Жаңа жылыжай кешенінің ашылуына облыс әкімі Болат Бақауов қатысып, кәсіпорынның әлеуетін жоғары бағалады.

Серіктестік директоры Бауыржан Каменовтің айтуынша, өнім бұған дейін небары 10 гектардан ғана алынып келген. Енді 20 гектар аумақта қызанақтың 12 түрі өсірілуде. Құны 19,2 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба шеңбе- рінде жылыжай кешенінің аумағы 50 гектарға дейін жеткізілмек.

- Жаңа жылыжай кешені 4 бөліктен тұрады. Тоңазытқыш қоймасы мен қызмет көрсету орталығы қарастырылған. Қолайлы ауа температурасын реттеу үшін голландиялық қондырғылар сатып алынды. Өнімнің 90 пайызы Ресейге экспортталады. Былтыр 2,7 мың тонна қызанақ жиналды. Қызанақтан бөлек, 5 гектар аумақта раушан гүлі өсіріледі. Алдағы уақытта тұтынушыларды қызғалдақпен қызықтыратын ойымыз бар, - дейді Б.Каменов.

- Шыны керек, әу баста жылыжай кешенінің жобасына күмәнмен қарағаным рас. Дегенмен, кәсіпорын басшылығы жыл сайын қомақты қаражат құйып, өнім көлемін арттыруда. Сөйтіп, зор сенімге ие болып отыр. Аймағымыздың агрокешенінің дамуы өз алдына, серіктестік басшылығы әлеуметтік қамқорлық жағын қалыс қалдырмауда. Мұндағы жұмыскерлердің 80 пайызы – әйел. Екібастұз өңірі өндірістік кәсіпорындар шоғырланған шаһар саналатындықтан, әйелдердің көбі екі қолға бір күрек таба алмай жүрді. Ер азаматтар атқаратын ауыр жұмыстарды істеуге мәжбүр болды. Жаңа жылыжай кешенінің іске қосылуы әйелдер арасындағы жұмыссыздық мәселесін едәуір деңгейде шешіп отыр. Алдағы уақытта жылыжай кешені кеңейетінін ескерсек, тағы да тұрақты жұмыс орындары ашылатыны сөзсіз, - деді аймақ басшысы.

«Nurly Ertis» бағдарламасы шеңберінде елордадан Екібастұзға қоныс аударған отбасы мүшелері де осында жұмысқа орналастырылған.

Жылыжайдың ашылуынан кейін облыс әкімі Болат Бақауов аталған бағдарлама шеңберінде қоныс тепкен Игіліковтердің отбасында болып, Әміре есімді азаматтың тұсауын кесті.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz