Өткен сенбі күні Мырзашоқы тауының баурайына қысқы серуенді, спортты сүйетін көпшілік жиналып, биылғы маусымның салтанатты түрде ашылу сәтінің куәсі болды. Баянауылда қысы-жазы қызық мол екенін атап өткен аудан әкімі Қанат Кәрімов мұндай мүмкіндікке облыс басшылығының жан-жақты қолдауының арқасында қол жеткізіп отырмыз, деді.

- Баянауыл еліміздің курорттық аймақтарының ондығына енгені белгілі. Облыс әкімі Болат Бақауов өлкемізде туризмді дамытуға көп көңіл бөлуде. Халық тау шаңғысы кешенінің ашылуын асыға күтті. Туризмді дамыту үшін алдымен ауданымызда жол құрылысы қарқынды жүргізілгені белгілі. Бүгінде Павлодардан Баянауылға, ары қарай Қарағандымен байланыстыратын тас жол толық жөнделді. Бұл меймандарға айтарлықтай жайлылық тудырып отыр. Мырзашоқыға апаратын 1,4 шақырым жол келесі жылы жөнделмек. Қазіргі таңда демалыс үйлері қысқы мерзімге біртіндеп көшуде. Қазірдің өзінде 4 демалыс үйі тауға шығып, шаңғы тебуге алыстан келетін ағайынды қарсы алуға әзір, - деді аудан әкімі Қ.Кәрімов.

Енді баянауылдықтар Мырзашоқы маңында демалыс үйлерін салатын инвесторлар күтуде. Яғни, апталап тау қызығын көруге асық ағайынға жақыннан жайлы орын керек-ақ. Биыл облыс басшылығы жолдарды қардан тазалайтын екі ауыр көлік берген. Кәсіби шаңғышыларға 1200, 1000, 800 метрлік шаңғы жолдары қарастырылған. Ал шаңғы тебуді енді үйреніп жүргендерге жеке жол тағы бар. Мұнда бугельдік көтергіш те орнатылыпты. Шаңғы, сноубордтар жалға беріледі. Сонымен қатар, су құбырының құрылысы да маңызды. Облыстық туризмді және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашевтің айтуынша, су келесі жылы тартылады.

- Тау шаңғысы кешені басқарушы компания иелігіне өткізілді. Былтырдан қарағанда биылғы маусымда жайлылық жасалды. Тау етегінде және шыңында тамақтанатын, жылынатын орындар салынды. Дәретханалар да қарастырылды. Кіреберіс жолға қиыршықтас төселді, келесі жылы асфальтталады. Сенімді басқаруға алған компания іргедегі ауыл Қаражар тұрғындарынан қызметкерлер штатын құрды. Мұндағы арқан жолы күніне 1500 адамды арлы-берлі тасуға қауқарлы. Келесі жылы су құбыры тартылса, табиғаттан тәуелділіктен арыламыз. Яғни, жасанды қар жасау мүмкін болады, дейді М.Айдашев.

Кешен аптасына алты күн таңғы 10.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Тек дүйсенбі күні демалады. Тау шаңғысы кешенінің ашылуы Қаражар ауылына айтарлықтай пайдасын беріп отыр. Жұмыс орындары ашылды.

- Қаражарда елу жыл тұрамын. Тау шаңғысы кешені ашылғаннан бері ауылымызға жастар қайта оралып жатыр. Қалаға көшіп кеткен немерем келіп, жұмысқа кірді. Жолдасымыз екеуіміз ғана қалып едік, немерелерім келіп, қолымыз ұзарып жатыр. Осындай мүмкіндік жасаған барша азаматтарға алғыс айтамын, - дейді Ұмсынай Байгилова.

Қаражарлық Есен Жүсіпбаев бүгінде шаңғы кешеніне орай отбасылық кәсібін өркендетуде. Яғни, жары, балалары турис-терге Мырзашоқы, Қаражар жазулары бар естелік заттар жасауда. Ауылдың балалары аттарын әкеліп, тынығушыларға қызметтерін ұсынды.

Қысқы туризмнің ашылуына Павлодар қаласынан екі автобуспен тұрғындар арнайы барып, қызықтап қайтты. Солардың бірі - Екатерина Звягинцева.

- Әлеуметтік желіден Баянауылда қысқы туристік маусым ашылатынын біліп, бірден баруға бел будым. Бұған дейін Мырзашоқы жайында сұрастырып жүрдім. Биыл қар да жақсы жауғанын естіп, тау басынан шаңғымен сырғуға асықтым. Арқанды жолмен тау басынан жетіп, төмен шаңғымен түстім. Тау биіктігі, шаңғы жолдары көңілімнен шықты. Әлі де қар қалың жауса, тіпті жақсы болар еді. Жылынатын, тамақтанатын орындары да көңілімнен шықты. Енді үйлер салынғанын күтеміз. Жалпы, таудың таза ауасымен тыныстап, тынығып қайтуға құмар жандардың сүйікті орнына айналатынына сенемін, - дейді Е.Звягинцева.

Қысқы туризмнің ашылуы сән- салтанатымен аталды. Құмай тазылардың көрмесі, қардан жасалған мүсіндер байқауы ұйымдастырылды. Көпшілік арбаға жегілген иттердің жарысын да тамашалады. Жеңімпаздар ақшалай және бағалы сыйлықтарға ие болды. Тау бөктерінде ән де әуеледі. Бой жылытып, көпшілік би де биледі.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz