«Луганск» өндірістік кооперативі мал басын көбейтіп, сүттің сапасын арттырып, жұмыс күшін оңтайландыруға үнемі баса мән береді. Былтыр мұнда 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы салынды. Араға бір жыл салып тағы бір жобаны жүзеге асырды. Атап айтқанда, өткен сенбі күні 600 басқа лайықталған тауарлы сүт фермасының алғашқы кезеңі – 300 басқа арналған мал базын іске қосты. Келесі жылы екінші кезең – тағы 300 басқа шақталған ферманы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Кооператив басшысы Петр Кузьменконың айтуынша, жаңа нысандардың жұмысы өнімнің сапасын жақсартып, көлемін арттырады.

- Бүгінгі күні сүт өнімдеріне қойылатын талап жоғары. Сәйкесінше, біз – өңдеу орындарын шикізатпен қамтитын шаруашылықтар да сапаға баса мән беруіміз керек. Осы мақсатта тауарлы сүт фермасын салуды мықтап қолға алдық. Былтырғы және биылғы жобалар бірдей. Бүгінде 300 басқа арналған мал базы мен «Елочка» аппаратына арналған нысан дайын. Ендігі ретте тағы 300 басқа арналған ферманың құрылысына кірісеміз, - дейді П.Кузьменко.

Жаңа тауарлы сүт фермасының ашылуы ауылда қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, сауыншы, малшы, аппарат операторлары сынды 10 маман кооператив қызметкерлері қатарына қосылды.

Айта кетелік, өңірдегі ірі шаруа-шылықтардың бірі саналатын «Луганск» өндірістік кооперативінде бүгінде 6700 ірі қара бар. Олардан тәулігіне 15-16 тонна сүт алынып, жергілікті сүт өңдеу орындарына тапсырылады.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz