Елімізде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің тізімі бекітілген. Олардың қатарында күнделікті қажет нан, сүт, қант, күріш, пияз, картоп пен сәбіз, тағы басқа өнімдер бар. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының мамандары аталған азық-түліктердің бағасын апта сайын бақылайды.

- Тұрақты түрде жүргізілетін мониторинг нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар қандай да бір азық-түлік бағасының күрт өскені байқалса, тиісті мәліметтерді арнайы комиссияның қарауына ұсынамыз. Мәселен, соңғы тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша, өсімдік майы мен жұмыртқа қымбаттағаны анықталды. Ендігі кезекте бұл мәселені комиссия өкілдері қарап, аталмыш өнім түрлерін тұрақтандыру қорынан сауда нүктелеріне жеткізуге қатысты шешім шығарады, - дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының сауда саясаты бөлімінің басшысы Талғат Дұғалов.

Бүгінде облыстың тұрақтандыру қорында 9 азық-түліктің түрі сақтаулы. Атап айтқанда, 250 тонна қант, 68 тонна күріш, 70 тоннаға жуық пияз, 1 мың тонна бірінші сұрыпты ұн, 21 литрден астам өсімдік майы, 300 тонна картоп, 100 тонна сәбіз, 1 млн. дана жұмыртқа бар.

- Тұрақтандыру қоры әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілерімен келісімшарт жасайды. Соған сәйкес, белгіленген көлемдегі өнімдер тауарды жеткізушілердің қоймаларында сақталады. Нарықта баға күрт қымбаттаса, арнайы комиссия жағдайды реттеу үшін тұрақтандыру қорындағы тауарларды сату туралы шешім шығарады, ондай жағдайда келісімге қол қойған кәсіпорындардың өздері өнімдерді өңірдегі сауда нүктелеріне жеткізеді, - дейді «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорын басқару жөніндегі департаментінің директоры Данияр Шаймарданов.

Мәселен, қазан айында нан бағасы күрт қымбаттап, тұтынушылардың тарапынан түрлі түсініспеушілік тудырды. Кейбір сауда нүктелерінде нанның бір бөлкесі 110-120 теңгеге дейін жетті. Бағаның бірден 10-20 теңгеге өсуі тұрғындардың қалтасын қақпай қоймады. Дәл осы кезде тұрақтандыру қорының қолдауы байқалды. Атап айтқанда, бірінші сұрыпты ұнның келісі аудан-қалалардағы дүкендерге 80 теңгеге жеткізілді. Сонымен қатар, облыс орталығындағы наубайханалардың бірімен келісімшарт жасалды. Соның негізінде Павлодар қаласындағы 20-ға жуық әлеуметтік дүкенде бір бөлке нанның бағасы 75 теңгеге дейін арзандады. Сөйтіп, қараша айында ас атасының бағасы төмендеп, нарықтағы жағдай реттелді.

Сол сияқты күз кезінде күріштің бағасы қымбаттап, кейбір дүкендерде бір келісі 280 теңгеге сатылды. Мұны арнайы мониторингтік топ байқап, комиссия тиісті шешім шығарып, қараша айына дейін тұрақтандыру қоры арқылы күріштің бір келісі 238 теңгеге дейін арзандады.

Осы орайда әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің небары үш түрі сырттан жеткізілетінін атап өту керек. Нақтысы, күрішті Қызылорда, қантты Жамбыл және рафинадталған өсімдік майын Шығыс Қазақстан облыстарынан сатып аламыз. Алдағы уақытта Ақсу қаласының аумағында қант зауыты салынатынын ескерсек, жергілікті өнімнің облыс нарығын қамтитын күн алыс емес. Тіпті, таяуда Алматы облысындағы зауыттардың бірінде өңдеуден өткен павлодарлық қант қызылшасынан алынған 11 тонна қантты тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік сауда нүктелерінің сөрелеріне орналас-тыру туралы тапсырма берілген болатын. Демек, жуық арада басқа аймақтардың тауарларына деген сұраныс айтарлықтай азаяды.

Әлеуметтік маңыздылығы жоғары өнімдердің өзге түрлері өз өңірімізде өсіріліп, өндіріледі. Тұрақтандыру қорымен әріптестік байланыс орнатқандардың бірі – жергілікті «Павлодар Құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорынның атқарушы директоры Владимир Кадкадамовтың айтуынша, құс фабрикасы кез келген уақытта жұмыртқамен қамтуға әзір.

- Біздің фабрикада айына 11 млн. дана жұмыртқа шығарылады. «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен жасалған келісімшартқа сәйкес, тұрақтандыру қорына 1 млн. дана жұмыртқа сата аламыз. Бұл - көп көлем емес. Сондықтан тапсырыс түскен уақытта бірден белгіленген сауда нүктелеріне жеткізуге шамамыз келеді. Мұндай жағдайда жұмыртқаның ондығын нарықтағы бағадан 4 теңгеге арзан береміз, - дейді В.Кадкадамов.

Ал картоп, сәбізбен «Ақтоғай-Агро», ұнмен «Агро Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қамтамасыз етеді. Осылайша, күнделікті тұтынатын, сұранысы жоғары азық-түліктердің бағасы негізсіз қымбаттай қалса, тұрақтандыру қоры мен жергілікті, өзге өңір кәсіпорындары қажет көлемдегі өнімді дер кезінде анағұрлым төмен бағаға жеткізеді. Бұл тұтынушылардың артық шығын шығармай, қаржысын үнемдеуге мол мүмкіндік береді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz