Кеше облыс орталығында «Еңбегі жанған арулар» атты республикалық форум ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстанның іскер әйелдері қауым-дастығының әр аймақтағы филиал өкілдері қатысты. Қауымдастық президенті Раушан Сәрсембаеваның айтуынша, павлодарлық нәзік жандылар республикадағы ең іскер мамандардың қатарында.

- Қауымдастықтың 25 жылдығына орай республикамыздың әр аймағында іскер әйелдердің форумын ұйымдастыру жоспарланған. Бұған дейін алқалы жиын Ақтау және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткізілді. Павлодар облысының нәзік жандылары қай саланы алып қарасаң да, көшбасшылардың қатарында. Бұл, әрине, аймақ басшысының зор қолдауының арқасы деп білеміз. Жасыратыны жоқ, елімізде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, суицид мәселесі өткір тұр. Алдағы жұмысымыз аталған проблемаларды шешуге бағытталады, - дейді Р.Сәрсембаева. Ол биыл Орталық Азиядағы «Ең үздік көшбасшы әйел» атағын жеңіп алғанын атап өткен жөн.

Жиынға қатысқан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко бастауыш сынып мұғалімінен мәжіліс депутаты мансабына қалай қол жеткізгенін әңгімелеп берді. Облыс әкімі Болат Бақауов қос мейманға жылы лебізін білдіріп, Құрмет грамотасын табыс етті. Аймақ басшысы облыстың білім саласындағы әйелдердің үлесі – 82 пайыз, денсаулық сақтау саласында – 76 пайыз, мәдениет саласында – 70 пайыз, мемлекеттік қызмет саласында – 70 пайызға жуық екенін атап өтті. Шағын және орта бизнес кәсіпорындарында 130 мыңнан аса әйел еңбек етуде. Жергілікті атқарушы орган басшыларының 37 пайызы – нәзік жандылар.

Жиын барысында еңбекқорлығымен көзге түскен аймағымыздың іскер мамандары марапатталды. Қуантарлығы, бұл күні кейде еңбектері еленбей қалатын қарапайым мамандық иелеріне құрмет көрсетілді. Солардың бірі – сылақшы Лаура Қадырова.

- Қауымдастықтың атқарып жатқан нәтижелі шаруасы жетерлік. Қайырымдылық акцияларын ұйым-дастыруда да белсенділік танытуда. Еңбегім еленіп, құрмет көрсетілгеніне ризамын, - дейді Лаура.

Форум қауымдастық мүшелері үшін ұйымдастырылған семинар-тренингке ұласты.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz