Төбесі жаңартылды

Мәселен, биыл кенттегі ескі ғимараттардың бірі – «Ұшқын» балабақшасының төбесі толық ауыстырылып, жөнделген. Сонау жетпісінші жылдары салынған мекеме бұған дейін күрделі жөндеу көрмеген. Жаңбырлы күндері төбесінен су сорғалап, тәрбиеленушілер мен мекеме қызметкерлерінің мазасын алып келген. Айта кету керек, бұл балабақша бүгінде жаңадан салынған «Нұрбөбек» балабақшасымен біріктірілген.

- Жаңбыр жауғанда жапа шегетін едік. Ескірген ғимараттың төбесі түсіп кетпесін деп тілеп отыратынбыз. Биыл қаржы бөлініп, талай жыл күткен жағдай жасалды. Балабақшамыздың шатыры толық ауыстырылды. Енді алдағы уақытта ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіледі деп үміттенеміз. Есік-терезесі, су, электр желілері ауыстырылса, жақсы болар еді, - дейді «Ұшқын» балабақшасының меңгерушісі Тұрымтай Қарабаева.

Балабақшада бүгінде 6 топта 160 бала тәрбиеленуде. Төбесін жөндеу жұмыстары аудандық бюджет қаржысына жасалыпты. Бұл мақсатқа 7,5 млн. теңге жұмсалған.

Соңғы үш жыл ішінде жаңа кейіпке енген нысандар қатарында «Шағала» балабақшасы да бар. Мұнда 18,6 млн. теңгенің жұмысы жасалған. Былтыр ғана 110 орынға шақталған жаңа балабақша салынып, игілікке берілген болатын. Одан бөлек, «Өнер» мектебі де жөндеу көргенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, биыл аудандық бюджет қаражатына кентке Led-экран сатып алыныпты.

Самаладай жарық болады

Кентте көпшілік жиі көтеретін мәселе- лердің бірі көшелерді жарықтандыру бола- тын. Майқайың кентінің әкімі Ербатыр Молдатаевтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда дәл осы жарықтандыру ісі қолға алынуда.

- Бүгінге дейін жарықтандыруға қатысты жұмыстар жүргізілді. Ағымдық жөндеу жа- салды. Оған қоса, ауылымыздан түлеген кәсіпкер азаматтар демеушілік көмек көр- сетіп, биыл көшеге орнатылатын 73 шам алып берді. Шамамен 1 млн. теңгенің жәрдемін жасап отыр. Бұл жарықшамдарды елді ме- кендегі аса қараңғы, шеткі көшелерге ор- натып шықтық. Олар өте үнемді. Прожектор- лар қараңғы түскенде өздігінен қосылып, дала жарықтанғанда сөніп отырады. Әрқай- сысы - 50 ваттық. Сондықтан жарықтанды- руға жұмсалатын шығынды да айтарлықтай үнемдейді, - дейді кент әкімі Ербатыр Қинаятұлы.

Тағы бір қуантарлығы, Майқайың кен- тінде көшелерді жарықтандыру жұмысы келесі жылы да жалғасын таппақ. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында кентке 80 млн. теңге қарастырылып отыр. Оған елді мекендегі адам қарасы көп аумақтарды жарықтандыру көзделіп отыр. Бұл жұмыстар 2020 жылы нәтижелі іске асса, кентте көшелерді жарықтандыру көрсеткіші 100 пайызға жетеді деп күтілуде. Шамдарды орнатуда кешкі мезгілде әкімдік өкілдері көшелерді аралап, ең қараңғы тұстар таңдалмақ.

Кенттегі жарықтандырудың айтарлықтай жақсарғанын ауылдың белсенді азаматта-рының бірі Алтын Жүсіпова да растап отыр.

- Шыны керек, біздегі екіқабатты үйлердің ауласында жарықшамдар мүлдем болмап еді. Тас қараңғы болып тұратын. Бүгінде бұл үйлер арасында түнде де күндіз жүргендей сезінеміз. Бұл алдымен біздің қауіпсіздігіміз үшін қажет қой, - дейді ол.

Келісіп шешеді

Жалпы, кез келген істі ақылдаса шешсе, әрдайым нәтижесі де молынан болатыны белгілі. Осы ретте, әр елді мекендегі жергілікті қауымдастықтың маңызы өте зор. Өткен жылы төртінші деңгейлі бюджет енгізіліп, оны кәдеге жаратуға қатысатын қауымдастықтар құрылған еді. Мұндай қауымдастық Майқайың кентінде де жұмыс істейді. Алтын Жүсіпова - осы қауымдастықтың мүшесі.

- Майқайыңда 40 жыл тұрамын. Кентіміз көз алдымызда көріктеніп келеді. Екі жыл бұрын сквер ашылды. Қоқыс басып жатқан аумақ тазартылып, қаржы бөлініп, әдемі скверге айналды. Көшелерге біртіндеп асфальт төселіп жатыр. Әкіммен бірлесіп, кент тұрғындары өздері мекен етіп отырған аумақты абаттандыруға атсалысудан аянбауда. Жиі жиналып, ақылдасып, алдағы істерімізді пысықтап аламыз. Бұл ретте, аудан әкімі кентімізге ерекше көңіл бөлгенін айта кету керек. Өтініш-тілектерімізге құлақ асады. Шешілетін істерді уақыт оздырмай іске асыруға ықпал етеді, - дейді кенттің байырғы тұрғыны.

Кент тұрғындары іргедегі Үшқұлын бөлім-шесінен оқушыларды таситын автобустың тозығы жеткенін айтып, талай рет өтініш білдірген екен. Бұл мәселе биыл оңынан шешімін тапқан.

Елді мекеннің былтыр дербес бюджеті қалыптастырылды. Оған тиісті салық түрлерінен 27 млн. теңге жиналған. Қаржыны бөлуде жергілікті қауымдастықпен ақылдасып, қажеттіліктерге жұмсадық, дейді кент әкімі Е.Молдатаев. Яғни, көбі кентті көріктендіру, тазарту жұмыстарына, коммуналдық шығындарды төлеуге жаратылған.

Өз ұясын ұмытпайды

Елімізде «Туған жер» бағдарламасы аясында әр ауылдан түлеген азаматтар өз өлкесін өркендетуге үлес қосуда аянып жатқан жоқ. Мұндай азаматтар Майқайың кентінен де табылып отыр. Бүгінде еліміздің өзге өңірлерінде мекен етсе де, туған жеріне қол ұшын беруге құлшынып отырғандар бар көрінеді.

- Кентімізді көркейтуге көмектесейік деп ниет танытатын азаматтар аз емес. Майқайыңда туып, бүгінде жырақта жүрген кәсіпкер жерлестеріміз қол ұшын беруге әзір. Сыныптасым, осы кенттің тумасы елді мекен сыртындағы қоқыс алаңын толық қоршап, ретке келтіруді өз қаражатына іске асыруға уәде беріп отыр. Жуырда жас жігіттер хабарласып, «Майқайың деген аты бар ғой, қайың егіп, саябақ ашсақ» деген ниет білдірді. Біз кентімізді көркейтуге бағытталған кез келген ұсынысты қуана қабыл аламыз, өз тарапымыздан барынша қолдаймыз, - дейді Ербатыр Қинаятұлы.

Қарапайым азаматтардың демеуімен биыл да игі іс атқарылған. 73 шамнан бөлек, ұйымшыл азаматтар кенттегі екі қабатты 11 үйдің қасбетін ретке келтіруге қол ұшын берген. Бұл үйлердің сыртын әктеп, жөндеуге мемлекет қаражат бөлмейді. Себебі, ол пәтер иелерінің ортақ меншігі саналады. Бірақ пәтер иелерінің оған шамасы келмегендіктен, жомарт жандар жәрдемдесіпті. Аталмыш көпқабатты үйлер кенттің кіреберісінде әрі кең көшесінде болғандықтан, сүреңсіз көрініс болып тұрған. Әкім белсенді азаматтарды ұйыстырып, үйлер қазіргі таңда сәл де болса ретке келіпті.

Тірек ауыл саналатын Майқайың кентінде алдағы жылы 157 млн. теңгеге стадионды толық күрделі жөндеуден өткізу межеленіп отыр. Ауылішілік жолдарды жөндеуге де қаржы қарастырылады деп жоспарлануда. Бір сөзбен айтқанда, алдағы жылдары да кентті көркейту билік тарапынан да, белсенді азаматтардың күшімен де жалғасын таппақ.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz