- Қанат Әшкенұлы, түсінікті болу үшін ең әуелі астық қолхаты жайлы айтып өтсеңіз...

- Әдетте астық элеваторға өткізілгеннен кейін диқандарға қолхат беріледі. Маңызды құжатта астықтың мөлшері, қанша уақытқа дейін сақталатыны және тағы басқа ақпараттар көрсетіледі. Яғни, құжат диқандардың меншік құқығын растайды. Сондай-ақ, астық кепілге қойылған жағдайда кепіл ұстаушының тиісті құқығын реттейді. Аталған институт сауда, кепілмен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығына инвестициялар тартудың қаржы құралы ретінде енгізілген болатын.

- Жаңашылдықтан не күте- міз?

- Бұл – астық ақпаратының ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ астықтың іс жүзінде жоқ көлеміне астық қолхаттарын беруді доғаруға әсер етеді деп күтілуде. Енді шаруалар үйде отырып-ақ электронды сауда арқылы тауарын сата алады. Бұған дейін элеваторға келіп, сатып алушылармен тікелей келіссөздер жүргізілетін. Жаңа жүйеге сәйкес, ақпараттар 3 күннің ішінде базаға түседі. Диқандар электрондық цифрлық қолтаңба ашып, ақпараттарды бақылауға мүмкіндігі бар.

- Аймағымызда бұл бағытта қандай шаруалар атқарылуда?

- Облысымызда 7 элеватор жұмыс істейді. Жыл сайын онда шамамен 200 мың тонна астық сақталады. Бүгінде барлық элеваторлар цифрландыру жүйесіне көшуге дайын. Қажеті құрылғылар сатып алынып, мамандар да білімін жетілдіріп үлгерді. Жалпы, жаңашылдыққа дайындық былтырдан басталған еді. Яғни, астық қолхаты қағаз түрде де, электронды түрде де қатар жүргізілді. Диқандарға түсіндіру жұмыстары атқарылды. Сол себепті, ешқандай қиындықтар туындамайды деп ойлаймын. Келесі жылдың ақпан айында арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Жаңашылдықтан кейін туындайтын түсінбеушіліктер болса, бұл іске жауапты органдар арқылы шешуге тырысамыз.

- Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Оралхан ҚОЖАНОВ.

saryarka-samaly.kz