Тігіншілер тірлігін істейді

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік білім алғандар аз емес. Десе де, жұмысқа орналастыру жағы ақсап тұр. Мәселен, «Нефтехим LTD» ЖШС басшылығының өтінішіне сәйкес, 126 адам «Полипропилен бұйымдарын тігу» мамандығын игеріп шыққан. Бүгінде 49 маман ғана жұмысқа қабылданыпты. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдармаларды үйлестіру басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетовтің мәліметінше, «Нефтехим LTD» серіктестігінің өкілдері бағдарлама қатысушыларын 3 ай күте алмайтынын айтып, басқа адамдарды жұмысқа тартқан. Жыл соңына дейін тігіншілер тұрақты жұмысқа орналасады, деп сендірді Қ.Нұрмағамбетов.

- Биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан қосымша қаражат бөлініп, жоспар 1349-дан 2529-ға өсті. Бүгінде 1316 адам оқуын тәмамдап, 853-і жұмысқа орналасты (64,8 пайыз). 479 азаматтың зейнетақы аударымы бар. Жыл басынан бері 100 АЕК көлемінде 606 грант, 200 АЕК мөлшерінде 706 грант үлестірілді. Бағдарламаның 3-ші бағытына сәйкес, 14938 адам жұмысқа орналасты. 2019 жылы басқа өңірден қоныс аударғандар мен оралмандардың 65,6 пайызының тұрақты жұмысы бар. 96-сы өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. 36-сы - студенттер, - дейді Қайрат Нұрмағамбетов.

Аудиттің нәтижесі қандай?

Жалпы, аталған бағдарламаның орындалу барысы, қаражаттың мақсатты жұмсалуы – басты назарда. Облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Мәулен Үйсінбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері 5 мекемеде тексеріс жұмыстары жүргізілген. Аудиттің нәтижесінде қаржылық бұзушылықтар анықталып, 3953,5 мың теңге қаражат бюджетке қайтарылыпты.

- Көп жағдайда бюджеттік жоспарлаудың дұрыс жасалмағаны анықталып отыр. Мәселен, бағдарламаның 2017-2018 жылдардағы орындалуынан кейін өңіріміздегі жұмыссыздық деңгейі 3,4 пайызға төмендеген болатын. Алайда мақсатты индикатор әлі күнге дейін 4,8 пайызды көрсетуде. Салдарынан бөлінген қаражаттың игерілмей қалу қаупі жоғары, - дейді М.Үйсінбаев.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша жұмысқа орналастыру көрсеткішінің төмен болуына бірнеше себеп бар. Өңірлердегі жұмыспен қамту саласына жауапты мамандар азаматтарды еңбек нарығында сұраныс жоқ мамандықтарды меңгеруге бағыттаған. Атап айтсақ, 194 азамат не істерін білмей жүр. Оларды оқытуға 3 ай ішінде 22,6 миллион теңге қаржы жұмсалған. Бұл іске жауаптылар екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер жыл соңына дейін тұрақты жұмыспен қамтылады деп уәде берді.

Мәулен Үйсінбаевтың айтуынша, әу баста кәсіпорындармен келісімшарт жасалуы керек-тін. Сол кезде оқуын аяқтағандар еш алаңдамай өтініш берген мекемелерге жұмысқа қабылданатын еді. Аудит жұмыстары аяқталған соң Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Баянауыл ауда-нының әкімдіктеріне олқылық-тардың орнын толтыру жөнінде ұсынымхат жіберілген.

«Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша (жаппай кәсіпкерлікті дамыту) да түсінбеушіліктер бар. Мәселен, қалалық жерде екінші деңгейлі банктер арқылы экономиканы дамытатын басым бағыттар есепке алынбай, шағын несиелер үлестірген. Атап айтсақ, несиенің 31 пайызы автокөлік сатып алуға, 20 пайызы қондырғылар алуға, 18 пайызы қолданыстағы кәсіпкерлік нысандарының айналымдық қаражатын толтыруға жұмсалыпты.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша (халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту) жастар практикасын ұйымдастыруда қарама-қайшылықтар тіркелген. Ақсу және Баянауыл өңірлерінде жастар практикасына қатысушылардың зейнетақы қорына басқа жұмыс берушілердің атынан зейнетақы аударымдары түсіп отырған. Яғни, жұмыссыз жүрген жастар тасада қалып, екі жұмысты қатар алып жүрген «пысықайлар» анықталған.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Бақыт Бексейітова жалпы алғанда, «Еңбек» бағдарламасының орындалу барысы тәуір екенін айтады. Осы жылдың 20 қарашасына дейін жоспардың 92 пайызы орындалған.

Жеңілдіктер көп

Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Қарамбаевтың мәліметінше, кадрларды даярлау 31 колледжде жүргізілуде. Азаматтардың басым бөлігі көлік (593 адам), ауыл шаруашылығы (250), сервистік қызмет (255), құрылыс мамандықтары бойынша (285) бойынша білім алуда. Бағдарламаның барлық қатысушыларына тегін оқудан бөлек, ай сайын стипендия, жолақы шығындарын жабу (4 АЕК), күніне 1 рет ыстық тамақпен қамтамасыз ету жеңілдіктері қарастырылған. Ағымдағы жылдың 19 қарашасына дейін объективті себептерге сәйкес 214 азамат оқудан шығарылған.

Аққулы – көш басында!

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібековтің мәліметінше, бағдарламаның екінші бағытын іске асыруға аталған ведомство да атсалысуда. Биыл республикалық бюджеттен 1 785,4 миллион теңге қаражат бөлінген. Ұлттық қордан қосымша тағы 680 миллион теңге қаржы беріліпті. Қаражат қос оператор («Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ) арқылы үлестірілген. Нәтижесінде жыл басынан бері 422 жоба жүзеге асқан. Жаңадан 490 жұмыс орны құрылған. Несиелендіру талаптарында өзгеріс жоқ. Яғни, шағын несиені 5 жылға дейін ала аласыз, ал мал шаруашылығы мен кооператив құру жобаларын несиелендіру мерзімі 7 жылға дейін беріледі. Несиені 2,5 мың АЕК-ке (6,3 миллион теңге) дейін рәсімдеуге болады. Сыйақы мөлшері – жылына 6 пайыз. Барлық өңірлер бағдарламаға белсенді атсалысқан. Тіпті, жоспарды асыра орындағандар бар. Мәселен, Аққулы ауданында көрсеткіш 119,5 пайызды, Шарбақты ауданында 113,5 және Успен ауданында 102,5 пайызды құрап отыр.

11 жоба іске асты

Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасанов та атқарған жұмыстарын жіпке тізді. Биыл қалалық жердің тұрғындарына шағын несие үлестіру мақсатында 543 671 мың теңге бөлінген. Оның 146 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылыпты. Қаражат «Даму» қоры және екінші деңгейлі 3 банк арқылы берілген. Осы жылдың 18 қарашасына дейін 52 жоба қанағаттандырылған. 4 жоба қарауда жатыр.

- Биыл республика бойынша алғаш рет Екібастұздағы жекеменшік микроұйым арқылы шағын несиелер үлестірілді. Яғни, 31 миллион теңгеге 11 жоба іске асты. Микроұйыммен байланыс несиелендіру рәсімдерін жеңілдетіп, кәсібін енді ғана бастаған азаматтарға тиімді екенін атап өткен жөн, - дейді Ж.Хасанов.

Бұған дейін облыс әкімі Болат Бақауов тиісті мекеме басшыларына бағдарламаның орындалу барысын қадағалауды тапсырған еді. «Бізге қанша адамды тұрақты жұмыспен қамтимыз, олардың қаншасы зейнетақы қорына жарна аударатыны және қанша адам уақытша жұмыс орындарына орналасатыны, қанша адам құжатсыз бес мың теңгеге жұмыс істейтіні туралы нақты сараптама қажет. Біз жұмыстың сапасын бақылауымыз және көлеңкелі экономикаға қарсы тұруымыз керек», - деген еді аймақ басшысы. Байқап отырғанымыздай, тапсырманың орындалуы ойдағыдай. Жыл соңына дейін жұмыссыз жүргендер, уәде етілгендей, екі қолға бір күрек табады деген сенімдеміз.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz