанатты шарада Басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі жалпыұлттық газеттің мәртебесі зор екенін, күні кеше ғана Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанын айтып өтті. «Елбасы бүгінгі таңда өзінің ғасырлық белесіне көтеріліп отырған газетімізге «Ордалы Отанымыздың бас басылымы» деп баға берді. Ал, кеше ғана бізді қабылдаған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Өткір де өзекті, сапалы әрі салиқалы, тартымды материалдары арқылы басылым қазақ баспасөзінің көшін бастап тұр» деп атап өткенін де айту ләзім» деді.

«Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы – қазақ елінің айтулы мәдени оқиғаларының бірі екендігі анық. Бұл мерейтойға Ертіс-Баян өңірінің тұлғаларының да қатысы барын мақтан етеміз. Газетке 1921 жылдың ақпаны - 1921 жылдың қазаны аралығында қазақтың көрнекті жазушысы, педагог Жүсіпбек Аймауытов басшылық жасаған. Өкінішке қарай, ол сталиндік зобалаңға ілігіп, қазақ зиялылары арасынан алғашқы болып өлім жазасына кесілді. Жалпы, «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет еткен 13 азамат «Халық жауы» атанып, қатаң жазаға кесілген екен. Бұл да болса осы басылымда қазақтың қамын жеген ірі тұлғалы ұландары қызмет еткенін айғақтайды.

«Социалистік Қазақстан» деп аталған газетте Павлодар өңірінен «Қызыл ту» газетінің редакторы болған Балтабек Асановтың қызмет еткенін білеміз. Ол 1942 жылы «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары болған, кейін Қарағанды облыстық меншікті тілшісі болып еңбек еткен.

Қазақ журналистикасының жарқын өкілі, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов 1953-1956 жылдар аралығында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болып қызмет етті. Осы лауазымнан кейін Ә.Нұршайықов республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі болды. Дәл осы қызметте жүріп ол 1958 жылы 24 маусымда Павлодарда ұлы жазушы Мұхтар Әуезовті қарсы алып, онымен сапарлас болып жүру бақытына бөленді. Ол туралы жазушы «Екі естелік» кітабында жазған.

Әрине, «Егемен Қазақстан» газетінде бұдан кейін де талай қаламы қарымды аға-апалар басшылық немесе тілшілік қызметтер жасады. Байтұяқ Жанымбет ағамыз ұзақ жылдар бойы Павлодар өңіріндегі «Егеменнің» өкілі болды. Бүгінде бұл жолды Фарида Бықай апайымыз жемісті жалғастыруда.

Баспасөз қашанда халықпен бірге қала бермек деп сенеміз. Жаңа дәуірге, жаңа ғасырға қадам басуыңызбен, ата басылым - «Егемен Қазақстан»!

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz