Қазақ руханиятының қара-шаңырағы саналатын облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрын өңірдегі бірқатар мекеме басшылары арнайы құттықтады. Ол қатарда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов, Toraighyrov university-нің ректоры Мейрам Бегентаев, ПМПУ-нің қоғаммен байланыс жөніндегі департамент директоры Гүлжанат Иманғазы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман және облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев болды.

Ернұр Дәуенов мәдени ошақтың 2020 жылы болатын 30 жылдығына орай өңірде атқарылатын істерге тоқталып өтті.

- 30-театр маусымы басталысымен өнер ұжымы 1 халықаралық, 1 республикалық театрлар фестиваліне қатысып, лауреат атанып келді. Бұдан бөлек, облыстың ауыл-аймақтарын аралап өнер көрсетсе, еліміздің өзге өңірлеріне де гастрольдік сапармен шығып жүр. Алдағы уақытта осы қарқынмен жұмыс істейтін болсақ, әлі де бағындырар белесіміз алда деп ойлаймын, - деді Ернұр Нұрланұлы.

Айтуынша, облыс әкімі Болат Бақауов 30 жылдық мерейтойға орай театрға толықтай жөндеу жұмысын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 290 млн. теңге бөлген. Сонымен қатар, ғимараттың алдына қосымша алаң жасау жоспарланған. Қазіргі таңда осы бағытта сәулетшілер жұмысын бастап кеткен.

- Алдағы мерейтойға арналған тартуларымыз мұнымен бітпек емес. Келесі жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елімізде 2 республикалық театрлар фестивалі өтеді. Оның біріншісі Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналса, екіншісі біздің өңірде өтеді. Сіздер осы екі шарада көрермен таңдай қағатын тамаша 2 премьера қоюларыңыз керек, - деді басқарма басшысы.

Ал Toraighyrov university-нің ректоры Мейрам Бегентаев труппаны мерекемен құттықтай келе, университет келесі оқу жылында магистратурада білім алғысы келетін әртістерге 10 орын тегін ұсынатынын айтты. Бұдан бөлек, білім нысанының жанынан жаңадан салынып жатқан жатақханадан 10 бөлмені өнер иелеріне беретінін жеткізді.

- Қазіргі таңда облыстық қазақ театры ерекше қарқынмен дамып келеді. Оны көрермен назарына ұсынып жүрген тың қойылымдарыңыздан-ақ көруге болады. Өз басым осы залға кірген сәттен бастап жүрегімді мақтаныш сезімі кернейді. Біздің Ертіс-Баян өңірінің бар сұлулығын, осы өлкеден туып-өскен талай-талай дарынды бабаларымыздың барын еске салып тұрасыздар. Еңбектеріңіз үшін сіздерге зор алғысымды білдіремін, - деді Мейрам Мұхаммедрахымұлы.

Меймандар театр әртістері мен қызметкерлеріне Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті. Өз кезегінде өнер ұжымы да жақсылықтың жаршысы болып жүретін журналистер қауымына ризашылықтарын білдіріп, Алғыс хаттармен марапаттады.

***

Дәл осы күні қазақ театры павлодарлық көрермендердің назарына әдеби-музыкалық кеш ұсынды. Шарада өнер ордасының жанындағы симфониялық оркестр де өнер көрсетті.

Театр директорының орынбасары Жарқынбек Амантайұлының сөзінше, Жаңа жыл мерекесінің алдында Нұркен Тұрлыбектің балаларға арналған «Ұрланған жаңа жыл» ертегісінің премьерасы болады. Ертегінің режиссері – Жангелді Садық. Билеттер театр кассасында сатылуда.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz