Не тындырылды?

Қазіргі уақытта өңірде барлығы 797 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 511-і облыс орталығында ашылған. Қоғамдық бірлестіктер үйлестіру кеңесімен тұрақты түрде жиындар өткізеді. Оның құрамына мемлекеттік мекеме өкілдері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары кіреді.

Ағымдағы жылдың маусым айында облыс әкімінің орынбасары Асхат Ораловтың төрағалығымен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуді мақсат еткен арнайы жиын ұйымдастырылып, басқарма басшыларының баяндамасы тыңдалды. Отбасы институтын дамыту мақсатында аталмыш айда облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының отырысы өтті.

Биыл облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 10 жобаны іске асырды. Бұл бағытқа 14 млн. теңге қаржы жұмсалды. Осы орайда, Азаматтық Альянс үйінің қызметін дамыту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін іс-шараларға қолдау көрсету, өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық форумын өткізу, әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін ұйымдастыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытында ауқымды іс атқарылды. Бұдан бөлек, жергілікті халықтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, соғыс даласында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу, оңтүстік өңірден қоныс аударғандар және қандастар арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу, тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді, тарихты, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған шаралар өткізу, Ауған соғысының ардагерлері, халықаралық мүгедектер одағы, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандарды әлеуметтік тұрғыдан оңалту сынды жобалар бар. Аталмыш жоспарды жүзеге асыру бағытында бірқатар маңызды шаралар өткізілді. Мәселен, биылғы мамыр айында «Мерейлі отбасы – 2019» байқауының облыстық кезеңі ұйымдастырылды.

Маңызды сайыс отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталғанын атап өткен жөн. Салтанатты кеш «Шаңырақ» халық шығармашылығы, мәдени-сауық орталығының концерт залында өтті. Отбасылық байқауға аймағымыздың түкпір-түкпірінен 70 жанұя қатысып, 11 отбасы аудандық сайыстардан іріктеліп алынды. Нәтижесінде Екібастұз қаласында тұратын Төлеубаевтардың әулеті жеңіске жетті. Ағымдағы жылдың тамыз айында мемлекет, бизнес, үкіметтік емес ұйым арасындағы үшжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында республикалық III «ASAR» форумы өтті. Ауқымды кездесуге бизнес құрылымдарының өкілдері, отандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың сарапшылары қатысты. Форум 4 бағыт бойынша жұмыс істеді. Қатысушылар SOCIAL ASAR – «Бизнестің әлеуметтік саланы дамытуға қатысуының тиімді модельдері» ЕCO ASAR – «Жасыл» серіктестік форматындағы әлем», IT ASAR – «Әлеуметтік саланың инновациялық дамуындағы IT-жобалардың рөлі» және INCLUSIVE ASAR – «Инклюзив қоғам уақыты сынды бағыттар бойынша мағлұмат алды.

Екі күндік форум шеңберінде «Әлеуметтік инновациялар: өңірлік даму жетістігінің формуласы» тақырыбында пленарлық отырыс өткізілді. Оның аясында үшжақты әріптестікті және оның тетіктерін дамыту, әлеуметтік инвестициялар сынды мәселелер талқыланады. Сонымен қатар мастер-кластар, семинарлар мен интеллектуалды конференциялар ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек, қыркүйек айында облыс орталығында ауыл әйелдерінің форумы өтті. Жиынға ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы қолдау көрсетті. Қатысушылар «Менің табысқа жетуімнің формуласы» тақырыбында өз жетістіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңір кәсіпкерлері мен тұрғындары арасында «Жомарт жүрек» байқауы өткізілді. Облыстық сайыстың қорытындысы бойынша 11 адам жеңімпаз деп танылды. Республикалық деңгейдегі байқауда 5 жомарт жан бақ сынайды.

Қазіргі уақытта облыс аумағында әлеуметтік мәселелердің картасы әзірленген. Ағымдағы жылы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен 152 жоба жүзеге асырылуда. Бұл ретте азаматтардың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында 9 жоба, жастар саясатын қолдау, отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге көмек көрсету бағыты бойынша 29 жоба, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылғандардың жағдайын жақсарту мақсатында 57 жоба, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында 6 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы, аймағымызда әлеуметтік маңыздағы жалпы сомасы 1 млрд. теңгені құрайтын бастамалар қолға алынған.

Ауылдық жерге қолдау зор

Өңірде Азаматтық альянс бірлестігінің атқарып жатқан жұмысы ауқымды екенін атап өткен жөн. Аталмыш орталықтың менеджері Максим Кравченконың айтуынша, 2018 жылы ашылған Азаматтық Альянс үйінде 10-ға жуық ұйым жұмыс істеуде. Бұл орталық бірлестіктердің қызметіне тың импульс берген. Үкіметтік емес ұйымдар түрлі бағыттағы іс-шараларды өткізіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде бірлесіп жұмыс істеуде. Бұл ретте 3 жоба қолға алынған. Оның екеуі азаматтық бастамаларды қаржыландыруға бағытталған. Бұл ретте бастама ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын дамыту, жетілдіруді көздейді. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдарға әдістемелік, методологиялық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, ұйымды ашу, құру, құжаттамасын жүргізу, жабу туралы да сатылар түсіндіріледі. Үш жылға бекітілген жоба «Бір терезе» қағидасы шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл ретте семинар, тренингтер, біліктілікті арттыру курстары да өткізіледі.

Азаматтық альянс бірлестігі қаржылай қолдаудың арқасында шағын несие көлемінде ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын дамытып, жүзеге асыруға көмек көрсетілген. Соның ішінде 6 жоба қолдау тапты. Оның ішінде экологияны дамытуға бағытталған бағдарлама бар. Атап өтерлігі, 6 мекеме 500 мың теңге көлемінде грантқа ие болды. Қосымша 300 мың теңгені жеңіп алған ұйым бар. Нәтижесінде ауылдық жердегі үкіметтік емес ұйымдар жалпы көлемі 3 млн. теңгеден астам қаржыға ие болды. Бұл ретте жаңа ашылған тігін цехын ерекше атап өтуге болады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді. Олар қолғап сияқты өндіріске қажетті заттарды тігіп шығарады.

- Азаматтық альянс бірлестігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа мониторинг жүргізеді. Өйткені мұндай тапсырыстарды түрлі ұйымдар ұтып алып, жүзеге асыруы тиіс. Бірақ олардың жұмысын бақылайтын, сараптайтын мекеме жоқ. Бұл қызметті біздің орталық атқарады. Яғни, тапсырыс қалай жүргізілді, талапқа сай не сәйкес еместігін анықтайды. Келесі жылы ауылдағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бағытында жұмыс күшейтіледі. Сондай-ақ, мониторинг бойынша атқарылатын істер де жалғасын табады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта саны көп, сапасы жоқ ұйымдар көбейіп кетті. Бүгінде олардың белсенділігін арттыру бағытында жұмыстар жалғасуда. Қажетті жағдайда оларды шақырып, әдістемелік тұрғыдан көмек көрсетеміз. Егер жұмыс істемейтін болса, үкіметтік емес ұйымды ресми түрде жабу, оның қызметін тоқтату бағытында жұмыс жүргізуге тырысамыз. Бізге бірінші кезекте санға емес, сапаға жұмыс істеу қажет, - дейді Максим Кравченко.

Ұлттық құндылықтардың ұясы

Аймағымызда қазақ халқының ұлттық және рухани құндылықтарын, салт-дәстүрін, мемлекеттік тілді, әдет-ғұрпын, ұлттық өнерін, этномәдениетін, ұлттық ойындар мен спортын насихаттау мақсатында «JEBE» қоғамдық бірлестігі белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл ұйымның құрылғанына 3 жыл толады. Аз уақыттың ішінде ұлттық дәстүр, рухани құндылық, жастар тәрбиесі мен сананы жаңғырту бағытында бірқатар бастамаларға мұрындық болды. Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алтын бесік – Атамекен» атты республикалық ақындар мүшәйрасын, 3 мемлекет, 10-нан астам қала мен 10 мың адамды қамтыған халықаралық деңгейдегі «Асық Party» акция- сын, оқушылар мен студент жастардың шығармашылығын қолдауға бағытталған «Томағатартар» жобасын, облыстағы қала-аудандарды қамтыған «Ұлағатты ұрпақ - ұлт болашағы» атты жобаларын ерекше атауға болады. Аталмыш бірлестіктің төрағасы Данияр Жұмаділовтің сөзінше, Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығы аясында да бірқатар шара қолға алынған. Бұл ретте «Қағандық» бірлестігімен бірлесіп «Тәуелсіздік – тұғырым» атты челлендж басталған. Бүгінде бұл жоба республика көлемінде кең қолдау табуда. Оның аясында еңбек ұжымдары, жоғары оқу орны мен колледждердің студенттері, мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері топ болып «Мен қазақпын» әнін шырқайды. Челлендж еліміздің Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тауып, республика деңгейінде таратылуда.

Қорыта айтқанда, облысымызда үшінші сектор атанған үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы айтарлықтай дамуда. Бұл орайда, облыс басшылығының қолдауы зор. Елдігіміздің келешегіне қызмет ету - қай саланың болмасын ең басты міндеті.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz