Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері жыл сайын алыс-жақын өңірлерді аралап, ел ішінде сақталып қалған, өткен тарихтың айнасы болатын жәдігерлерді іздеу жұмысын жүргізіп келеді. Әр сапарларында құр қол қайтпайтын іздеуші топ 2017 жылы Ресейдің Омбы қаласына барып, ондағы қандастарымыздың отбасында сақталған қазақ халқының өткенінен сыр шертетін құнды дүниелерді алып келгені есімізде. Міне, сол жолы олар музей қорын 19-20-шы ғасырларда киген ұлттық киімдерімізбен толықтырған еді. Оның ішінде 20-ғасырдың басында өмір сүрген қазақ биіне тиесілі күміспен көмкерілген кісе белбеу де болды. Оны осы уақытқа дейін сақтап келген омбылықтар арнайы табыстаған.

Сонымен, қазақ билерінің дәрежесін айқындап тұратын кісе белдік дегеніміз - күміс, жез үзбелерімен безендіріліп, қалташалар салынған жалпақ былғары бұйым. Кісе екі қабат етіліп тігіледі, ұзындығы - 130-200 см, ені - 2,5-3 см. Екі басына қапсырма салынады. Кейде ұшын екінші ұшына өткізіп бекітетін тесіктер арқылы да жасалады. Кіседе белбеуге іліп өткізіп қоятын былғары қалтасы бар. Ол оқ-дәрі, қару-жараққа қажетті басқа да ұсақ-түйек саймандар салу үшін пайдаланылады. Сонымен қатар оқшантай, кішкене сопақша дорба және пышақ, қанжар салатын қынап орны да бар. Қазақстанның батыс аймақтарындағы дәулетті адамдар XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында кісе белдікті барқыттан, оқа жіптер- мен кестелеп, алтын, маржан тастардан көз салдырып жасатқан.

- Өкінішке қарай, осыдан бірнеше ғасыр бұрын біздің ата-бабаларымыз киген киімдерді жергілікті жердегі тұрғындардан табу қиын. Ал көрші елдің қазақ диаспорасы шоғырланған аумағындағы қандастарымыз көне тұрмыстық заттар мен зергерлік әшекей бұйымдарын әлі күнге сақтап келеді. Жәдігерлерді өзіміздің іздеуіміздің арқасында музей қоры ерекше заттармен толығып келеді, - дейді музейдің этнографиялық бөлімінің меңгерушісі Шолпан Әбікешова.

Айта кетелік, өңірдегі тарихи-өлкетану музейінің алғашқы жұмысы 1920-сыншы жылдары Кеңес өкіметі Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамын құрудан басталады. Омбы орыс географиялық қоғамы Ертіс өзені жағалауында орналасқан өңірлерде зерттеу жүргізуді қолға алады. Павлодарда да географиялық қоғам құрылып, оның жұмысын фото-суретші, ғалым Дмитрий Багаев басқарады. Ал 1942 жылы өлкетану-географиялық музейі ашылады. Оның жұмысына жетекшілік ету сол кездегі халықтық білім беру бөлімінің меңгерушісі Зейтін Ақышевқа жүктеледі. Өңіріміздегі өлкетану жұмысын Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Х.Арғынбаев сияқты ғалымдар назарға алады. Музейге 1959 жылы Орталық Азияны зерттеуші, саяхатшы Григорий Потаниннің есімі берілді.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz