Сенбі күні облыс әкімі Болат Бақауов «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына барып, жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Таяуда қоспалы алюминийден дискілер шығаратын «Вектор-Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Азия Авто» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасады. Соған сәйкес, павлодарлық кәсіпорын отандық көлік жинау зауытын тұрақты түрде дискілермен қамтитын болды. Ендігі ретте «СарыарқаАвтоПром» автомобиль құрастыру зауытымен де байланыс орнату тетіктері қарастырылуда. Сонымен қатар, «Вектор-Павлодар» екі бірдей жаңа жобаны қолға алды. Алғашқысы – дискілерді бояу, екіншісі – экскаваторға қажет тістерді шығару. Кәсіпорындарды іске қосу бойынша жұмыстар белгіленген мерзімнен бұрын атқарылуда. Демек, келесі жылдың ортасында «Павлодарда» тағы екі зауыт өз жұмысын бастайды. Осы орайда облыс әкімі Болат Бақауов дискілер шығаратын зауыттың әлеуметтік жауапкершілігін ерекше атап өтті.

- «Вектор-Павлодар» кәсіпорны эконо-миканың ғана емес, әлеуметтік саланың да дамуына үлес қосып келеді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі 18 адамға тұрақты жұмыс орны ашылған. Тұрғындардың қабілеттерінің артып, ел қатарлы еңбек етуіне жағдай жасаған зауыт басшылығының ісі - қуантарлық жағдай, - деді Б.Бақауов.

Аймақ басшысы ат басын бұрған нысандардың бірі - «Северхим» ЖШС. Аталмыш кәсіпорын жылу мен асфальт-бетонды салаға қажет қоспалар өндірісін келер жылдың қаңтар айында іске қоспақ. Серіктестік басшысы Нариман Ахметжановтың айтуынша, жобаның жалпы құны - 1 млрд. 350 млн. теңге. Бұл соманың барлығы – жеке инвестиция. Ал арнайы аймақтағы тағы бір кәсіпорын - «Аскор» ЖШС өз өндірісін мемлекеттің қаржылай қолдауы арқылы жүзеге асыруда.

- Өткен жылдың соңында мемлекеттік грантқа ие болдық. Қайтарымсыз қаржы жұмысымызды айтарлықтай ілгерілетті. Бүгінде өндіріс орнының қазығы қағылды. Жоспар бойынша, келесі жылы орталықтандырылған жүйелер арқылы берілетін суды тазартуға арналған химиялық реагент шығарыла бастайды. Елімізде осы іспетті зауыт жоқ, - дейді «Аскор» ЖШС атқарушы директоры Татьяна Бушина.

Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы осы және өзге де бірқатар жобаның барысымен танысқан соң арнайы жиын өткізді. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы Әлібек Несіпбеков биылғы жұмыс нәтижесі былтырғыдан жоғары екенін атап өтті.

- 2019 жылы жалпы өндіріс көлемі 43,4 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есеге көп. Ал сыртқа экспортталған өнім көлемі 1,3 есеге артып, 16 млрд. теңгеге жетті. Осы жылы қазынаға түскен салық көлемі де көбейді. Атап айтқанда, 2,2 млрд. теңге түсті, - деді Ә.Несіпбеков.

Бұл ретте Әлібек Ермұханұлы инфра-құрылымға қатысты күрмеулі мәселенің барын бүгіп қалмады. Қазіргі техникалық-экономикалық негіздеме арнайы аймақтың барлығын қажетті инфрақұрылыммен қамти алмайды. Сондықтан негіздемеге өзге-рістер енгізу үшін шамамен 20 млн. теңге қаржы қажет.

Жиын барысында инвесторлар да көкейде жүрген мәселелерін ортаға салды. Мәселен, бүгінде «ЕртісНефтеСервис» компаниясының жұмысы тұралап тұр. Кәсіпорын басшысы Амангелді Шәріпов мұны былай түсіндірді:

- Біз дизельді отынды К-4, К-5 деңгейіне жеткізетін қоспалар дайындап, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарына сатуды жоспар-лаған болатынбыз. Бұл ойды іске асыру үшін 467 млн. теңге инвестиция қарастырдық. Осы уақытқа дейін бұл соманың 30 пайызын жұмсап, құрылыстың 30 пайызын аяқтадық. Алайда тамызда Қазақстан нарығына дәл осындай өнім дайындайтын өзге компания енді. Қазіргі уақытта біз олармен бәсекелес бола алмаймыз. Сол себепті өндіріс бағытын өзгерту тетіктерін қарастыруды жөн деп шештік.

Ал «RTF-PVL» компаниясының басшысы Виталий Шаров «KSP Steel» зауыты олардың өнімдерінен бас тартып отырғанын айтты. Бұл өндіріске кері әсерін тигізіп отырғанға ұқсайды. Өз кезегінде «KSP Steel» кәсіпорны- ның өкілдері ресейлік өнімдердің бағасы павлодарлықтан анағұрлым арзан екенін алға тартты. Кейін әріптестік мәселелерін талқылаған қос тарап ортақ мәмілеге келді. «KSP Steel» «RTF-PVL» зауытынан 200 тонна жартылай кокс алатын болды. Егер сапасы көңілден шықса, серіктестік одан әрі жалғасады.

Кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселелерді назарға алып, «Павлодардың» келесі жылға жоспарланған жұмысымен танысқан аймақ басшысы жетілдіретін тұстың жетерлік екенін айтты.

- Алдағы уақытқа жоспарланған сегіз жобаның екеуі ғана дайын. Басқаларының құжаттар түгілі бизнес-жоспары жоқ. Инвес-торлармен кездесуде сөз жүзінде ғана айтылған ойларды іске асатын жобалар тізіміне қосуды қою қажет. Бізге жобалар санының көптігі емес, нақты нәтижесі керек. Қорыта айтқанда, биылғы жұмыс көңіл көншітпейді, келесі жылғы жоспар дұрыс түзілмеген, - деп түйіндеді Б.Бақауов.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz