- Баһадүрхан Шәріпұлы, сіздің ғалым әрі мектеп оқулықтарының авторы екеніңізді білеміз. Соңғы кезде қоғамда қазіргі оқулықтардың сапасына қатысты сын жиі айтылуда. Бұған не дейсіз?

- «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Демек, сын әрдайым болады және болғаны жақсы. Бірақ, сынның да түр-түрі бар. Яғни, орынсыз айтылатын сын да болады. Мәселен, қазіргі таңда жаңартылған бағдарлама бойынша 11-сыныптарға арналған оқулықтардың жобасын әзірлеп, оның мазмұны мен сапасын мұғалімдер арасында талқылап, пікір алмасу мақсатында өңірлерді аралап жүрміз. Әркім өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтуда. Сонда бір мұғалім кітаптың сыртқы мұқабасы жұмсақ екенін сынға алды. Шын мәнінде кітаптардың сыртқы мұқабасы, салмағы, түр-түсі, дизайн, берілетін кескіндемелер, суреттер мен парағының санына дейін белгіленген норма бойынша жасалады. Осы мақсатта құрамында санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандары, дәрігерлер, ғалымдар бар үлкен команда жұмыс істейді. Яғни, олар әдептен озбауы керек. Айталық, 11-сыныптың оқулығы 270 бетттен аспауы қажет, ал бастауыш сыныптарға арналған оқулық- тардың көлемі бұдан аз болуы тиіс. Тіпті, кітаптағы қойылатын белгілердің түр-түсі де окулист мамандармен келісіліп, бекітіліп, содан кейін ғана басылады. Себебі, оқулықтағы сөздер жеңіл оқылып, баланың көзіне кері әсерін тигізбеуі қажет. Міне, осындай нормалардың бар екенін кейбіреулер біле бермейді. Сонымен қатар, соңғы уақытта жаңартылған бағдарлама бойынша жазылған оқулықтардың мазмұнына қатысты да түрлі пікірлер айтылып жүр. Себебі, бұл жерде тағы да мұғалімдер мен ата-аналар көп нәрсені түсіне бермейді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің талабы бойынша оқулықтың мазмұны 4 жыл сайын өзгеріп тұруы тиіс. Өйткені, біздің қоғам күн санап өзгеруде, өркендеуде. Мысалы, география оқулығын алсақ, 4 жылдың ішінде ондағы халық саны, жер-су аттары, басқа да мәліметтердің біразы өзгеріп кететіні белгілі. Оны кейінгі жас буынға дұрыс түсіндіру үшін жаңартып отыруға тура келеді. Сол сияқты ғылым да дамып келеді. Сондықтан қарапайым деңгейден күрделі деңгейге дейін көтеріліп, балаларымыздың ой-өрісін жан-жақты дамыта беруіміз керек.

Жалпы, ҚР Білім және ғылым министрлігі бізге үлкен міндеттер жүктеп, алдымызға межелі мақсат қойып отыр. Сол үдеден шығу үшін кітап шығарушы авторлар көп ізденіп, жұмыс істеуде. Ал кейбір ұстаздар осы мақсаттағы оқу бағдарламасының мән-жайын дұрыс түсінбегендіктен, жағымсыз пікірлер айтып жатады. Сондықтан жаңа бағдарлама қабылданған кезде ең алдымен мектепте, ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Ұзақ жылдар бойы ескі жүйеге етіміз үйреніп қалды. Бірақ бүгінгідей жаһандану дәуірінде көштен қалмауымыз қажет. Бұл – заман талабы. Десе де, 4-5 жылдан кейін жаңартылған бағдарлама бойынша жасалған оқулықтырдың жемісін көреміз деген үміт бар. Сондықтан жаңашылдықты түсініп, қабылдау үшін уақыт қажет.

- Мектеп оқулығы қалай жазыл-ады?

- Әрине, мектеп оқулығын кез келген адам жаза бермейді. Ол үшін көп еңбектеніп, іздену қажет. Бір оқулықты жазып, баспадан шығару үшін кем дегенде 2 жыл уақыт кетеді. Мәселен, бір тақырып шамамен бір аптадай жазылады. Бұл істі бастамас бұрын ойланып-толғанып, кітаптың идеясы мен мазмұнын нақтылап, көп тер төгу қажет. Содан кейін дайын болған оқулық 10-12 рет сараптамадан өтіп, баспадан шығады.

Негізінен оқулықты үш адамның жазғаны жөн. Яғни, ғалым, мұғалім және әдіскер. Сонда ғана ол сапалы әрі мазмұнды болып шығады. Себебі, ғалым кітапты ғылыми тұрғыда толықтырып зерттесе, әдіскер дидактикалық жағына үлес қосады, ал мұғалім оқушыға берілген тапсырмаларды талдап, кем-кетіктерін толтырады. Осылайша, бірнеше кәсіби маманның қолынан өткен оқулықтың оқушыға берер пайдасы мол болмақ.

Айта кетерлігі, бір кітапты бірнеше баспа ұсынуға құқылы. Мәселен, қазіргі уақытта жаңартылған бағдарлама бойынша жазылған 11-сыныптың география оқулығын «Алматы кітап», «Атамұра» және «Мектеп» баспалары әзірлеп, көптің талқысына ұсынып отыр. Ал осы оқулықтарды сарапшылар түрлі сынақтан өткізіп, ішіндегі «ең сапалы» дегенін таңдайды. Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан құрылған республикалық комиссия да бұл іске тікелей араласып, өз таңдауларын жасайды. Сол үшін бәсекеге қабілетті болу керек.

- Еңбегіңіз еш кеткен сәттер болды ма?

- Мен оқушыларға арналған география оқулығын жазумен 20 жылдай уақыт айналысып келемін. Қазіргі таңда «Мектеп» баспасымен жұмыс істеймін. Шүкір, әзірге сәтсіздіктер болып көрген жоқ. Мен жазған оқулықтардың 90 пайызы қолданыста жүр. Өкінішке қарай, жазған еңбектері кәдеге жарамай жататын авторлар да болады. Қалай десек те, жеңіс бар жерде жеңіліс те бар екені белгілі. Сондықтан адам ұтылғанын мойындап, кемшілікпен жұмыс жасай білуі қажет. Міне, бұл – жетістік. Ерте ме, кеш пе, нағыз еңбек еленеді. Мен соған сенемін!

- Кітап авторларына деген қолдауға көңіліңіз тола ма?

- Шет мемлекетте бір оқулық жазсаң, қалтаң қыруар қаржыға толады екен. Ал біздің елдегі баспалардың авторларға төлейтін еңбегіне қарап қарының ашады. Айта кетер болсам, отандық баспалар барлық сараптамадан өткен оқулықтарды басып шығарады. Бір кітап шамамен 70-80 мың тиражбен жарық көреді. Бұдан соң оқулықтарды мемлекеттік тапсырыс бойынша сатып, одан түскен қаржыдан барлық шығындарды алып тастайды. Содан қалған қаржының 6 пайызын авторға қаламақы ретінде төлейді. Автордың айлар бойы төккен маңдай тері мен мол еңбегінің жанында бұл қаражат түк емес. Десе де, барға-қанағат дейміз. Өкініштісі, біз күнделікті жұмысымызды істей жүріп, қосымша кітап жазумен айналысамыз. Негізі, бұл дұрыс емес. Сондықтан мемлекет осы уақыт аралығында кітап жазушы авторларға жалақысы сақталатын демалыс беріп, сапалы әрі мазмұнды оқулық жазумен алаңсыз айналысуға мүмкіндік берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке қарай, бұл жағы қарастырылмаған. Соның салдарынан кей сәтте қателіктерге жол беріліп жатады. Себебі, уақыт жетіспейді. Болашақта осы жағы ескерілсе екен деген тілегіміз бар.

- Павлодар облысының педагогтары жаңа оқулықтарға қандай баға беріп жатыр?

- Павлодар өңірі білім көрсеткіші жағынан республика көлемінде көш басында тұрғанын білеміз. Мұндай жетістікке жету - білікті де білімді мұғалімдер еңбегінің нәтижесі. Сондықтан «білімнің астанасы» саналатын аймақтың педагогтарымен жүздесіп, пікірлесу - біз үшін де үлкен мәртебе. Жалпы, павлодарлық мұғалімдердің өте белсенді әрі зерек екенін байқадым. Олар әр баспаның оқулығын мұқият қарап, нақты ұсыныс-пікірлерін айтуда. Біз міндетті түрде мұғалімдердің пікірлерін ескеріп, есепке алатын боламыз.

«Біткен іске сыншы көп» демекші, әр істің кем-кетігі болатыны сөзсіз. Жақсы нәтижеге жету үшін кемшіліктерді мойындап, оның орнын толтыру үшін жұмыс істеген жөн.

Әрине, мектеп оқулығын жазу – оңай дүние емес. Оның әр тақырыбының мән-маңызын терең зерттеп, оқушыға түсінікті тілмен жеткізе білу қажет. Ол үшін осы бағыттағы іс-шараларға ұстаздар қауымын да араластырып, көпшілік талқысына салудың маңызы зор. Сонда ғана сапалы әрі мазмұнды оқулық шығара аламыз.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.

saryarka-samaly.kz