Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Қанат Ибраевтың мәліметінше, бүгінде облыста 13171 трактор, 1871 комбайн, 176 егін егу кешені, 4467 тұқымсепкіш, 869 дестелегіш бар. Биыл лизинг арқылы 257, жеке қаражатқа 346 техника сатып алынған. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда 12-ге көп. Яғни, жыл сайын техника сатып алғандардың қатары артуда. Жаңа қожалықтар құрылып, ең әуелі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде техникасын түгендеуге көшкен. Жеке қаражатына сатып алатындардың дені – ірі шаруашылықтар. Қазір нарықтағы трактордың бағасы – 7-8 миллион теңге, комбайн 15-30 миллион теңге аралығында екенін ескерсек, шаруасын енді ғана дөңгелетіп жатқан азаматтарға лизингтің көмегі көп. Ең бастысы – кепілдік затың болса жеткілікті. Мәселен, Аққулы ауданындағы мал шаруашылығымен айналысатын «Қазбек» шаруа қожалығы биыл МТЗ-82 тракторына қол жеткізіпті.

- Бұған дейін иелігімде 2 трактор бар еді. Бірақ, тозығы жетіп, жиі істен шыға берді. Күзде «Тамыр» ЖШС арқылы бағасы 7 миллион 600 мың теңге тұратын тракторды сатып алдым. Несие 10 жылға рәсімделді. Алғашқы жылы «демалыс» берілді. Яғни, бір теңге де төлемеймін. Кейін жылына 1 рет тиісті соманы аударып отырамын. Келесі жылы шөп шабатын машина сатып алу ойда бар, - дейді шаруашылық басшысы Қазбек Құсайынов.

«Тамыр» серіктестігі деп отырғанымыз - ауыл шаруашылығы бағдарламасы бойынша несие үлестіретін аймағымыздағы 12 мекеменің бірі. Кеңсесі Аққулы ауданының орталығында орналасқан.

- Павлодар облысына қарасты кез келген аудандағы шаруаның өтінішін қарастыруға әзірміз. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ инвестор ретінде жыл сайын қомақты қаражат бөлуде. Биыл 1 миллиард теңге бөлініп, шаруалар 30-дан аса техника сатып алды. 14 пайыздық мөлшерлеменің 10 пайызы субсидияланады. Яғни, шаруаларға 4 пайызбен техника сатып алған тиімді. Өтініш аз уақыттың ішінде қарастырылады. Бір артықшылығы, шаруалар техника алуға берілген қаражаттың барлығын жұмсамай, нарық арқылы арзан бағаға сатып ала алады. Қала берді, қаражатты ыңғайлы уақытта төлеуге құқығы бар. Кепілдік заттың төмен бағалануы салдарынан өтініштер кері қайтарылып жатады. Жылдың алғашқы жартыжылдығында өтініштерді қабылдап, қалған 6 айда үлестіру жағын реттейміз, - дейді «Тамыр» ЖШС-нің басқарма төрағасы Досым Моменжанов.

Май ауданының шаруалары да техника паркін жаңартуға баса мән беруде. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Людмила Байкежанованың мәліметінше, биыл шаруа қожалықтары 64 техника сатып алған.

- Шаруалар сатып алған техниканың жалпы бағасы – 591 миллион теңге. Лизинг арқылы 4 трактор және 3 комбайн сатып алынды. Техникасын жаңартқысы келетіндер көп. Алайда кепілдік зат пен алғашқы жарнаны төлеу жағы қолбайлау болуда, - дейді бөлім басшысы.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Қанат Ибраев техника паркі жүйелі жаңартылып жатса да, әлі де көрсеткіштердің көңіл көншітпейтінін айтады. Атап айтсақ, бүгінде облыс бойынша тракторлардың 88 пайызы, комбайндардың 78 пайызы ескі. Көбі 15 жылдан астам уақыт қолданыста. 1985 жылы бір тракторға 92 гектардан келсе, 2018 жылы жүктеме 132 гектарға дейін өскен. Комбайнның жүктемесі де осы аралықта 131-ден 521-ге артқан.

Бұл - жалғыз Павлодар облысына ғана емес, басқа аймақтарға да ортақ мәселе. Сол себепті, агрокешенді дамыту бағдарламалары мықтап қолға алынуда.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz