Ерекше музейді ашу идеясы осыдан екі жыл бұрын, «Рухани жаңғыру» бағдарла-масы қолға алынған уақытта пайда болған. Билік өкілдеріне ERG компаниясы демеу-шілік көрсетуге әзір екенін жеткізіп, 300 миллион теңгені есепшотқа аударыпты. Тағы 300 миллион теңге облыстық бюджеттен бөлінген.

Жаңа музейдің салтанатты ашылуына облыс әкімі Болат Бақауов қатысып, игі іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

- Павлодар облысында музей соңғы рет 1992 жылы ашылған екен. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Цифрлық Қазақстан» бағдарламалары шеңберінде бірегей жоба жүзеге асып отыр. Ертіс өзенінің жағалауында бой көтерген музей тарихи-мәдени құндылықтарымызды дәріптеуге оң әсерін тигізеді деген сенімдемін, - деді аймақ басшысы.

Музей директоры Гүлнар Нұрахметованың айтуынша, мұндағы археологиялық экспонат-тардың көбі шынайы. Әсіресе, көне замандағы бизон мен бұғының қаңқасы келушілердің қызығушылығын оятты. Мұз дәуірінде өмір сүрген мамонттың көшірмесі де көптің көңілінен шығуда.

- Музейдің тұжырымдамасын құруға 2 жыл уақыт жұмсалды. Тарихымызды заманауи үлгіде паш ету үшін әлемнің ірі тарихи-жаратылыстану музейлерінің үлгісін пайдаландық. Ресейге арнайы барып, ондағы жаңашылдықтармен таныстық. Ғалымдармен ақылдастық. Сөйтіп, «Лучеза» ЖШС-і жобасын жасап, «Связьдеталь» серіктестігі құрылыс жұмыстарымен айналысты. Нысанның жалпы аумағы – 2400 шаршы метр. Мұнда екі қабатты қамтитын 9 экспозициялық зал бар. Реставрациялық зертхана, «Gloss Vision» виртуалды киім өлшеу алаңы да қарастырылған. 300-ден аса экспонат сақтаулы. Бір уақытта 600 адам жәдігерлерді тамашалай алады. Оларға 30-дан аса музей жұмыскерлері қызмет көрсетуге әзір, - дейді Г.Нұрахметова.

Музейдің мультимедиялық деп аталуы тегін емес. Мұнда real-book кітабы, ақпараттық touch-панелі және заманауи инсталляциялар қарастырылған. Яғни, керек ақпаратыңызды үлкен экраннан тамашалауға мүмкіндік бар.

Музейде археологиялық жәдігерлерден бөлек, даңқты жерлестеріміздің өмірбаяны мен еңбектері, қолданған заттары, Ертіс-Баян өңірінің флорасы мен фаунасының эволюциясы, «Қазқонақ» табиғи ескерткішін мекен еткен құстардың жасанды түрі қамтылған.

Музей облыс орталығындағы Есенәлиев көшесі, 2 мекенжайында орналасқан. Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде тіркелді. Келушілер аптаның сейсенбі-жексенбі күндері сағат 9.00-ден 18-30-ға дейін музейдегі жаңашылдықтармен таныса алады.

Дүйсенбі – демалыс.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz