- Сәния, өңірімізде алғаш рет ұйым-дастырылған «Ертіс дарыны-2019» байқауында алған жүлдең құтты болсын! Жаңа жоба туралы ойыңмен бөліссең...

- Рақмет. Бұл жоба өңірдегі белсенді жастарға үлкен шабыт бергені анық. Меніңше, «Ертіс дарыны» байқауы жастардың өз саласы бойынша биік белестерді бағындыруына, тың идеялар тудыруына, олардың өміріне жаңаша серпін әкелуіне, сонымен қатар, жас мамандарға үлкен жігер бергеніне сенімдімін. Ертіс-Баян өңірінен талай-талай дарынды, талантты, өз ісінің нағыз маманы бола білетін білімді жастар көптеп шығуда. Олар өңіріміздің намысын тек республикалық деңгейде ғана емес, әлемдік додаларда да үздік қорғап, биік белестерді бағындырып жүр. Аймақ жастары волонтерлік жолда болсын, білім-ғылым саласында да, спортта да еліміздің көк байрағын биікке көтеріп, Әнұранымызды әуелетуде. Ал сондай жандарды неге қолдап, рухын көтермеске?

- «Жыл серпіні» атану қандай жауапкершілік жүктейді?

- Мен медиа саласы бойынша қатыстым. Облыс әкімі Болат Бақауов «Жыл серпіні» аталымын табыс еткен кезде бойымды зор қуаныш кернеді. Мұны осы жыл бойы жеткен жетістіктерімнің жемісі деуге болады. Бұл менің ары қарай жетілуіме, бұдан да биік жетістіктерге жетуіме жол ашып, үлкен күш берді.

«Ертіс дарыны» байқауында «Жыл серпіні» аталымы менімен бірге «Мисс Қазақстан - 2019» байқауында жеңіске жеткен Мәдина Батық пен америкалық рэп әншісі Сент-Джонның әніне ремикс жазып, бір-ақ күнде танымал болған ақсулық Иманбек Зейкеновке бұйырды.

- «Қазақ аруы - 2019» байқауынан кейінгі Сәнияның өмірі қаншалықты өзгерді?

- «Қазақ аруы» байқауынан кейін менің өмірімде айтарлықтай өзгеріс болды десем қателесетінім анық. Байқауға дейін қандай қарқында жұмыс жасасам, қазір де сол қалпымдамын. Дей тұрғанмен, «Қазақ аруы» менің шығармашылық тұрғыдан өсуіме, кейбір ірі жобаларға қатысуыма жол ашқанын мойындауым керек. Соның ішінен атап айтар болсам, жуырда отандық «Армандас- тар» телехикаясына түстім. Бұдан бөлек, Маралды демалыс аймағының бет-бейнесіне айналдым. Қазір де шығармашылық бағыттағы ұсыныстар аз емес. Негізі, «Қазақ аруы» атанғаннан кейін сол жетістігіме масаттанып жүре беретін болсам, бүгінгі дәрежеге жетпес те едім. Яғни, менің қазіргі марапаттарымның барлығын бір ғана «Қазақ аруымен» байланыстыруға болмайды. Себебі, бала күнімнен үнемі ізденісте жүретін мен үшін бұл белестерді бағындыру адал еңбектің арқасы дер едім. Кез келген жеңіс пен биіктік 99 пайыз еңбекпен келетіні белгілі.

- Қазіргі таңда «Жас Отан» жастар қанатында жұмыс істейді екенсің...

- Иә, қазір «Жас Отан» жастар қанатында қызмет етудемін. Бұл жерде жүрген әр жастың мақсаты мен міндеті біреу. Біз еліміздегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бар күшімізді саламыз. Сонымен қатар, жастар арасындағы мәдениетті қалыптастыруға, олардың зияткерлік және кәсіби деңгейін арттыруға көмектесеміз. Өзінің жеке кәсібін бастауға ниетті жастарды қолдап, кәсіпкерлік жолын қалыптастыруға жәрдемдесеміз. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарын бітірген жастардың жұмысқа орналасуына қол ұшын беру - біздің басты міндетіміз. Жалпы, замандастарымызды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, қамқорлық пен мейірімділікке тәрбиелеу бойынша да бірқатар жобамыз бар. Осындай мақсат пен міндеттерге сүйене отырып, қоғамға, жастарға пайдасын тигізетін істермен айналысамыз.

- Жыл басында болған сұхбатымыз- да педагогтық жолдан алыстамаймын деген едің. Мектептегі қызметіңді тоқтатуыңа не себеп болды?

- Иә, мектептен кетпейтінімді, педагогикалық жолды жаныммен қалай-тынымды айтқан едім. Олай дейтінім, мен әлі де мектепте қызмет етемін. Қазір «Жас Отан» жастар қанатындағы қызметім менің негізгі жұмысым болса, қосымша мектепте көркемсөз оқуларынан үйірменің жетекшісімін. Жұмасына бірнеше сағат болса да мектепке барып, өзімнің сүйікті оқушыларыммен кездесіп тұрамын. Сондықтан, мені «мектептен түбегейлі қол үзіпті» деуге болмайды. Тіпті, мектептен кету ойымда жоқ. Болашақта өзімнің жеке оқу-білім орталығымды ашып жатсам, мұндағы жұмысымды тоқтатуым мүмкін. Бірақ, бұл менің ұстаздық жолдан ұзап кетуімді білдірмейді.

- Сөз басында «Армандастар» теле- хикаясына түсіп, өзіңді актерлік қы- рыңнан танытқаныңды айттың. Білуімше, оны көпшіліктің көңілінен шығып, оң бағасын алған «Келінжан», «Қарлығаш ұя салғанда» телехикая-ларының продюсері, танымал Гүлнұр Мамасарипова түсірді. Ол кісінің на- зарын өзіңе қалай аударттың?

- Шынымды айтсам, бұл мен үшін де күтпеген жаңалық болды. Гүлнұр ханымның командасынан дәл осындай ұсыныс түскен кезде бірден қабыл алдым. Негізі, Гүлнұр Мамасарипова «Армандастар» телехикая- сын түсірмес бұрын өзінің Instagram әлеуметтік желісінде әнші, актриса Кәмшат Жолдыбаеваға ұқсайтын адам іздейтінін жазып, хабар қалдырған екен. Сол хабарламаны көрген оқырмандардың басым бөлігі мені белгілеген. «Қазақ аруы» байқауынан кейін менің әлеуметтік желілерге жүктеген суреттеріме оқырмандарым үнемі «Кәмшатқа қатты ұқсайсыз», «Кәмшаттан аумайсыз» деген пікірлерді көптеп қалдыратын. Міне, осы пікірлер Гүлнұр Мамасарипованың да құлағына жеткен. Екі жақты келісімнен кейін «Армандастар» телесериалындағы Кәмшаттың жастық шағын сомдау бұйырды.

- Қиындығы мен қызығы қатар жүретін өнер саласына қадам басуың құптарлық. Дегенмен, сериалға түсу барысында қиындықтар болған шығар?

- Әрине, кез келген тың жобаның өзіндік қиындықтары болатыны анық. Сол тәрізді телехикаяны таспалау барысында да бірқатар қиындық кездесті. Мысалы, мен үшін ең ауыр болғаны менің табиғатыма қарама-қайшы келетін адамның образын сомдау, оның ойынына көрерменді сендіру болды. Негізі, мен табиғатымнан өзімнің бар сезімімді, ішкі толғанысым мен жан дүниемде болып жатқан дүниені сыртқа шығара бермейтін адаммын. Ал мен сомдаған кейіпкер керісінше тым сезімтал, мұңайса да, жыласа да, қуанса да бәрі оның жүзіне шығып тұруы керек еді. Сол мінездерді беру сәл ауырлық тудырды. Менің қорқынышымды сейілтіп, барынша көмек қолын созған әріптестеріме алғысым шексіз. Продюсерден бастап, операторлар мен әрлеушілерге дейін, сонымен қатар телехикаядағы әріптестерімнің қолдауы маған жүктелген міндетті ойдағыдай алып шығуыма септігін тигізді. Осы ретте, мені барынша демеп, ақыл-кеңесін айтқан әріптесімнің бірі - телехикаядағы басты рөлді сомдаушы Әл-фараби Авсаматов деген азамат. Ол кісі әр уақытта ақыл-кеңесін айтып, актерлерге тән әдіс-тәсілдерді көрсетіп, жаттығуларды үйретті. Түсірілім алаңында өзімді барынша еркін әрі берілген рөлімді сенімді етіп сомдауым үшін барынша көмек қолын соза білді.

- «Жастар жылының» аяқталуына да санаулы күндер қалды. Осы уақыт аралығында атқарылған істерге көңілің тола ма?

- Иә, «Жастар жылын» қорытындылап, баға беретін уақытқа да келіп жетіппіз. «Жастар жылы» аясында жастар арасында кездесетін бірқатар мәселелер оң шешімін тауып, бастамашыл жастарға қолдау көрсетілді. Ағымдағы жылда еліміздегі жас буын өкілдеріне арналған пайдалы жобалар көптеп қолға алынды. Әсіресе, жеке кәсібін ашып, бизнес әлемінде өзінің жеке сүрлеуін қалыптастыруды қалайтын жастарға қолдау ерекше болды. Сонымен қатар, өңірдегі жастар арасында жиі кез- десетін жұмыссыздар қатары азайып, жас шеберлердің төл өнімдерін нарыққа шығаруына жол ашылды. Дәл осындай жобалар аясында жастар өз мүмкіндіктерін кез келген салада бақылап көріп, жетіліп, көптеген жетістіктерге жете алды. Бұл игі бастамалардың келесі жылы да жалғасын табатынына сенімдімін. Себебі «Жастар жылынан» кейін келетін «Еріктілер жылы» да жастардың жарқын болашағын қалыптастыруына бағытталатыны хақ. Осы жылда жетістікке жеткен азаматтар өте көп. 300-ден астам жас бақ сынаған «Ертіс дарыны-2019» байқауы оған дәлел. Бұл жобалардың барлығы «Жастар жылы» аясында жүзеге асты. Замандастарымды алдағы уақытта да дәл осы қарқында еңбек етуге, ізденуге шақырамын.

- 2019 жылды сен үшін табысты жыл болды десек қателеспеспіз. Келер жылдан не күтесің?

- Биылғы жыл мен үшін жеңіс пен жетістікке толы болды. Болашаққа құрған жоспарым анық. Қай бағытта еңбек ететінім де белгілі. Бұған дейінгі сұхбатымда әлемдік деңгейдегі сұлулық байқауларына қатыспайтынымды айтсам, қазір мүлдем сұлулық сайыстарына қатысудан бас тартып отырғанымды мәлімдегенмін. Себебі, мен - мақсатыма жеткен адаммын. Ол «Қазақ аруы» атану еді. Енді өзімнің бар уақытым мен тәжірибемді білім-ғылым саласына арнауды жөн көріп отырмын. Яғни, магистратураға оқуға түсіп, шет тілдерін жетілдіріп, ары қарай ғылыми еңбектерді жазуды қолға алмақпын. Ендігі кезекте елімнің білім-ғылым саласына өз үлесімді қосып, жетістікке жетуді қалаймын.

- Армандарыңның орындалуына, мақсатыңа жетуіңе тілекшімін!

 

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz