Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ, ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі: (пікір интернеттен әзірленді): - Әлемдік ресурстар институтының зерттеуіне сүйенсек, қазіргі таңда 2 миллиардтай адам сусыз өмір сүріп жатыр екен. Сонымен қатар, 68 мемлекет су тапшылығын сезіп отыр. Солардың қатарында біздің мемлекет те бар. Ал география институтының мамандары Қазақстанның сумен қамтылу деңгейінің жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын айтуда. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Сол үшін осы бағыттағы жұмыстарды ширату қажет. Қазіргі таңда су шаруашылығы жобалық, құрылыс және эксплуатациялық жұмыстарды жүргізе алатын инженерлерге өте мұқтаж. Өйткені, жерасты суларын барлап, зерттей алатын гидрогеологтар тапшы. Жалпы, су шаруашылығы саласындағы кадрларды даярлау мәселесімен еліміздегі 3 жоғары оқу орны 3 мамандық бойынша ғана айналысуда екен. Өткір қажеттілікті ескере отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарында су шаруашылығы мамандықтары мен оған бөлінетін гранттарды арттыруы керек. Сондай-ақ, Үкімет халықты сумен қамтуға бөлінетін қаражатты қадағалауды күшейту қажет.


Қадылжан СӘТИЕВ, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы: - Елдегі ең ірі өзен - Ертіс біздің өңірімізді басып өтеді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз қажет. Ол үшін суармалы жерлерді көбірек пайдалануға беріп, су құрылғыларын заманауи технологияларға сай жаңартып отыру керек. Сондай-ақ, бүгінде су шаруашылығы саласын жетік білетін мамандар өте тапшы. Осы мәселені шешу жолдарын қарастырған жөн.

Жалпы, аймағымызда ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Соның нәтижесінде 2023 жылға дейін аймақ тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарымызда бар. Соңғы үш жылда облысымызда орталықтандырылған су құбырларын тарту жұмыстары 19 пайыздан 40 пайызға дейін артқанын атап өткен жөн. Тек биылғы жылдың соңына дейін су құбырларын тартуға байланысты 42 жобаны іске қосатын боламыз. Нақты жоспар бар. Қазіргі уақытта бізде 30-дан астам жобаның сметалық құжаттары әзірленіп, дайын тұр. Бұл жұмыстарды 2020 жылы жүзеге асыра бастаймыз. Сондықтан алдағы уақытта аймағымызда су тапшылығы мәселесі оң шешімін табады деген үміттеміз.


Мақсұт ЗАКИРОВ, облыс тұрғыны: - Сусыз өмір сүру өте қиын. Өкінішке қарай, ауызсу тапшылығы мәселесі біздің өңірімізде де баршылық. Десе де, бұл істің күрмеуін шешу мақсатында билік тарапынан көп жұмыс атқарылып жатқанын атап өткен жөн. Бүгінде облысымыздағы бірқатар елді мекендерде ауызсу мәселесі біртіндеп оң шешімін табуда.

Бұқаралық ақпарат құралдарынан естуімізше, елімізде алдағы үш жылда халықты сумен қамту үшін қазынадан қомақты қаражат бөлініп, су тарту, арналарды жөндеу және гидротехникалық құрылымдарды қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақ екен. Қуантарлық жағдай, әрине. Бірақ, бұл бағыттағы істің нәтижелі болуы үшін алдымен жобалау жұмыстарының жоспарын жасауда қателікке жол берілмеуі қажет. Сол үшін осы салаға тікелей жауапты мамандар «жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидасын қатаң ұстанса екен деймін. Әйтпегенде, «бір қайнауы ішінде» шикі жобалар жол ортада қалып қойып жататыны жасырын емес. Жалпы, алдағы уақытта судан тапшылық көріп отырған өңірлердің мәселесі терең зерттеуді қажет ететінін ескеру керек сияқты. Ең бастысы, тұрғындарды таза әрі сапалы ауызсумен қамтуға айрықша мән берілуі тиіс.

 

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.

saryarka-samaly.kz