Қазақ эстрадасының майталмандары - «МузАрт» тобының орындауындағы тамаша ән аз уақытта көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Естеріңізге салсақ, осыдан екі жыл бұрын өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған «Ұлы дала» фестивалінде әннің тұсауы кесілген болатын. Кейін әнге бейнебаянды түсіру идеясы туындапты. Аймағымыздағы мәдениет саласына жауапты басшылар бірден іске кірісіп, Павлодар облысы туралы алғашқы кәсіби бейнебаянды түсіру жұмыстары қолға алынған. Мәтін авторы – жергілікті айтыскер ақын Асығат Тұрғанбек.

- Павлодар өңірі жайлы жастар талғамына сай сөзі мағыналы, әуені көңілге қонымды бір ән болса деген ой көкейде жүр еді. «Ұлы дала» фестивалінің режиссері Алтынбек Рахметов пен өңіріміздегі мәдениет саласының басшылары қолқа салып, мәтін жазып беруімді сұрады. Музыкасы дайын екен. Өнерсүйер қауымның әнді жылы қабылдағанына қарағанда еңбегіміз еш кетпеген сияқты, - дейді А.Тұрғанбек.

Музыка авторы – елімізге танымал композитор Ұлықпан Жолдасов. Әннің павлодарлықтардың «гимні» ретінде таралып жатқанын атап өткен жөн. «YouTube» сайтындағы бейнебаянның қаралымы күн санап артып, оң пікірлер жазылуда.

Бейнебаянда Баянауыл ауданындағы Ақбет, Торайғыр таулары, Сәкен шыңы, Жасыбай көлі, Найзатас, Кемпіртас және тағы басқа да әсем табиғат көзге түседі. Сондай-ақ Шарбақты ауданында орналасқан Маралды көлінің сәулелі көрінісі, Ақсу мен Павлодар қалаларын жалғап тұрған «Нұрлы жол» көпірі де көрініс тапқан.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ


 «Ертіс-Баян»

Сөзі: А.Тұрғанбектікі

Әні: Ұ.Жолдасовтікі

Орындайтын: «МузАрт» триосы

Ғажап далам, бақ далам,

Саңлақтарын баптаған,

Сенен артқан асыл өлке жоқ маған.

Туған елім, тұлғалы елім байрақты,

Төскейіңде түлеген,

Көктеуіңді тілеген

Ұлы дала ұландары айбатты.

Қайырмасы:

Ұлы далам бабалар басқан мекен,

Ертіс-Баян - тарихи дастан мекен.

Аймалаған ай нұрын,

Маралды көл - байлығым,

Байтақ өлкем, жарқырап нұрлана бер.

Ғұламалар, ғалымдар,

Алашқа әйгі дарындар,

Бұл далада сақтан қалған сарын бар.

Аңыз далам ғасырлармен сырласқан,

Көсемдер мен батырлар,

Шешендер мен ақындар

Топырағыңда тербетілген марғасқам.

saryarka-samaly.kz