- Владимир Юрьевич, білуімізше, былтырдан бастап зейнетке шығатын азаматтар тиісті құжаттың барлығын бір жерге тапсыратын болды. Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз...

- Иә, шынымен өткен жылдың қазан айынан бастап зейнетақы қызметтерінің сапасы мен қолже-тімділігін арттыру мақсатында зейнетақы төлемдерін «Бір терезе» қағидасы бойынша жүзеге асыру мақсатында композиттік қызмет іске қосылды. Соған сәйкес тұрғындар зейнет жасына толуға 10 күн қалғанда Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке куәлігін, банк шоты туралы мәліметті және қажет жағдайда басқа да тиісті құжаттарды тапсырып, бірыңғай өтініш толтырады. Бұл өтініш электронды түрде біздің деректер базасына түсіп, белгіленген әдістемеге сәйкес жиналған зейнетақыны есептейміз. Өз кезегінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы базалық және ортақ зейнетақылардың төлемін санайды. Кейін зейнеткер зейнетақының үш түрін бір күнде алады және зейнетақының әр түрінің қай сомада белгіленгенін көре алады. Ал бұған дейін зейнетке шығатын азаматтар мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барса, Қор төлемдерін алу үшін біздің бөлімшелерге келіп, құжаттар тапсыратын. Сәйкесінше зейнетақы төлемдері алушының банк шотына әр түрлі уақытта аударылатын. Енді жиынтық зейнетақы бір мекемеде рәсімделіп, банк шотына ай сайын бір мезгілде аударылады. Бұл тұрғындардың уақытын айтарлықтай үнемдейді.

- Сонымен қатар енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шот ашу үшін филиалға келудің керегі жоқ екен. Солай ма?

- Дәл солай. Бұл да - салым-шыларға оңтайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған іс. Осы жылдың қаңтар айынан бастап өтінішсіз шот ашу механизмі қолданысқа енгізілді. Жаңа жүйе әсіресе жастар үшін өте тиімді болды. Айталық, колледж немесе жоғары оқу орнын тәмамдаған түлек қызметке орналасу кезінде одан талап етілетін құжаттардың қатарында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған шот туралы анықтама бар болатын. Енді жұмысқа қабылданар тұста Қор кеңсесіне келіп, өтініш толтырып, анықтама алудың қажеті жоқ. Жұмыс беруші алғашқы жалақысын зейнетақы шотына аударған кезде ұйым мен оның жаңа қызметкері туралы мәліметтер біздің базаға автоматты түрде келіп түседі. Онда көрсетілген ақпараттар – қызметкердің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі секілді деректер, шот ашуға жеткілікті. Десе де, салымшы бір рет келіп, деректерді тексеріп, өзі жайлы қосымша мәліметтер ұсына алады.

- Мұндай жүйе ерікті жарналар бойынша шот ашу кезінде де қолданыла ма?

- Жоқ, жаңашылдық міндетті зейнетақы жарналарын аударатын азаматтарға ғана қатысты. Егер ерікті зейнетақы шотын ашуды қаласа, филиалға келіп, өтініш толтыруы тиіс немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы біздің сайтта аша алады. Зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың осы түрінің басым тұстарына тоқтала кеткім келеді.

Ерікті жарнаны кез келген адам өзі қалаған сомасы көлемінде және уақытында аудара алады. Бұған қатысты еш шектеу жоқ. 50 жасқа толған соң, ерікті зейнетақы шотындағы соманы зейнетақы ретінде алуға болады. Бұл ретте жиналған қаржыны ай сайын аласыз ба, тоқсан сайын төленуін қалайсыз ба – өзіңіз белгілейсіз. «Ерікті жарнаның көлемі осындай болса ғана 50 жастан бастап алуға болады» деген талап жоқ. Айталық, ерікті шотта 2 млн. теңге жинап, 50 жасқа толған соң, оны таусылғанша азғантай мөлшерде ай сайын алып тұруыңызға болады. Қызметті жалғастырып та ерікті жинақтар есебінен төлемдер алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар жарналардың міндетті түрлері мен ерікті шоттағы қаражатты қосып, ертерек зейнеткер атануға болады. Қалайша? Бүгінгі күні елімізде міндетті зейнетақы шотында шамамен 9,7 млн теңгесі бар ер азаматтар 55 жасқа толғанда және 13,2 млн теңгесі бар әйелдер биыл 51 жасқа толғанда сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу арқылы зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.

Мысалы, әйел адамның міндетті зейнетақы шотында 11,2 млн. теңгесі бар делік. Ол ерікті шот ашып, оған 2 млн. теңге аудара алады. Міне осы ақшаны 11,2 млн теңгеге қосып, сақтандыру ұйымына аудару арқылы зейнетақы аннуитеті шартына отырады. Айта кетер тағы бір жәйт, ерікті зейнетақы шотына да мемлекет тарапынан инвестициялық табыс есептеледі. Яғни, жинаған сомаңызға күн сайын инвестициялық табыс түсіп отырады.

- Зейнетке шығар тұста ерікті зейнетақы шотына жасаған аударымдар еңбек өтілі ретінде санала ма?

- Жоқ, саналмайды. Өкінішке қарай, бүгінде ерікті зейнетақы жарналары халық арасында аса танымал бола қойған жоқ. Мұның бірқатар себептері бар. Атап айтар болсақ: ерікті жарналарды Қорға аудару және Қордан алу барысында екі рет салық салыну тәуекелінің орын алуы; ерікті жинақтарды мерзімінен бұрын алу мүмкіндігінің жоқтығы; халық арасында қаржылық сауаттылық пен зейнетақыны жоспарлау мәдениетінің төмендігі және т. б.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ халықаралық тәжірибелерді зерттеп, зерделеп жатыр. Соның нәтижесінде халықтың ерікті жарналар есебінен қаражат жинауға деген қызығушылығын арттыру бойынша жеңілдіктер енгізуге қатысты бірқатар ұсыныстар әзірленетін болады.

- Осы орайда биылдан бастап енгізілген бірыңғай жиынтық төлем туралы айтып өтсеңіз. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар зейнетақы шотына аударымдарды қалай жасайды?

- Биылғы жаңашылдықтың тағы бірі – бірыңғай жиынтық төлем. Оның құрамына жеке табыс салығы, әлеуметтік аударым, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және зейнетақы аударымдары кіреді. Бұл төлемді өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жасайды, себебі олардың тұрақты жұмыс орны жоқ, сәйкесінше міндетті зейнетақы аударымы да тұрақты жүргізілмейді. Сондықтан ешкіммен еңбек келісімшартын жасамаған, бірреттік жолмен ақылы қызмет көрсететін өзін-өзі жұмыспен қамтушы жеке тұлғаларға арнайы бірыңғай жиынтық төлем қарастырылған. Айталық, әйел адам үйде торт пісіріп сатады, ал ер адам тапсырыстар бойынша электр жабдықтарын жөндейді. Олар тұрақты түрде ресми жалақы алмағандықтан, ай сайын бірыңғай жиынтық төлем жасай алады. Бұл аударымдар еңбек өтілі ретінде есептеледі. Яғни, бір жылда өзін-өзі жұмыспен қамтитын азамат ай сайын аударым жасаса, сол жылда 12 айлық еңбек өтілі есептеледі. Облыс орталығының тұрғындары 1 айлық есептік көрсеткіш, қала мен аудан тұрғындары 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төлейді. Республика бойынша жыл басынан бері жалпы сомасы 685,9 млн. теңге болатын 402,5 мың төлем жасалды. Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың 66,7 мың тұрғыны, өзге аудан-қалалардың 152,4 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының шотына аударым жіберді. Павлодар облысы бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны – 541143. Салымшылардың бұл шоттарда жинаған қаржысы – 507,7 млрд теңге. Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында облыс тұрғындарынан 35,2 млрд теңгеден астам жарна түсті.

- Жұмыссыздар да бірыңғай жиынтық төлем аудара ма?

- Жоқ. Адам жұмысынан айырылып қалса, жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Басқа жұмыс тапқанға дейін оған міндетті әлеуметтік төлем беріледі. Егер ол бірыңғай жиынтық төлем жасайтын болса, әлеуметтік төлем автоматты түрде тоқтатылады. Ал лайықты қызметке орналасқан соң оның жұмыс берушісі Қорға міндетті зейнетақы жарналарын аударады. Осындай жәйттердің барлығын тұрғындарға жүйелі түрде түсіндіріп, хабарлап отырамыз.

- Жалпы, көпшілікпен қанша-лықты жиі кездесесіздер? Салымшыларды қандай сауалдар мазалайды?

- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мамандары кез келген уақытта кеңес беріп, тұрғындарға қызмет көрсетеді. Салымшылардың сауалдары әр түрлі. «Шотты қалай ашуға болады?» деген қарапайым сұрақтан бастап, Үкіметтің назарына ұсынуға болатын өтініш-тілектерге дейін бар. Айталық, жыл басынан бері Қордың барлық филиалында 2,5 млн.-нан астам қызмет көрсетілді. Бұл ретте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Жолдауынан соң біздің қызметке сұраныстың бірнеше есе артып, сайтқа кірушілер қатары күрт көбейгенін атап өту керек. Мемлекет басшысы Қордағы жинақтардың бір бөлігін баспана сатып алуға немесе білім алуға пайдаланудың тетіктерін қарастыруды тапсырған болатын. Сөйтіп бұған дейін шотындағы аударымдарды, инвестициялық табыстарды бақыламаған адамдардың барлығы бірдей тірнектеп жинаған қаржысының сомасын білуге асықты. Тіпті бізге қандай көлемдегі ақшаны ала алатынын сұрап келгендер де бар. Бірақ әзірше нақты бағдарлама қабылданған жоқ. Ел Президенті жыл соңына дейін тиісті механизмді әзірлеуді тапсырды. Соған сәйкес, желтоқсан айында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоба ұсынуы тиіс. Әр үш ай сайын Қордың барлық филиалдарында «Ашық есік күні» шарасы өтеді. Біздің мамандар түрлі мемлекеттік орган өкілдерімен бірге тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, жаңашылдықтарды баяндап, кеңес береді. Одан бөлек «Мобильдік агент» жобасы аясында филиал мамандары кәсіпорындар мен ұйымдарға арнайы барып, жұмысшылармен жүздесіп, ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Мысалы, жыл басынан бері 9 ай ішінде 25,5 мың көшпелі кездесу ұйымдастырылып, оған еліміздегі әр түрлі кәсіпорында еңбек ететін 738,5 мыңдай адам қатысты.

Облыс көлемінде атқарылған жұмыстарға келсек, осы жылдың 10 айында өңірдің әр түрлі кәсіпорын-дарында 1248 көшпелі таныстырылымдар өткізіліп, оған 29 259 адам қатысты. Оған қоса Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен 9 аудан орталығында орналасқан 13 бөлімшеде тұрғындарға күн сайын қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кейбір қызметтері облыстың 9 елді мекеніндегі «Қазпошта» акционерлік қоғамының жергілікті бөлімшелерінде қолжетімді.

- Осындай ауқымды істерді атқару, тұрғындармен жұмыс істеу оңай емес. Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, шыңдау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Кез келген қызметтің өз қиындығы бар. Бұл ретте жұмыстың ауыртпалығы мен ауқымдылығы емес, нақты нәтиже маңызды. Сол себепті қызметкерлердің зейнетақы жүйесі, әлеуметтік қамсыздандыру туралы білулерімен қатар жан-жақты хабардар болғанын қалаймыз. Олар үшін филиалда әр аптаның сәрсенбі күндері оқу курсын өткіземіз. Жыл басынан бері 70-тен астам жоспарлы және жоспардан тыс оқу ұйымдастырылды. Қор қызметкерлері көшпелі семинар-тренингтерге де тұрақты түрде қатысады. Павлодар облыстық филиалындағы тәжірибелі мамандар арасынан 3 ішкі бизнес-бапкер таңдап алынды. Олар әріптестерімен осы уақытқа дейін жинаған білім-біліктерімен бөлісіп, тәжірибе алмасады.

Жалпы қазіргі кезде филиалда 61 адам еңбек етеді. Олардың қатарында «Қордың құрметті қызметкері» атағын иеленген 4 білікті маман бар. Филиал қызметкерлерінің жұмысы тұрғындар, мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар тарапынан жоғары бағаланып келеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Жасырын сатып алушы» бағалауының қорытындысына сәйкес филиалымыз қызмет көрсету сапасы бойынша бірінші орынды иеленді. Таяуда ғана Ұлттық валюта күніне орай 18 қызметкер облыстың аудан-қала әкімдіктері, мәслихаттары, басқа да мекемелері тарапынан түрлі марапатқа ие болды. Күн сайын тұрғындар ризашылығын білдіріп, көрсетілген қызметтерге оң бағасын беріп жатады. Бұл – басты жетістік.

- Алдағы уақытта сіздерді қандай жаңашылдықтар күтіп тұр?

- 2018 жылы көктемде Қорда «Мобильдік кеңсе» жобасы қолға алынған болатын. Осы жоба аясында Қор мамандары заманауи техникалармен және жер серігі байланысымен жабдықталған шағын автобуспен Алматы, Атырау және Қостанай облыстарында Қор бөлімшелері жоқ шалғай елді мекендерге барып, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Енді біздің филиалда да «Мобильдік кеңсе» жобасы жүзеге асатын болады. Сөйтіп алыстағы ауыл-аймақты аралаймыз. Себебі, кейбір шалғай елді мекендердің тұрғындары соңғы жаңалықтардан қалыс қалып, ғаламтордың жылдамдығы төмен болғандықтан, сайтқа кіре алмай қалады. Жылдамдығы жоғары интернет желісімен, өзге де коммуникациялық байланыс түрлерімен қамтылған «Мобильді кеңсе» жобасы іске қосылғаннан кейін алыстағы ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін боламыз.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан - Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz