Игеру үшін емес...

Мәселен, облыс әкімінің орынбасары Әлия Арынова экономикалық даму көрсеткіштеріне кеңінен тоқталды. Әрбір индикатордың орындалуын атады. Өнеркәсіптің нақты көлем индексі 103,3 пайызға жоспарланғанымен, 101,6 пайызға орындалыпты. Оған биыл электр өндірісінің, мұнай өңдеу көлемінің кемуі және «Қазақстан вагон жасау комбинатының» тұралап қалуы себеп болған. Ауыл шаруашылығы бойынша жоспар 103,9 пайыз болса, қазіргі таңда 102 пайыз орындалған. Құрылыс көлемі 5,6 пайызға артқан. Инвестиция тарту жоспары да тиісті көлемде болады деп күтілуде. Жиында аудан-қалаларда индустриялық аймақтар құру жұмысы еш орындалмағанын облыс әкімі сынға алды. Екібастұз қаласының әкімі Е.Иманзайыпов алғашқы шағын индустриялық аймақты алдағы жылдың ақпан айында ашу мүмкін болатынын мәлімдеді. Б.Бақауов сол сәтте көшпелі отырыс ұйымдастырып, бұл бағытты ширатып алуымыз керек, деді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша әу баста 600 жобаны іске асыру жоспарланған. Алайда оның 8,5 пайызы жүзеге асқан. Кейбір аудандарда бірде-бір инвестициялық жобаның қолға алынбағаны айтылды. Мәселен, мұндай жағдай Успен ауданында тіркелген. Облыс басшысы бюджетке ауыз ашып отырудан аулақ болатын уақыттың келгенін тілге тиек етті. Баяндамашы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің жоспары кейбір аудан-қалада орындалмағанын алға тартты. Мысалы, Ақсуда жоспар 3145 болса, іс жүзінде 2800-і жұмыс жасауда. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының шектік бағадан 15 пайызға артқан кездері кейбір аудандарда тіркелген. Облыс әкімі тұрақтандыру қорына өзге өңірлермен өзімізде өндірілетін өнімдерді айырбастау арқылы да келісімге келуге болатынын еске салды. Қаржы да бөлініп тұрғанына қарамастан нәтижелі іс атқармаған құзырлы органдардың жұмысын сынға алды.

Жыл соңына дейін бюджеттің 250 млн. теңге шамасында қаржысы игерілмеу қаупі бар. Оған бірқатар елді мекенде су құбырлары, инженерлік желілер құрылысының аяқталмауы себеп. Мәселен, Екібастұздың Ақкөл ауылындағы су құбырына қатысты сот процесі жүруде.

- Бірде-бір нысанның актісі қаржыны игеру үшін қабылданбауы қажет. Мердігермен сот өтсе де, сапалы түрде жоба соңына жеткізілуі тиіс. Айта кетерлігі, 200 млрд. теңгеден астам бюджеттің 300 млн. теңгеге жуық игерілмеуі айтарлықтай көп емес. Әлі де осы қарқыннан қалмауымыз қажет. Сонымен қатар, бағдарламалардың әкімшілері, аудан-қала әкімдері бюджет қаржысының игерілуін ай, тоқсан, жыл соңында ғана еске алмай, жүйелі түрде қадағалап отырса, тіпті жағдай оңалады, - деді облыс әкімі.

400 мыңға көтерілді

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек құрылыстың қарқынына тоқталды. Биыл 307 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Жоспар орындалды. Дегенмен, өзге өңірлермен салыстырғанда әлі де шаршы метр көлемі артуы тиіс. Сондықтан, облыс басшылығы келесі жылға 400 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызуды межелеп отыр. Осы ретте, облыс әкімі үйлерді жылумен қамту жағы қалыс қалмауы қажет, деді. Құрылыстың қазіргі қарқынымен бірнеше жылда жылу тапшылығы орын алады. Ал оның салқыны инвестиция тартуға да тиеді, деді. Сондықтан Қарағандыдан бері газ құбырын тарту мәселесі де қаралмақ. Бұл жаңашылдық экологияның жақсаруына елеулі үлес қосары анық. Облыс әкімі Екібастұздағы ГРЭС-2 станциясының 3-ші энергоблогы, Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегі, аймақты газдандыру сынды ірі жобалардың бес жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Коммуналдық қызмет тарифтері де сөз болды. Ұ.Жазылбек бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғаларға жылу тарифін 19 пайызға, ал тұрғындарға 10 пайызға өсіру болжанып отырғанын айтты. Ол орташа есеппен 563 теңгені құрамақ. Түскен қаржы жаңғырту бойынша инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталады. Аймақ басшысы қазіргі жағдаймен тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, желілерді жаңғырту мүмкін еместігін атап өтті. Мәселен, Павлодарда суға белгіленген тариф еліміз бойынша ең төмен. Қоғамдық тыңдауларда тұрғындарға түсіндіру қажет, деді. Лифтілерді ауыстыру жұмысын тұрғындардың өздері жұмыла көтеруі керек. Белгілі бір күні қолданыс мерзімі аяқталған лифтілерді жаппай тоқтату арқылы тұрғындарға оларды ауыстырудың маңыздылығын ұғындыру ұсынылды.

Кезекте - кіреберіс жолдар

Келесі жылы ауылдық елді мекендердің кіреберіс жолдарын ретке келтіруге басымдық берілмек. Осы орайда облыс әкімі жобалардың құнын ойға қонымсыз етуден аулақ болуға шақырды. Биыл жақсы әрі қанағаттанарлық жағдайдағы жол үлесі 82 пайыздан асқан. Келесі жылы 85 пайызға жетпек. Салынған жолдарды сақтау үшін ауыр жүк көліктерімен күрес жалғаспақ. Бастапқыда қарсылық танытқанымен жүк көлік иелері талапты орындап, заңға бағынуға бейімделіп келеді, деді облыс әкімі. Айта кету керек, аймағымыздың бұл тәжірибесіне өзге өңірлер қызығушылық танытуда.

Арыстан Қабыкенов аймақтың инвести-циялық ахуалын айтты. Инвесторлармен кездесу, келісу нәтижесінде 50 инвестициялық жоба тізімге алынған. Олардың 12-сі жүзеге асырылуда. Айтуынша, кейбір жобаларды қолға алуға жылу тапшылығы кедергі келтіруде. Жалпы, биыл инвестиция көлемі 460 млрд. теңгені құраған. Былтырғыдан 11,8 пайызға артық.

Салалар ішінде оның елу пайызы - өнеркәсіпке тиесілі, 15 пайызы – ауыл шаруа-шылығына. Инвестицияның 80 пайызы – жеке инвестиция, қалғаны - бюджеттік. Келесі жылға меже – 504 млрд. теңге. Аймақ басшысы аудан-қалалар әкімдерінің жұмысын бағалауда жеке инвестиция тарту көрсеткішіне баса мән берілетінін айтты.

Облыс әкімі ірі жобалар бір жылда іске аспайтынын ескеру керек, деді. Қаншама жыл айтылып жүрген, көпшілік арман санаған Баянауылдағы тау шаңғысы базасының қолданысқа берілуі - соның дәлелі. Енді әкімдікке берілген Павлодар әуежайын шығынға батырмай, нәтижелі кәсіпорынға айналдыру ойластырылуда. Тіпті, лизингке ұшақ алып, әуе қатынасын дамыту мүмкіндігі қаралады.

Кәсіпкерлік бойынша үздіктер қатарын-дамыз. Дегенмен, облыс әкімі тіркелгенімен жұмыс істемейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің әлі де аз еместігін атады. Жұмыс істеп жатқандарының 40 пайызы нөлдік есеп тапсыруын аймақ басшысы көлеңкелі экономиканың белгісіне балады. Сондықтан, бақылауға алуды тапсырды. «Павлодар» арнайы экономикалық айма-ғының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Жұмысын күшейтуді жүктеді.

Егінмен ғана шектелмейді

Агроөнеркәсіпте биыл жалпы өнім көлемі кеміген. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов оны биылғы ауа райының құрғақшылығымен байланыстырды. Енді егін шаруашылығымен ғана айналысатындарға қатысты заңнамалық түрде қатаң шаралар қолданылмақ. Мұндай қадам министрлік деңгейінде жасалмақ. Яғни, егін егумен айналысатын шаруашылықтар мал өсіруге де ден қою керек. Мұндай шаруа қожалықтары анықталып, төрт түлікті түлету міндеттелмек. Аймағымызға жылына 16 мың бас ірі қара алу белгіленген. Осы ретте, жайылымдық жерлерді анықтап, мал өсіруге ниеттілерге беру жайы мықтап қолға алынады. Облыс әкімі алқаптарды мал азығын өсіруге бағыттау керектігін атап өтті.

Мал шаруашылығына бет бұрғандарға мемлекеттің де қолдауы артуы мүмкін. Аймақ басшысының айтуынша, құзырлы министрлікте өткен жиында сатып алынатын әр мал бас құнының елу пайызын субсидиялау мәселесі айтылған. Аймағымызда ветеринарлық қызметке оң бағасын берген облыс әкімі мал өсіруге қолайлы жағдай барын атады. Алдағы жылдары егін шаруашылығында суармалы алқап көлемін арттыруға көп көңіл бөлінеді. Облыс әкімі биыл ауыл шаруашылығында бірде-бір өңдеуші кәсіпорын іске қосыл-мағанын сынады. Құзырлы басқармаға осы бағытта нақты іс-шаралар жоспарын түзуді тапсырды.

Кері байланыс керек

Әлеуметтік саланың мән-жайын облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов баяндады. Жетістіктерден бөлек, түйінді тұстар сөз етілді. Баяндаманы тыңдаған аймақ басшысы денсаулық сақтау ұйымдары асханаларында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеп жатқан фирманың қызмет сапасына шағым көп түскенін айтып, жағдайды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Өңірлік «Жас шебер» бағдарламасы бойынша 1017 жасқа қайтарымсыз қаржы берілген. Облыс әкімі жастар алған қаржының желге ұшпай, бизнес негізіне айналуы тиіс, деді. Сондай-ақ, бір азаматты бірнеше рет оқытуды доғарып, тиімділікті арттыруды ескертті. Үш жылда әр ауылдан кем дегенде 15 жас кәсіпкер шығару көзделіп отыр.

Болат Жұмабекұлы биыл әлеуметтік тұрғыдан өте күрделі жыл болғанын атады. Дегенмен, аймағымызда жан-жақты жұмыстың нәтижесінде бәрі реттелді, деді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыруға мән беріледі. Аймақ басшысы барлық құзырлы органдарға халықпен кері байланыстың маңыздылығын еске салды. Әлеуметтік желілерді, қоғамдық қабылдауды қолданып, тұрғындардың мәселесін, өтініш-тілегін бетпе-бет жүздесіп, тыңдауға шақырды. Бұл жұмыстар пиар үшін емес, нақты шешім табуға бағытталуы тиіс, деді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz