Марапаттау шарасына Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген құрметті қонақтар - қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, ҚР Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Сергей Коновалов, еліміздегі еріктілер қозғалысының негізін қалаған Гүлмира Абрашева, 2012 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай қатысты.

Жастар конкурсын өткізу идеясын аймақ басшысы Болат Бақауов ұсынған болатын. Әр салада жарқын жетістігімен көзге түсіп жүрген жандарды ынталандыру жастардың қоғамдағы орны айрықша екенін айқындай түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 10 аталым бойынша өткізілген байқаудың жүлде қоры – 10 миллион теңге. Байқауға 14-29 жас аралығындағы азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. Алғашқы кезеңде комиссия мүшелері қатысушылардың жетістіктерімен танысып, әр аталым бойынша 10 үздікті таңдап алды. Бірінші кезеңге 250-ден аса өтініш келіп түскен. Екінші кезеңнің жеңімпаздары дауыс беру арқылы анықталды. Үш күнде 67 мың адам дауыс беріп үлгеріпті. Нәтижесінде әр саладан 5 үміткер іріктелді. Соңғы кезеңде қазылар алқасының шешімімен 20 талантты жас «Ертіс дарыны» премиясының жеңімпазы атанып, байқаудың алғашқы жүлдегерлері ретінде тарихта қалды.

Жеңімпаздарды марапаттауға облыс әкімі Болат Бақауов қатысып, байқаудың алдағы жылдары да үзілмейтініне сенім білдірді.

- Өңірімізде дарынды жастар өте көп. Оларға мемлекет тарапынан лайықты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өткен жөн. Жастар саясатын дамытудың маңызды тетіктерінің бірі – кәсіпкерлікті дамыту. Бұл ретте, «Жас кәсіпкер» жобасы шеңберінде жыл басынан бері 506 грант үлестірілді. Яғни, әр жас азаматқа кәсібін дөңгелету үшін 505 мың теңге берілді. «Жас шебер» жобасы арқылы 814 азамат өзі ісін бастады. Жыл соңына дейін тағы 692 адам аталған жобаның шарапатын сезінбек. «Ертіс дарыны» премиясы жастардың жігерін жани түсіп, оларға зор сенім жүктелетінін аңғартады, - деді аймақ басшысы.

Жастар премиясының жеңімпаздарына тоқталсақ. «Мәдениет» аталымында Оразбек Бақытхан мен Нелли Рерих үздік шықты. «Өндіріс қызметкері» аталымына Дәурен Тәйкебаев пен Гүлмарал Махабіл лайық деп танылды. «Қоғамдық қызмет» бағытында Әйтім Құсайынов пен Батырбек Қошқарбаевтың бағы жанды. «Еріктілер» аталымының марапаты Аяжан Құрманова мен Лаура Сәрсембинаға табысталды. «Кәсіпкерлік» саласында Валерия Наркизова мен Дархан Мұзафаров дара шықты. «Ерлігі үшін» аталымы адамдарды өлімнен құтқарған Әлібек Болатов пен Мәнсүр Рамазановқа берілді. «Эстрада» бағытының сый-сыяпаты Руслан Жұмабаев пен Назымгүл Шапағатқа бұйырды. «Білім және ғылым» аталымында Аяна Есім мен Қымбат Матай оза шапса, «Спорт» аталымының жеңімпаздары – Саятбек Оқасов пен Александра Залюбовская. Ал «Журналистика» аталымында әріптесіміз, «Saryarqa samaly» газетінің шолушысы Құндыз Қабылденова жеңімпаз атанды! Экономикалық тақырыптарды майын тамызып, оқырманға түсінікті тілмен жеткізе білетін Құндыздың марапаты лайықты деп білеміз. Бұл аталымда облыстық «Ertis» телеарнасының тілшісі Вероника Вишневская да жүлделі болды. Бұдан бөлек, «Жыл жаңалығы» атты арнайы марапат Сәния Темірханова, Мәдина Батық және Иманбек Зейкенге табысталды.

Әр үздіктің өзіндік орны мен елеулі ісі аз емес. Мәселен, ерікті жастардың бірі Лаура мамандығын қайырымдылық істерге бағыттауға бейім. Ол жетімдер үйіне, хосписке барып тегін шаш қиып, қызмет көрсетумен айналысып жүр. Әйтім есімді азаматтың ерік-жігеріне кім-кім де қайран қалар. Денсаулығына қарамастан қоғамдық істерден қол үзбейді. Әрқайсысы аймақтың өркендеуіне өзіндік үлесін қосудан аянар емес. Облыс атын шығарып, түрлі додаларда топ жарып жүр, әлі де барын салуға әзір.

Жеңімпаздардың құрметіне қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Бейбіт Қорған мен «Домино» тобы әннен шашу шашты. Ертіс-Баян жастары «Жастар жылы» өздеріне қолдау білдірген облыс басшылығына алғыс айтты.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz