Еш өкінбейміз!

Нұрман мен Мария Казанбаевтар - Нұр-Сұлтан қаласынан кеншілер шаһарына үшінші лекпен қоныс аударған отбасылар- дың бірі. Жайлы пәтерге жайғасқан отбасы енді еңбекке араласып, біраз жыл араласқан істерін Екібастұзда өркендетуді көздеп отыр.

- Осыдан 17 жыл бұрын Арқалық қаласында аяқ киім жөндейтін шеберхана- ға жұмысқа орналастым. Сол өңірдің тумасымын. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аудардым. Мұнда да аяқ киім жөн- дейтін жерде еңбек еттім. Кейін Елордада өмірлік серігімді жолықтырдым. Дүниеге балаларымыз келді. 12 жыл бойы пәтер жалдадық. «Nurly Ertis» бағдарламасы бас- талғанын естіп, Екібастұзға қоныс аудару- ды шештік, - дейді Мария.

Талай отбасының жайлы баспаналы болуына себепші болған «Nurly Ertis» бағдарламасы жайында елордалықтар әртүрлі ақпарат көздерінен біліп, шешім қабылдап жатады. Ал Мария Леонидовна етікші танысынан естіп, елең етіпті.

- Әріптес танысым Елорданың тұрғын үй қоры мекемесінің жанында етік тігеді. Бір күні сол мекеменің бухгалтері аяқ киімін жөндетуге әкелген екен. Соңғы кездері ғимарат қасында үлкен автобустарды танысым жиі көрген көрінеді. Соның себебін есепшіден сұрап, біліпті. Ол автобустар Екібастұзға қоныс аударуға ниетті көпбалалы отбасыларды көшіріп алатынын айтыпты. Ақпаратты ести сала маған хабарласып, тиімді бағдарлама екенін жеткізді, - дейді М.Казанбаева.

Осылайша, өңірімізге көшіп келген көпбалалы отбасы бүгінде үш бөлмелі пәтерде жайлы өмір кешуде.

- Тұңғышымыз - 14, кішісі - 1,5 жаста. Үлкендері мектепке, кішілері балабақшаға барып жүр. Пәтеріміз кең. Келгенімізге еш өкінбейміз. Енді жанымызға жақын іспен мықтап айналысуға кірісіп кеттік, - дейді Мария.

Демеу дегеніне жеткізеді

Істі дөңгелетіп әкету үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалануды жөн көрген. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бір бағыты «Бастау» жобасы аясында оқу курсынан өткен. Бизнес жүргізудің қыр-сырын отағасы Нұрман Маратұлы екеуі қатар меңгеріпті. Мария курстан кейін көпбалалы ана ретінде 505 мың теңге көлемінде грантқа ие болған. Енді жолдасы да грант алатын күнді күтіп жүр. Оған дейін қол қусырып отырмас үшін екібастұздық кәсіпорындардың біріне жұмысқа орналасқан.

- Жалпы, теріден аяқ киім тігуге біртіндеп келдім. Нұр-Сұлтан қаласында аяқ киім жөндеп жүріп, тігуге ойыстым. Би ұжымдарына аяқ киім тігуді қолға алдым. Жаңадан ашылған «Samhat» аяқ киім фабрикасына жұмысқа орналастым. Одан кейін шағын цехымызды аштық, - дейді аяқ киім тігуді бастаған алғашқы сәттерін еске алған кәсіпкер.

Осылайша, көпбалалы ана аяқ киім өндірісіне келіпті. Дегенмен, тапқанына Елордадан баспаналы болу мүмкін болмапты. Жылдар бойы пәтер жалдап күн кешкен отбасы Екібастұзда жайлы баспанаға ие болып, енді алаңсыз бизнес әлеміне аяқ баспақ.

- Мемлекеттен тағы бір қолдау көріп отырмыз. Екібастұз қаласы билігі бізге жуырда ашылатын шағын индустриялық аймақтан орын берді. Бұл ғимараттағы орын - тегін. Тек коммуналдық шығындарды ғана өтейміз. Мұндай мүмкіндік - бізге айтарлықтай үлкен демеу. Айтпақшы, мемлекет берген грантқа бір машинка және аяқ киім тігуге қажетті қалыптар сатып алдым. Жалпы, бұрыннан жолдасымызбен жиған-терген кішігірім жабдықтарымыз да бар. Міне, соларды қолданып, цех жұмысын бастаймыз, - дейді Мария Леонидовна.

Шебер отбасы тұрғындарға қолжетімді аяқ киімдер тікпек ниетте. Ол үшін кеншілер шаһарындағы сауда үйлерінің бірінде өнімдерін көпшілікке ұсынатын бутик ашуды да көздеп отыр.

- Аяқ киімнің кез келгенін тіге аламыз. Тапсырыс та қабылдай аламыз. Елордада жүргенде ірі өнер ұжымдарына сахналық аяқ киімдер тіктік. Қазір де осындай тапсырысты орындап жатқан жайым бар. Цех ашылғаннан кейін іс тіптен ілгері басады деп ойлаймын. Өйткені, қазір машинканың дауысы көршілеріме қолайсыздық тудыратыны рас. Өзім содан ыңғайсызданамын, - дейді кәсіпкер әйел.

Спорттық бағыт

Кәсіпкер отбасы аяқ киім өндірісіне қажетті шикізатты Шымкент пен Ресейден алады екен.

- Шымкенттің терісін аламыз. Бұрын Семейден де алып тұратынбыз. Өкінішке қарай, семейлік тері өңдеу зауыты жабы- лып қалды. Тараз қаласында да тері өңделеді. Ал аяқ киімнің табанын Ресейден тап-сырыспен аламыз. Клиенттің қалауын ескереміз. Кейде түркиялық теріні де қолданамыз. Негізі, шымкенттік терінің сапасы да жыл санап артып келеді, - дейді Мария Казанбаева.

Жолдасы да курстан өткенін айттық. Ол грантқа ие болғаннан кейін спорттық керек-жарақтар тігуге кіріспек.

- Негізі, алдағы уақытта спорттық бағытқа толық ойыссақ деген ойымыз бар. Жолдасым жекпе-жек спортына қажетті керек-жарақтарды тікпек. Өйткені, мұндай заттар елімізде еш жерде шығарылмайды. Ал бүгінгі ұрпақ спортқа бейім. Оларды отандық тауарлармен қамтуға үлес қосқымыз келеді. Оған қоса, қазіргі таңда балаларға арналған ойын алаңдарында қолданылатын жұмсақ құрастырма ойыншықтарды да тікпек ниеттеміз. Спорттық аяқ киімдерді де тігеміз. Жоспар-жобамыз жеткілікті. Әзірше, біраз қор жинап алу үшін барлық бағытта жұмыс істейміз, - дейді шебер.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz