Жас жеткіншектерге арналған жаңа жылдық шырша мерекесіне 9-13 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Олардың қатарында ата-ана қамқорлығынан айырылған, аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан балалар және әртүрлі білім сайыстары мен олимпиада жеңімпаздары бар.

- Құрметті жас достар, сендерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Бүгінгі көңілді шараға облысымыздағы ең талантты әрі білімді оқушылар шақырылып отыр. Осы беттеріңнен таймай, ата-аналарыңды қуанта беріңдер. Өтіп бара жатқан жыл барлығымыз үшін өте табысты болды. Алдағы жылы бізді үлкен жаңалықтар күтіп тұр. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл, ұлы ғұлама Әбу-Насыр Әл-Фарабиге 1150 жыл толмақ, - деді Болат Жұмабекұлы.

М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының жас өнерпаздары мен Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының әртістері оқушыларға арналған театрландырылған қойылым қойды. «Алтын адам», «Самұрық құс», «Шойынқұлақ», «Бапы хан» секілді ертегі кейіпкерлері ортаға шығып, балалардың көңілін көтерді. Сонымен қатар, жас әншілер жаңа жыл туралы ән шырқаса, бишілер әр жанрда би өнерін көрсетті. Шара соңында балалардың әрқайсысына ноутбук, логикалық үстел ойыны және тәттілер салынған жаңа жылдық сыйлықтар берілді.

- Мен Ақсу қаласының №1 мектебінде оқимын. Барлық сабақтан тек жақсы бағалар алып жүрмін. Үйде төрт ағам және бір бауырым бар. Мұндай үлкен жаңа жылдық концертке алғаш келуім. Мереке көңілді өтіп жатыр. Алда келе жатқан тышқан жылында баршаға жақсылықтар тілеймін, мереке құтты болсын! - деді 4-сынып оқушысы Ислам Бейсенов.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz