Бас консул өңірге жасаған алғашқы сапарында Ертіс-Баян өңіріндегі этно-мәдени бірлестіктердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Мәртебелі мейманды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Айнұр Сәрсенбаева қарсы алып, мекеменің жұмысымен таныстырды.

- Біздің аймақта 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері өмір сүреді. Достық үйі - Қазақстан халқы Ассамблеясын-дағы барлық ұлт өкілдерінің басын біріктіретін қарашаңырағы. Бұл жерде түрлі диаспоралардың мәдениеті мен тарихын зерттеу үшін барлық жағдай жасалған. Еліміздің өркендеп, дамуына этно-мәдени бірлестіктерінің қосып отырған үлесі зор. Поляк орталығы - біздің орталықтағы өте ірі және тарихы бай ұжымның бірі. Біздің облысқа келгеніңізге өте қуаныш- тымыз, - деді А.Сәрсенбаева.

Юстина Дудардың жаңа қызметіне сәттілік тілеген хатшылық меңгерушісі қонаққа Қазақстан этностары кітабын сыйға тартты. Ал «Полония» этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Марина Ершованың айтуынша, Польша Респуб-ликасы Елшілігінің бас консулы этно-мәдени бірлестіктердің жұмысымен танысу мақсатында Қазақстан бойынша іссапармен жүр.

- Бұған дейін Көкшетау және Петропавл қалаларында болды. Елшілік тарапынан белсенді жастар мен балаларды ынталандыру мақсатында қолдау көрсетіліп тұрады. Бір жыл бойы жобаға қатысқан қос бүлдіршін Польшада екі апта демалып келді. Сондай-ақ, жаз мезгілінде балалар Бурабайда екі апта тіл лагерінде болды, - деді Марина Ершова.

Сонымен қатар, Ю.Дудар екі күндік сапары барысында өңірдегі диаспоралармен кездесіп, Қ.Даржұманов атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің оқушыларымен, шығармашылық ұжым-дардың қатысуымен өткен «Подарок на Михайлики» дәстүрлі поляк мерекелік шарасына қатысты.

 

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz