Алдымен филиал төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко аймағымызда партия жұмысын жандандыруға байланысты берілген тапсырмалардың орындалу барысын баяндады. Айтуынша, электоратты біріктіруге бағытталған жұмыс күшейтіліпті. Бұл ретте, партиялық кадрлық резервке іріктеу аяқталғанын атап өтті. Оған пилоттық түрде Павлодар қаласы өкілдері қатысты. Партия мүшелері айтарлықтай қызығушылық танытқан. Яғни, партия мүшелерінің сапалық та, сандық та жағын арттыруға мән берілді. Бастауыш партия ұйымдарымен жұмыс жүйелендірілген. Көшпелі отырыс- тар ұйымдастыру қолға алынған. Сонымен қатар, партияның белсенді мүшелері мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдеріне саяси процестерді басқару теориясы мен тәжірибесінің негіздері оқытылған.

Партия органдарының әлеуетін барлық деңгейде барынша іске асыру да назарға алынған. Партиялық бақылау комиссияларының құрам-дары жаңартылыпты. Облыс әкімі Б.Бақауов барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттық фракциясы қызметін белсендендіруді тапсырған болатын. И.Теренченко жүктелген міндет жүзеге асқанын, кейбір аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшілері ауыстырылғанын атап өтті. «Фракция күні» облыстық жобасы іске асқаны белгілі. Бұл жобаға партияның Орталық аппараты оң бағасын беріп, ал өзге өңірлер қызығушылық танытып жатқан көрінеді. Жалпы, депутаттардың белсенділігі артты, дейді И.Теренченко.

Сонымен қатар, облыстық филиалдың бақылау-тексеру комиссиясы аумақтық филиалдар жұмысына аудит жүргізіп, кемшіліктер анықтапты. Мәселен, Железин, Май, Шарбақты аудандары мен Екібастұз қаласы филиалдарында партия мүшелерін қабылдау және есепке алу, партиялық жарналарды жинауда тиісті талаптардың сақталмағаны анықталған. Аталмыш филиалдардың бірқатар жауапты азаматтары тәртіпке шақырылмақ.

Азаматтарды қабылдау жұмысына маңыз берілуде. Айта кету керек, облыс әкімі Болат Бақауов апта сайын тұрғындарды жеке мәселелері бойынша партияның облыстық филиалында қабылдайды. Барлығы 18 қабылдау шарасы өтіп, 246 адамның өтініші тыңдалған. Жалпы, облыс көлемінде партия көмегіне жүгінген азаматтардан 3835 өтініш түскен. Олардың 49,5 пайызы оң шешімін тауыпты.

- Қазіргі таңда партиялықтар алдында қоғамды біріктіріп, өзекті мәселелерді қоғамдық қабылдаулар арқылы шешу міндеті тұр.

Аймақ басшысы актив отырысында еліміздің бүгінгі жетістіктері Елбасының есімімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Тарихқа шегініс жасап, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиындықтардан Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында абыроймен шыға білгенімізді айрықша атады.

Аймақ басшысы өңіріміздің қазіргі өсу көрсеткіштеріне де кеңінен тоқталды. Әр саладағы жетістіктерді атап өтті. Базалық макрокөрсеткіштердің оң динамикасы сақталып отыр, деді. Өңірдің экономикасы биыл 1,6 пайызға өскен. Мемлекеттің қолдауымен өңірімізді дамытуға жан-жақты қолдау жасалып жатқанын да мәлім етті. Әлеуметтік сала назардан тыс қалмайды, келесі жылы бюджеттің елу пайызы дәл осы саланы қолдауға бағытталады, деді аймақ басшысы. Облыс әкімі жұмысымыз қаржы бөлумен ғана шектелмей, оның тиімді жұмсалуы қадағалануы тиіс, деді. Яғни, салынған мемлекеттің әр теңгеден нақты нәтиже болуы қажет. Осы ретте, партия, мәслихаттар мен депутаттық фракция жұмысы жер-жерде жемісті болуы тиіс, деді.

- Алдымен әрбір әкімнің және мәслихаттардағы фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін түбегейлі күшейту керек. Бөлінген бюджет қаржысының жұмсалуына партиялық нақты бақылау жүргізілгені жөн. Депутаттар тұрғындармен кездесіп, мәселелеріне құлақ асып, олардың шешілуіне ұйытқы болулары тиіс, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Сондай-ақ, партия қатарында кездейсоқ адамдар емес, нағыз жанын салатын, қоғамға пайдасын тигізуге ниетті азаматтар болуы тиіс, деді. Елбасы партияның әрбір облыс, қала мен аудан бойынша сайлауалды бағдарламасын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Осы ретте, аймақ басшысы жауапты орынбасарына 2020 жылдың 1 наурызына дейін облыс аумағын дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірлеп, қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі азамат-тардың өтініш-тілектері жергілікті жерде мұқият зерделенуі тиіс, деді. Сондықтан, жер-жерде азаматтарды қабылдау жұмысы жүйеленуі қажет.

- Партия филиалдары төраға-ларына азаматтарды қабылдау және өтініштерін сапалы қарауды қамтамасыз етуді тапсырамын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мәні – осында, - деді облыс әкімі.

Жиында аймақ басшысы сапалы партиялық кадрлар резервін қалыптастыруды бастау қажет, деді. Партия қатарына көпке танымал азаматтар көптеп тартылмақ. Бұл орайда, сайлауалды партиялық тізімдегілердің кем дегенде 30 пайызын әйелдер, 20 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құруы тиіс. Қысқасы, партия жұмысын нақты нәтижеге ғана бағыттамақ. Партия жұмысына жастар да көптеп жұмылдырылмақ.

- Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында партия қажетсіз және формалды іс-шаралардан арылады. Енді тек нақты жұмыстарға көңіл бөлінеді. Елбасы әрбір отбасыға жетіп, мұқтаждарға көмектесуді тікелей тапсырды. Бүгінде партияның облыстық филиалына өмірдің қиын жағдайына душар болған, көмекке мұқтаж отбасыларды анықтап, оларға қамқорлық жасауды жүктедім, - деді филиал төрағасы.

Актив соңында бір топ азамат салтанатты түрде партия қатарына қабылданды.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz