- Саян Ержанұлы, жаңа жыл қарсаңында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу әрекеттері қаншалықты жиі кездеседі?

- Соңғы бес жылда біздің мекемеге қарасты орманшылықтарда мұндай бірде-бір факт тіркелген жоқ. Бұл алдын алу шараларының жүйелі жүргізілуінің нәтижесі деп білемін. Айталық, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес, 1 желтоқсаннан бастап қылқан жапырақты ағаштарды қорғау бойынша жұмыстар күшейтілді. Соған сәйкес, 7 мобильді топ құрылып, Тереңкөл ауданынан Шығыс Қазақстан облысына дейінгі аумақты алып жатқан ормандағы жағдайды мықтап бақылауға алды. Құрамында орман күзеті, жергілікті полиция өкілдері бар бұл топ негізгі жолдарды тексеріп, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, демалыс, мереке күндері мобильдік топтардың жұмысы қыза түседі. Себебі сол уақытта тұрғындар заңсыз ағаш кесуі әбден мүмкін. Бірақ осы уақытқа дейін жүргізілген 8 рейдтің барысында құқық бұзушылықтар анықталмады.

- Тиісті шараларды атқаруға жұмыс күші мен техника жеткілікті ме?

- Иә, бұл тұрғыдан алғанда еш қиындық жоқ. Мамандардың иелігіндегі 7 жеңіл көлік қажетті құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар, мобильді топ мүшелерінің барлығында радиобайланыс бар. Қандай да бір жағдай орын ала қалса, соның көмегімен құзырлы мекемелерге дер кезінде хабар беруге болады.

- Ағаштарды заңсыз кескен тұрғындарға қатысты қандай шаралар қолданады?

- Табиғатқа келтірілген шығын-ның көлеміне байланысты ҚР Қылмыстық және Әкімшілік Кодекс-теріне сәйкес жауапкершілікке тартылады. Атап айтқанда, бір қарағай немесе шыршаны кесу 15 айлық есептік көрсеткішке, яғни 37 875 теңгеге теңестіріледі. Егер тұрғын орман қорына 100 айлық есептік көрсеткіштен артық залал келтірсе, бұл қылмыстық іс болып саналады. Мұндай жағдайда құқық бұзушы 160 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл төлеуі, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Сондықтан тұрғындарға заңсыз әрекеттерге бармай, жаңа жылда жасанды шыршаларды орнатуға кеңес береміз.

- Осы орайда орманшылар қысқы уақытта қарағай, шыршаларды қалай күтіп, баптайды?

- Қыс – қылқан жапырақты ағаш-тарға ең қолайлы уақыт. Сондықтан жылдың осы мезгілінде ерекше күтіп, баптауды қажет етпейді. Десе де, орманшылар олардың кесілмеуін, құлап қалмауын қадағалайды.

- Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеме мамандары ағаштарды сақтап қана қоймай, орман қорын көбейтуге де өз үлестерін қосатын болар...

- Әлбетте, біз үшін орман алқабымен көмкерілген аумақты, жасыл желекті жерді көбейту маңызды. Мекемеге қарасты орманшылықтар бұл бағытта да жұмыс істейді. Мәселен, былтыр 10 гектар алқапқа қылқан жапырақты ағаштардың көшеттерін отырғызсақ, биыл 10,4 гектарға қарағай, шыршаларды салдық. Олардың 76 пайызы жақсы тамыр тартты. Орман қорын көбейту үшін осындай ауқымды істер атқарылып жатқан тұста тұрғындар аз уақыттық қызық үшін қарағайларды кесіп, жаңа жылдың сәніне айналдырмаса екен дейміз. Табиғат – бәрімізге ортақ қазына, сондықтан оны аялау да – баршамызға ортақ парыз.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz