Шараға облыс әкімі Болат Бақауов, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты.

Шараның шымылдығы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы Президент болып сайланған соң ант беру рәсімі бейнеленген көрініспен түрілді. Кейін Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асқан ауқымды істер – Ұлттық валютаны енгізу, бас қаланың ауысуы, Біріккен Ұлттар Ұйымына төрағалық етуге қатысты бейнелер көпшілік назарына ұсынылды. Нұрсұлтан Әбішұлының әр жылдары берген сұхбатында отбасылық құндылықтар, жастар, билік пен бизнес туралы айтқан ой-пікірлері, Павлодар облысына сапары барысындағы кездесулерден естелік сәттер, өңіріміздің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалына берген оң бағасы экранда көрсетілді.

Мерекелік шара аясында павлодарлық ақын Асығат Тұрғанбек пен танымал композитор Лұқпан Жолдасовтың туындысы – «Ертіс-Баян» әніне түсірілген бейнебаянның тұсаукесері өтті. Аталмыш шығарманы орындайтын «МузАрт» тобының клипінде Баянауылдың, Маралдының, Ақсу мен Павлодар қаласының тарихи, көрікті жерлері, сәулеті келіскен, менмұндалаған ғимараттары қамтылған.

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы мен облыстық «Шаңырақ» орталығының әртістері Елбасы сүйіп орындайтын әрі тыңдайтын туындыларды ән шашу ретінде ұсынды. Отандық эстраданың белгілі әншілері – Маржан Арапбаева мен Әміре кештің көрігін қыздырды.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz