Хаджиевтің қолтаңбасы

Қазақ театрлары сахнасында 100-ден астам спектакль қойған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының иегері, марқұм Жанат Хаджиевтің бір жұмысы екіншісіне ұқсамайды. Сондай дара туындысының бірі - «Әбілмансұр. Сабалақ. Абылай» драмасы. Көзі тірісінде қазақ театрының реформаторы деген баға алған режиссер бұл қойылымды еліміз бойынша екі театрда ғана сахналаған екен. Оның бірі Павлодардың жергілікті мәдениет ордасы болса, екіншісі - Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы театр.

Бүгінгі жас ұрпақтың бойына ерлік пен жігерлілікті, отансүйгіштік сезімін ұялататын тарихи драмада Абылайханның әкесі Уәлидің хан сарайына қалмақтар шабуыл жасап, басып алып, ханның өзімен бірге үрім-бұтағына дейін қырып салады. Алапат қырғын барысында Әбілмансұрдың анасы құндақтағы сәбиін Уәли ханның сол кездегі кеңесшісі әрі адал қызметкері Оразға аманат етіп тапсырады. Көкірегі қарс айырылған ана «Баламды тәрбиелеп өсір, ертең аман болса, қазақтың ханы осы болады» деп егіледі. Осылайша, бала Абылайдың тағдыр үшін тартысы басталады. Қойылым басталысымен-ақ көрерменді елітіп, «арты не болар екен?» деген сауалды өздігімен тудырып қоятын драмадан Жанат Әубәкірұлының қолтаңбасын анық көруге болады.

Туындыны қалың көрерменге ұсынған тұлға өмірден өтсе де, еңбегі бүгінгі таңда сахнада өмір сүруде. Артына өшпестей із қалдырған режиссердің өнер әлеміндегі әріптестері мен алдын көрген шәкірттері ұстаздарын сағынышпен еске алады. Сондай жанның бірі – жергілікті қазақ театрының бас режиссері, Ертіс-Баян еліне ұстазының ұсынысымен келген Әділет Ақанов.

- Жанат аға туралы, ол кісінің спектакль-дерді сахналау кезіндегі еңбегін айтуға бір күннің өзі аздық етеді. Оның қазақ театр өнерін дамыту жолында қосқан үлесі өлшеусіз. Біздің ұстазымыз - әлем сахналарын мойындатқан небір талантты режиссерлермен қатар тұратын дара тұлға. Қазақ режиссурасына үлкен серпіліс әкелген реформатор десем қателеспеймін. Осы ретте үлкен бір мақтанышпен айтып кететін бір жайт, Жанат ағамыз кез келген театрға барып, қойылым қоймаған. Театр болсын, сахналайтын шығармасы болсын, үлкен талғаммен қарайтын ұстазымыздың қолтаңбасы біздің театр сахнасында қалғанына мақтанамыз. Ол кісі сахналаған Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Ш.Мұртазаның «Сталинге хат», М.Әуезовтің «Қарагөз», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қыз Жібек», И.Вовнянконың «Тентек теңізші», т.б. қойылымдары режиссерлік тың шешімдерімен ерекшеленіп, көрермендер мен театр сыншылары тарапынан да аса жоғары бағаға ие болды, - дейді Әділет Ақанов.

Ораз кім?

Бұл қойылымнан тарих беттерінде есімдері сирек аталатын кейіпкерлерді көптеп кездестіруге болады. Соның бірі – атақты ұстаз Ораз бейнесі. Ол - Абылайдың тәрбиесіне араласқан адам. Батырдың өсіп-жетілуіне үлес қосып, шынығып, еңсе тіктеуіне еркеш ықпал еткен.

Ораз аталық өз өмірін қатерге тіге отырып, құндақтағы Әбілмансұрды өсіріп, жасы 12-ге толғанда Түркістанға қайта алып келеді. Ораз аталық - Қанішер Абылай тұсынан бастап осы әулетке қызмет жасаған тұлғалардың бірі. «Аталық» деген сөз сол заманда биік лауазым, мемлекеттік қызметкер дегенді білдіреді екен. Тарқата айтсақ, аталық - хандардың ақылшысы, елшілік қызмет атқарушы, ханзадалардың тәрбиешісі.

Міне, ханның өмірінде алатын орыны ерекше тұлғаның бейнесін ашу әуелде марқұм Бекболат Оқасовтың еншісіне бұйырған еді. Сахнада қырандай қалықтап, кез келген рөлді нақышына келтіре сомдау Бекболаттың қабілетіне сай еді.

2-3 жылдай осы қойылымдағы Ораз болып, бала Абылайын биікке баулығын ақылшы бүгінде арамызда жоқ. Б.Оқасов өмірден озғаннан кейін 1 жылға жуық тоқтап қалған қойылымды Жанат Хаджиевтің көзін көрген шәкірттері сахнаға қайтадан алып келді. Бұл жолы Оразды Бекболаттың сахнадағы егізі Руслан Нығыманов сомдады.

- Өкінішке қарай, тарих беттерінде Ораздың еңбегі көп жерде сөз етіле бермейді. Режиссердің ұтқырлығы да осында болса керек, Абылайдай ұлы тұлғаны аман-есен өсіріп, тектілігіне сай тәрбие берген адамның еңбегін даралап алып шығуы. Осы ретте Жанат ағамыз бен Бекболат марқұмрадың жатқан жерлері жарық болсын дегім келеді. Негізі бұл рөлді әртіс ретінде сомдау әрине, қиындық тудырмайды. Бірақ, Бекболаттың ойнаған образын алып шығу маған ауырға соқты. Бұл рөл Бекболаттан қалған аманат. Сол себепті де бұған үлкен құрметпен қараймын. Қойылған сәтінен бастап, Жанат ағамыз Қалмақ батыры Шарыштың рөлін сеніп тапсырған болатын. Бұл образымды күніге сағынамын. Әлі де ойнағым келеді. Дегенмен, ұжым сенім артқаннан кейін, Ораздың бейнесін алып шығуға тура келді. Жанат ағамыз сахналаған қойылымның біздің театрдың репертуарында болғаны үлкен абырай, - дейді Руслан Нығыманов.

Тарихи деректерге сүйенсек, Ораз аталық жасы жетіп, Көкшетауда, хан ордасы атанған Қызылағаштан 15 шақырым жерде өз ауылында, бала-шағасының алдында көз жұмған. Ертеде ол жер «Оразбұлақ», «Аталықтың ауылы» аталған екен, қазіргі уақытта «Қарабауыр» деп аталады.

Бақташы бала батырың еді...

Ораздай қамқоршысының арқасында Төле бидің қарамағына келіп, жұмысқа жалданған Әбілмансұр түйе бағып күн көретіні тарихтан белгілі. Оның сыртқы сұлбасына, алба-жұлба киіміне қарап, Төле би балаға «Сабалақ» деп ат қояды. Түйенің соңында жүрген жас баланың зеректігі мен батылдығын байқаған дана қарт жалшылықта жүрген жанның тегін адам еместігін сезіп, ерекше ілтипатпен қарай бастайды. Сөйтіп, қазақ хандығының сол кездегі мүшкіл жағдайын Сабалаққа айта отырып, хандық заңдылықтар мен саяси түсініктерге үйретеді. Кезі келгенде, Сабалақ жоңғарлармен қарсы соғысқа аттанады. Осы сапарда жауынгер Әбілмансұр ерлігімен әрі асқан ақылдылығымен көзге түседі. Жас баланы соғыс өнеріне үйреткен - Қанжығалы Бөгенбай батыр. Өйткені, Төле бидің шаңырағына келген батырдың назарын өзіне аударған бақташы баланың сөзіне қарап, оған «Көзің жанып тұр екен» деп астындағы атын сыйлап, соғысқа аттандырады. Міне, бұл Сабалақтың алғашқы шайқасы еді. Ұлытау маңында болған алапат ұрыста Жоңғар қолбасшысы Қалдан Сереннің мұрагері Шарышпен жекпе-жекке шығып, жеңіске қол жеткізеді. Сонда ортаға «Абылайлап» ұрандап шыққан батырды бұқара хан тұқымынан екенін ұғады. Осыдан соң оның есімі халық арасына кең тарайды. Кейін билер мен сұлтандар да оны мойындап, соңынан ереді. Абылай хан билермен ақылдаса келіп, бір орталыққа бағынған Қазақ хандығын құру керек екенін түсінеді. Абылай ханның мойнында екі алып ел - Ресей мен Цинь елінің ортасында тұрған Қазақ хандығын сақтап қалу міндеті тұр еді. Бұған қоса, Жоңғар шапқыншылығы да саябырлай қоймаған. Абылай үшжақты келісім жасау арқылы сыртқы саясатты реттеп, алдымен Жоңғар хандығымен келісімге келеді. Соның нәтижесінде, Тарбағатай мен Іледе айырбас орталығы ашылады. Сөйтіп, 1771 жылы қазақ би-сұлтандары жиылып, Абылайды хан көтереді.

1 сағаттық қойылымда осы тарихи сәттердің барлығы қамтылып, көрерменді XVIII ғасырдағы қазақ өміріне жетелейді. Спектакльді тамашалау барысында бірде күлесің, бірде намысыңды қайрайсың, енді бірде қазақтың тектілігін көріп, марқаясың. Осының бәрін бір қойылымға сыйдырған режиссердің ұтқыр шешімі мен тапқырлығына таңдай қақсаң, бабалар аманатын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, репертуардан түсірмей келе жатқан театр ұжымына алғыс айтасың.

Бұл тарихи драманы жан-жақты ашып көрсеткен, актерлердің құрамы премьерадан бері 4-5 рет өзгерді, Мәселен, ең алғаш бала Әбілмансұр рөлін - Темірлан Нұрмәди сомдаса, қазіргі уақытта Рахат Жұмаханның еншісінде. Ал батырдың жігіт кезін – алғашында Елдос Мәшәлім, кейіннен Ерлан Боранбаев, Нұрсерік Кеңесбаевтар бейнелеген болса, қазір Абзал Жақыпқа бұйырған. Ханым рөлінде Бахаргүл Құрбанова мен ҚР Мәдениет қайраткері Гүлжанат Омарова. Ал Төле биді «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сейітжан Тәжібаев пен ҚР Мәдениет қайраткері Жұмахан Доспаев ойнайды. Бұқарды «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері Бейбіт Шәнім мен Нұржан Сарқамбаев, Бөгенбай батырды Медет Садығазин мен Бек Тоқатов бейнелейді. Ораз рөлінде алғаш марқұм ҚР Тұңғыш Президенті Қорының лауреаты Бекболат Оқасов шықса, қазір Руслан Нығыманов, Ораздың әйелін ҚР Мәдениет қайраткері Қарлығаш Жексембаева мен ҚР Мәдениет қайраткері Ақық Таспаева, күтуші әйелді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Рауза Тәжібаева мен ҚР Мәдениет қайраткері Талжібек Атамбек, саудагер кемпірді Дина Құспан мен Баян Исабекова, ақсақал Кенжеғали Қарымсақов, Айтолқын ҚР Тұңғыш Президенті Қорының лауреаты Айсұлу Балтабаева мен Толқын Әдебиетоваға берілген. Атақты Шарыш рөлінде алғаш ҚР Тұңғыш Президенті қорының лауреаты Руслан Нығманов, кейіннен Алмас Жәлелов ойнаса, бүгінде Ақсұлтан Әнуарбек сомдауда.

Құрметті өнерсүйер қауым, «Әбілмансұр. Сабалақ. Абылай» тарихи драмасын тамашалағыңыз келсе, 16 желтоқсан күні сағат 17.00-де театрға асығыңыз!

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz