Павлодар қаласының аумағында көшеттер отырғызып, ағаш санын көбейту дәстүрге айналған. Биыл да бұл игі іс жалғасын тапты. Мәселен, қазан айында жалпыреспубли-калық экологиялық акция аясында облыс орталығының аумағында барлығы 70 мың көшет отырғызылды. Қарағай көшеттерінің тең жартысы Павлодар мұнай-химия зауыты, қалғаны «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы маңында отырғызылуы жасыл желектің санын арттырып қана қоймай, өзекті болып саналатын экологиялық мәселені шешуге оң әсер берері сөзсіз.

«Қазқонақ» палеонтологиялық ескерткішінің аумағы көріктендіріліп, жолға тас төселіп, осыдан миллиондаған жыл бұрын жерімізді мекен еткен жануарлардың экспонаттары қойылды. Осылайша, қала тұрғындары мен қонақтарының демалуына тағы бір мүмкіндік жасалды.

- Мен осы ауданда тұрамын. Жаз-күз кезінде күнде кешкісін балалар, немерелеріммен бірге жаңа жағалауда серуендеуді әдетке айналдырдық. Балалардың тарихты, географияны тануына, «Қазқонақта» еш алаңсыз ойнауына жағдай жасалды. Осындай көріктендіру жұмысының жүргізіліп, қаламыздың ажарын одан әрі аша түскеніне ризамыз, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Елена Горостовская.

Жалпы, бүгінгі күні павлодарлықтар облыс орталығындағы жасыл желекке оранған 55 нысанда серуендеп, демала алады. Олардың қатарында 5 саябақ, 28 сквер, 22 аллея мен бульвар бар. 2011-2014 жылдары 1 саябақ, 21 сквер мен 15 аллея көріктендірілді. Олардың қаз-қалпында сақталып, қаламызға әр беруіне коммуналдық шаруашылық қызметкерлері ғана емес, сіз бен біз де жауаптымыз.

- Облыс орталығындағы сая- бақтарды санитарлық күтіп-баптау ісімен «Құлағы естімейтіндер қоғамы» айналысады. Аталмыш мекеме мамандары демалыс орындарын таза ұстау үшін бел жазбай еңбек етеді. Өкінішке қарай, олардың еңбегіне немқұрайлы қарап, табиғатқа залал келтіріп, қолындағы қағаз бен бөтелкелерді, басқа да қоқысты лақтыра салатын, орындықтар мен шамдарды сындыратын тұрғындар бар. Жасыл желек жайқалсын десек, бәріміз қоршаған ортаның тазалығы үшін жауапты екенімізді естен шығармауымыз керек, - дейді Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы Арман Құсайынов.

Шынымен, кей тұрғындардың немқұрай-лығының салдарынан табиғатты аялау үшін атқарылған жұмыстар еш кетіп жатады. Бұл ретте облыс орталығындағы саябақ, скверлерді күтіп-ұстауға жыл сайын 80 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалатынын да атап өту керек. Бұл сомаға көгалдандырылған нысандарды жарықтандыру, абаттандыру, суару, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін жөндеу сынды жұмыстар жасалады.

Шаһарды одан әрі көріктендіру алдағы уақытта да жалғасады. 2015-2020 жылдарға арналған тұжырымдамаға сәйкес, бес жыл аралығында 4 саябақ, 7 сквер мен 4 аллеяны, «Қазқонақ» табиғи ескерткішін, Усолка өзенінің жағалауын көріктендіру жоспарланған-ды. Бүгінгі күні межелі істің басым бөлігі аяқталды. Оған тұрғындар куә.

- Тұжырымдаманың басты мақсаты – тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, қоғамдық орындар мен саябақтарды көріктендіру, экологиялық жағдайды жақсарту. Соның аясында жасыл желекті қорымызды ұлғайтып қана қоймай, балаларға арналған ойын алаңдарын, дене шынықтыру үшін спорттық алаңдарды орнату жоспарда бар. Бүгінгі заманның талабына сәйкес, алдымен бірқатар, кейін барлық саябақта wi-fi нүктелерін қоямыз. Осылайша, тұрғындар сквер, аллеяларда ойнап, спортпен шұғылданып, ғаламтор мүмкіндіктерін тегін пайдалана алады, - дейді А.Құсайынов.

Облыс орталығындағы саябақ-тарды дамыту ісі кәсіпкерлерге де тиімді. Себебі жаз кезінде велосипед, ролик, скейтбордтарды, қыста шана, шаңғы, конькилерді жалға беру орындарын ашып, табыс табуға болады. Байқасақ, саябақтар санын көбейту, оларды күтіп-ұстау, бұл бағытта бизнеспен бірігіп әрекет ету бағытында ауқымды іс атқарылып келеді. Ал сол істерді қолдап, табиғатты аялау – өз қолымызда.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz