- Нұржан Бейбітбекұлы, бүгінгі күнге дейін елімізде судъя-лардың 7 съезі өтті. Ауқымды шара мемлекетіміздің сот жүйесіне қандай өзгеріс әкелді?

- Судьялар съезі – мәртебелі жиын. Бұл шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен құқық, сот саласына қатысты барлық мәселелер талқыланады. Ұсыныс-пікірлер тыңдалады. Судьялардың алғашқы съезі 1996 жылы Алматы қаласында өткізілген болатын. Осы күнге дейін жеткен жетістіктеріміз мол. Мәселен, «ҚР Судьялар одағы» қоғамдық бірлестігі және мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды. Алқа билер сотының және медиация институттары енгізілді. Былтыр қараша айында халықтың сотқа деген сенімін арттыру мақсатында Судьялар әдебі кодексінің жаңа нұсқасы қабылданды. Құжатқа сәйкес, судьяның мінез-құлқы, адамгершілігі, болмысы жоғары болуы керек. Онда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, судья әдебін сақтау, адамгершілікті, кәсіби біліктілікті жандандыру мәселелеріне басымдық берілген. Осылайша, жыл сайын сот құрылымы даму үстінде.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар жайында не айтасыз?

- Иә, Мемлекет басшысы Жолдауда да сот жүйесіне деген сенімді арттыру мәселесін атап өтті. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою қажеттігін айтты. Бүгінде әрбір тұлға ашық сот процесіне қатыса алады. Заманауи ақпараттық технологиялардың көмегімен сот жұмысын көре алады. Бұл ретте қалалық соттың залдары аудио және бейнежазбалармен 100 пайыз қамтылған. Бейнебақылау - адамды тәрбиелейтін құрылғы. Оның алдында азаматтар өздерін әдепті ұстайды. Мысалы, сот отырысында екі тараптың арасында ұрыс-жанжалдар орын алып жатады. Ал бейнебақылау мұндай әрекеттерге шектеу қойды. Сондай-ақ, тараптар арасында негізсіз айыптаулар болмайды. Егер бір тарап жалған пікір білдірсе, айтқандары басқа бір істерде өзіне қарсы дәлелдеме ретінде ұсынылуы мүмкін. Осының бәрі судьялардың кәсіби тәртібін нығайтуға, тұрғындардың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Бұрын судья тарапынан мінез-құлықтың әдептік қағидалары бұзылса, азаматтар әуелі облыстық сотқа шағымданатын. Сөйтіп, арыздары рұқсат берілгеннен кейін ғана Жоғарғы сотқа жіберілетін. Бұдан былай, сотқа келген екі тарап судьяның заңға қайшы әрекетіне шағым келтірер болса, тікелей Жоғарғы соттың жанындағы сот алқасына арыз жаза алады. Бұл да сот жүйесінің ашықтығын көрсетеді.

- «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында мемлекеттің сот және құқық жүйесінде қандай өзгерістер орын алды?

– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 11 қадамы сот жүйесін реформалауға бағытталған. Оны жүзеге асыруда еліміздегі сот жүйесі 5 сатылы сот жүйесінен 3 сатыға қысқарды. ҚР Президенті жанындағы академияның Сот төрелігі институты «Жоғарғы Соттың жанындағы Сот төрелігі академиясы» болып құрылды. Сот жүйесі заман талабына сай электронды форматқа көшті. Бұл ретте «Сот кабинеті» электрондық сервисінің маңызы зор. Жүйеде әрбір сот отырысының жазбасы «сот кабинетіне» енгізіледі. Сотқа қатысушы кез келген тараптың жеке құпия сөзі болады. Сол арқылы сот отырысын қарап шыға алады. Сондай-ақ, жүйеге сотқа ұсынған барлық құжаттар мен сот ісі де тіркеледі. Тіпті, азаматтар сот отырысына келе алмаған жағдайда, сот процесін онлайн режимде қадағалай алады. Бұдан бөлек, сот ісінде «Төрелік» ақпараттық жүйесі де жұмыс жасайды. Онда судьяның барлық істері енгізілген. Яғни азаматтар, сотқа арыз берерде аталмыш жүйеге кіріп, туындаған дауы бойынша сот тәжірибесін қарайды. Сөйтіп, ұсынып отырған шағымының негізді немесе негіссіз екеніне жауап таба алады. Сондай-ақ, жүйеде сот ісіне қажетті құжаттардың тізімі де көрсетілген. Бүгінде арыздар, құжаттар, төленетін салықтардың басым көпшілігі электронды түрде жіберіледі. Кез келген азамат үйінде отырып-ақ, қағаздарын сотқа жібере алады.

- ҚР «Медиация туралы» заңының күшіне енгеніне 6 жылдай уақыт болды. Десе де, көпшілік медиацияның ережелерін толық біле бермейтіні байқалады...

- Ол рас. Медиаторлар қызметінің ерекшелігін көпшілік енді түсіне бастады. Бізге, судьялар алдына келетін азаматтарға ісі аса күрделі болмаса медиация қызметіне жүгінуді кеңес етеміз. Әрине оны таңдау, таңдамауы ерікті түрде. Десе де, кейбірі медиация рәсімін қолдану тиімді екендігін біліп, сол саладағы мамандардың қызметіне жүгінетін болды. Қазіргі уақытта судьялар да осы қызметті насихаттаумен айналысып келеді. Тыныш қоғамды бірге қалыптастыру қажет. Өткен жылы татуластыру шараларын халыққа түсіндіру мақсатында аудан-қалаларды аралаған болатынбыз. Наурыз айынан бастап аймақтағы барлық ауылдарын аралап, тұрғындарға медиация қызметі жөнінде кең мағлұмат беруді жоспарлап отырмыз.

- Сіз күніне 5-6 сот отырысына қатысады екенсіз. Жалпы, іс жүргізу мен үкім шығаруда қандай қиындықтар кездеседі?

- Судья болу үлкен жауапкер-шілікті талап етеді. Бұл атқа лайық болу үшін білім мен мол тәжірибе аздық етеді. Сот төрешісі қара қылды қақ жаратын әділ адам болуы тиіс. Халық судьяны тек шешім шығарумен ғана айналысады деп ойлайды. Біздің де қағаздан бас алмайтын кездеріміз болады. Себебі әр істің ар жағында адам тағдыры тұрады. Сондықтан шешім шығару да оңай емес. Судьялар орта есеппен алғанда 1 айда 60-қа жуық іс қарайды. Ал жылына бір судьяға шамамен 700 істен келеді.

- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан –
Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz