Қой өсіруге ден қойған

Кейінгі жылдары ауданда қой басының айтарлықтай азайғаны жиі айтылып еді. Бұл мәселе биыл оңала бастаған көрінеді. Бұл жөнінде Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Аудан әкімі экономиканы дамытуда іскер азаматтардың күш салып жатқанын атап өтті. Мал басы артқан. Мәселен, бүгінде ауданда 75 мыңнан аса ірі қара, 40 мыңға жуық жылқы, 66 мыңнан астам қой бар.

- Биыл қара мал басы 10 мыңға артты. Оның 2 мыңы - асыл тұқымды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1 мың бас қара мал алдық. Әлі де күтіп отырмыз. Малды асылдандыруға шаруалар мән беріп отыр. Соңғы жылдары қой санының айтарлықтай өспегені рас. Биыл жағдай жақсарды. Шаруаларға, тұрғындарға қой өсірудің тиімділігі кеңінен түсіндірілді. Яғни, жылқы өсіруге жұмсалған шығын 2,5 жылда, қара мал 3,5 жылда ақталатын. Мамандар қойға кеткен шығын 1,5 жылда ақталатынын айтып, түсіндіруде. Нәтиже байқалып отыр. Биыл ауданда 8 мыңға жуық қой сатып алынды. Оның 3800-і мемлектетік бағдарламалар бойынша алынса, 5 мыңға жуығын шаруа- лар өз қаражатына сатып алды, - дейді Оразгелді Қайыргелдинов.

Жалпы, биыл ауданда 6776 тонна ет, 32 мың тоннадан астам сүт өндірілген. Ауданның шаруаларына жалпы сомасы 634,7 млн. теңге субсидия берілген. Оның ішінде 264,3 млн. теңгесі 224 шаруа қожалығына асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға берілген.

Күніне - 1000 адам!

Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы туристік маусымда аталмыш өңірге тынығуға келген туристер қатары былтырғыдан 19 пайызға көп болған. Оған жасалып жатқан жағдайлар оң әсерін беріп отыр, дейді. Алдағы маусымға дейін Жасыбай басына электр желісі тартылады. Бұл қысқы туризмге де септігін тигізеді деп болжануда. Торайғыр мен Жасыбайды жалғайтын жолдың да салынуы қолайлы болып отыр. Онымен қоса, республикалық жолдан Торғайғыр көлінің басына апаратын жолдың 16,6 шақырымына биыл 650 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған. Торайғыр көлінің басында туризмді дамытуға ден қойып, жер алып, кәсіп бастауға ниеттілер бар. Ауыл тұрғындары да өз үлестерін қосуда.

Алексеевка-Жаңажол-Ескелді бағыты бойынша жолды жөндеу былтыр басталған еді. Қазіргі таңда Алексеева-Жаңажол арасындағы 37 шақырымының 18 шақырымы жөнделді, қалғаны - келесі жылдың еншісінде. Бұл жұмысты да билік жазғы туристік маусымға дейін аяқтауды көздеп отыр. Аудандағы бұдан басқа да жолдарды ретке келтіру жоспарланып отыр.

- Облыс әкімі Болат Жұмабекұлы Баянауылды Жосалы бағыты арқылы Май ауданының Көктөбесімен жалғап, Семейдің жолына шығатын бағытты да қолға алуда мақсат етіп қойды. Бұл да іске асырылады. Туристер тартуға септігін тигізеді. Биыл 67 млн. теңге бөлініп, Қоңырәулиені абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Үңгір сатысы жаңартылды. Ендігі жоспарымыз - үңгірге апаратын жолды жөндеу. Жобасы бар, қаржы қарастырылады. Одан әрі Біржанкөлге шығатын жолды да ретке келтіру көзделуде, - дейді аудан әкімі.

Өңірімізде қысқы туризмнің ортасына айналатын Мырзашоқы тауының басындағы шаңғы базасы дайын. О.Қайыргелдинов биыл күніне 1000-ға тарта турист келеді деп күтіліп отырғанын мәлімдеді.

- Өткен жылы күніне Мырзашоқыда 300-ге жуық адам тынықты. Ол кезде жайлы жағдайдың болмағанын ескерсек, биыл бір мыңға жуық турист келеді деп ойлаймыз. Былтыр Ресейдің Омбы мен Новосібір облыстарынан демалуға келген азаматтар шаңғы жолына оң баға беріп, тіпті, Кемеров облысына барғаннан Баянауылға жол тарту әлдеқайда тиімді әрі жақын екенін айтқан еді. Қар түссе, таудан төмен шаңғы тебуге асығатын ағайын қарасы көп болады деп ойлаймыз, - деді Оразгелді Әліғазыұлы.

Бірнеше күнге баратындар Мырзашоқыдан 15 шақырым жердегі «Факел» демалыс үйіне аялдай алады. Сондай-ақ, қыста да қызмет көрсететін «Хақназар», «Березка», «Ақниет» демалыс үйлеріне баруға болады. Оларға жеткізетін автобустар қарастырылған. «Жан» демалыс кешеніне жеңіл көлікпен жетуге болады. Астыңызда автокөлігіңіз болса, «Золотые пески», «Березовая роща» демалыс үйлеріне барып, тынығуға мүмкіндігіңіз бар.

Шағын әуежайдағы жұмыстар да аяқталды. Болашақта мұнда чартерлік рейстерді қысы-жазы қабылдау мүмкіндіктері болмақ. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен Баянауылда демалуға ниет танытып жатқан азаматтар аз емес көрінеді. Биыл әуенавигациялық жабдығын әкелу мәселесі шешілген. Бұл дегеніңіз лицензия алуға жол ашады.

Сонымен қатар, Сабындыкөл айналасын туристік аймаққа айналдыру қолға алынады. Мұнда зерттеу жүргізіліп, 70 гектар жер белгіленген. Баянауыл республикалық туристік картаның ондығына енгендіктен, 2023 жылға дейін осы өңірді өркендетуге 17 млрд. теңге қарастырылып отыр.

Ауызсу – ауылдарда

Жалпы ауданда құрылыс саласында 11,8 млрд. теңге игеріліпті. Ең ірі жобалардың бірі аудан орталығындағы су құбырының құрылысы. Биыл аяқталды. Аудан орталығында 1500 аула болса, олардың 500-і үйіне су тартып алыпты. Қалғандары келесі жылы іргесінен ауыз су алады. Таулы аумақта су тартудың өзіндік қиындықтарының бары белгілі. Мәселен, 7-ші санаттағы тасты аумақта жерді экскаватормен қазу мүмкін емес. Тек жару қажет. Мұндай әдіс елді мекенде қолданылмайды. Сондықтан сумен қамтылмай қалған аумақта 5 шақырымдық құбырдың жобасы жасалуда. Одан бөлек, ауданның төрт ауылында су тартылды. 2020 жылғы тоғыз ауылға ауыз су жеткізетін құбыр құрылысы қолға алынады. Бұл мақсатқа 3,9 млрд.теңге бөлініп отыр. Ары қарай қалған бес ауылды сумен қамтудың қарекеті жасалады.

Майқайың кентінде де көп іс жүзеге асырылған. 24 пәтерлі үй жас мамандарға берілген. Жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, жолдар жөнделген. Келесі жылы стадионы жаңа кейіпке еніп, кент ішіндегі жолдар жөнделеді.

«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша аудандық емхана, З.Ақышев атындағы мектеп жөнделген. Аудан орталығында 11 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіліпті. Жалпы, Баянауылдың өз басында былтыр 4,6 шақырым, биыл 11 шақырым ауылішілік жол жөнделген. Одан бөлек, су тартқан фирма 11 шақырым жолды жөндеп берген. Осылайша, аудан орталығындағы жолдың 75 пайызы ретке келтірілді. Келесі жылы 10 километр жаңа кейіпке келтірілсе, мұндағы ауылішілік жолды жөндеу толығымен аяқталмақ.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz